• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Шілде, 2023

Ел экономикасы 5 пайызға өсті

314 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кезек­ті Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-маусым айлары ара­лығындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен рес­пуб­ликалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров І жартыжылдықтың қоры­тындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 5%-ды құрағанын баяндады. Негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың өсу қар­қыны 13%-ға жеткен. Олардың ағы­ны көлік пен қоймалауда – 57%-ға, сауда-саттықта – 32,%-ға, ауыл шаруа­шы­лығында – 22%-ға, білім саласында – 21,5%-ға, сондай-ақ өнеркәсіпте – 10,9%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 11,4%-ға өскен.

 

Ілгерілеген іргелі істер

Алдын ала жасалған қорытынды бойынша қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8%-ға өсіп, 55,8 млрд долларды құрады. Экспорт 31,6 млрд долларға жетті, бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 3,8%-ға өсіп, 10,2 млрд доллар болған. Тауар импорты 24,2 млрд долларды құрапты. Жалпы алғанда, республиканың оң сауда балансы – шамамен 7,4 млрд долларды дөңгелеткен.

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамау­баев­тың айтуынша, мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден астам кіріс түскен. Сөйтіп жоспар 102,3%-ға орындалған. Республикалық бюджет 6,1 трлн, жер­гі­лікті бюджеттер 3,1 трлн теңгеге то­лық­қан. Мемлекеттік бюджет шы­ғыс­тары – 99,3%-ға, республикалық шы­ғыстар – 99,4%-ға, жергілікті шы­ғыс­тар 99,5%-ға орындалыпты.

Премьер-министр есепті кезеңде экономиканың өсуіне тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және қызмет көрсету салалары үлес қосқанын атап өтті. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі бойынша машина жасауда – 30%, автомобиль жасауда – 40%, локомотивтер мен вагон өндірісінде – 36%, электр жаб­дықтарын шығаруда 35% өсім тір­кел­ді. Жеңіл өнеркәсіп – 24%-ға, тоқыма өндірісі 42%-ға жуық өскен. Тау-кен саласындағы оң серпін шикі мұнайдың – 5,6%-ға және табиғи газдың 2,5%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Құрылыстағы өсім – 12%-дан астам, ауыл шаруашылығында –3%, қыз­мет көрсету саласы 5%-ға көте­ріл­ген. Республикада сусын, азық-түлік, пластмасса бұйымдары, минералды өнімдер, дайын металл бұйымдары өн­ді­рісі де ұлғайыпты. Жалпы, 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақ­мола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыс­тарында, Алматы және Шымкент қала­ла­рында тіркеліп отыр.

Сондай-ақ өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбеде – 8,4%-ға, Қарағандыда – 7%-ға, Қызылорда да – 1,7%-ға, Батыс Қазақ­станда 1%-ға жуық төмендеген. Ал Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалған.

«Аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуге тиіс», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы осы жылдың соңы­на дейін экономиканың ең кемі 5%-ға өсуін қамтамасыз ету қажетін айтты. Бұл халықтың тұрмыс сапасын одан әрі жақсартуға оң ықпал ететін факторға айналады. Ол экономиканы әр­тараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құруды күшейту қажеттігін атап өтті.

Оның айтуынша, инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында стратегиялық инвесторларды тарту жұмысын күшейту қажет. Сонымен қатар олардың әрқайсысымен тікелей жұмыс істеп, келіссөздердің әр сатысын бақылауға алу керек. Аса маңызды міндеттің бірі – бағаның өсуін тежеу. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жартыжылдық қорытынды бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ға дейін төмендеді.

«Алдымызда инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмыстарды талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет», деді Премьер-министр.

Әлихан Смайылов жекешелендірудің кешенді жоспарын сапалы іске асырудың маңызын айтты. Бұл перспективада мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 14,4%-на дейін қыс­қар­ту­ға мүмкіндік береді.

 

Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері

Отырыста «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылу барысы да қаралды. Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыровтың айтуынша, елді жылу, электр энергия­сы, су және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін республиканың ТКШ инфра­құ­рылымы жаңартуды қажет етеді. Сондай-ақ бұл саладан жылдар бойы жала­қысы өспеген білікті мамандар жиі кетіп жатыр.

Осы проблемаларды шешу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылады. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың км инженерлік желілерді жаңғырту үшін шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Жаңа тарифтік саясатта тұтынушы мүддесі – әділ бағаға сапалы қызмет басты назарда.

2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеуге 250 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Екінші тоқсанда Ұлттық экономика министрлігі ТКШ кәсіпорындарының тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімін бекітті. Нәтиже­сін­де, коммуналдық қызметтер тариф­те­рі­нің өзгеруі ұстамды болды. Тұтынушы мен кәсіпорын мүдделері балансы қам­тылып, орташа есеппен 10-нан 30%-ға дейін өседі.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев KPMG халықаралық аудитор­лық компаниясы Қазақстанның 57 электр стансасының, оның ішінде 37 жылу энергетикалық торабының тех­ни­ка­лық аудитін аяқтағанын айтты. Енді барлық станса арнайы санатқа бөлінді. Энергетикалық қазандықтардың 62%-ы, турбиналардың 58%-ы ескірген, оларды ауыстыру қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев республикада 128 мың км-ге жуық жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар екенін баяндады. Олардың жалпы тозуы 51%-ды құрайды. Алда бұл көр­сеткішті 40%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Коммуналдық желілердің ең қатты тозуы Павлодар, Шығыс Қа­зақ­стан, Қарағанды және Ұлытау об­лыс­тарында болған. Сондай-ақ биыл 126 км жылу желілерін жаңғыртуға 86 млрд 300 млн теңге бөлінді. Сумен жабдықтау мен су тарту жүйелерін салу­ға, реконструкциялауға бюджеттен 280 млрд теңге ажыратылған.

Премьер-министр тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығындағы инфра­құрылымның жағдайы өте күрделі еке­нін айтты. Оны Маңғыстау атом энер­­гетикалық комбинатындағы апат­тан байқауға болады. Өткен жылы­ту маусымы да проблемалардың көп екенін көрсетті. Барлық инфрақұрылым объек­тісінің тұрақты жұмысын қамта­ма­сыз ету үшін ауқымды инвестиция қажет. Себебі олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері істейді.

Биыл тұрғындар үшін тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл – барынша ұстамды тариф, онсыз коммуналдық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету мүмкін емес.

«Тариф мәселесінде барлық тараптың мүддесін ескеретін ортаны таба білуіміз керек. Яғни, саланы дамыту қажеттілігін де, халықтың мүмкіндігін де ескеруге тиіспіз», деді Премьер-ми­нистр.

Үкімет басшысы стансалар, ком­му­нал­дық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жыл­дан астам уақыт бойы табыссыз жұмыс іс­теп келетінін, сондықтан жөндеу жұ­мыстарына қаражат салынбағанына тоқталды. Қаражат салынса да, ол қа­рыз алу арқылы немесе мемлекет есебі­нен жүзеге асырылды. Ал энергия объектілерін жөндеу құны ондаған есеге қымбаттап кетті. Жалақы төмендігінен саладағы білікті мамандар кете бастады. Кәсіпорындар оларға тиімді жұмыс ұсына алмады. 2021 жылдан бастап электр энергиясының тапшылығы пайда болды. Енді электр қуатын ұлғайту керек.

«Сондықтан тарифтерді өсіру – қажеттілік. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізетін бол­сақ, тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өн­дірісті жаңғыртуға жұмсалатынына се­німді боламыз. Жаңа тарифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық қағидаттарына негізделеді. Тиіс­ті заң­намалық түзетулер, норма­тив­тік құ­қық­тық актілер қабылданды», деді Әлихан Смайылов.

Бұрын мемлекет инвестициялық бағдарламаларды және табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін түзете алмайтын еді. Енді оған мүмкіндік бар. Әйтсе де, тарифтердің өсуі аз қамтылған отбасылар табысына әсер етпейді.

«Жергілікті бюджет қаражаты есе­бі­нен аз қамтылған отбасыларға ком­муналдық қызметтерге ақы төлеу үшін тұрғын үй көмегі беріледі. Ол ком­му­налдық қызметтерге жұмсалатын шы­ғыс­тар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10%-нан асып кет­кен жағдайда төленеді», деді Үкімет басшысы.

Қазір орталық және жергілікті атқа­ру­шы органдар коммуналдық секторда ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді. Бірде-бір өңір жылыту маусымында апаттарға жол бермеуі тиіс. Әсіресе, бұл құрылыс маусымы қысқа және жылыту маусымы ерте басталатын солтүстік облыстар үшін өзекті.

«Жөндеу жұмыстары нақты бекі­тіл­ген кестелерге сәйкес жүргізілуге тиіс. Биыл шамамен 6 мың км инженерлік желілер жөнделетін болады. Бұл – бірінші кезекте жаңартуды қажет ететін, әбден тозығы жеткен инфрақұрылым объектілері. 25 мың км-ден астам қараусыз жатқан коммуналдық желілер монополистерге беріледі. Олар осы желілерді ретке келтіруі керек. Аталған өзгерістердің бәрін азаматтар сезінуге тиіс», деді Премьер-министр.

Сөз соңында Үкімет басшысы ҚМ-ге ҚМА-мен бірлесіп, коммуналдық кәсіпорындар мен стансалардың инвес­ти­циялық бағдарламаларды тиісті түрде орындауын бақылауды қамтамасыз етуді, Ұлттық экономика, Энергетика, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрліктеріне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермей, тұтынушылардың құқы­ғын қорғауды тапсырды.

 

Биыл 947 мың адамды жұмысқа тұруға тиіс

Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының 7 жыл ішінде 3,3 млн отандасымызды, оның ішінде кемінде 2,3 млн жасты жұмыспен қамту туралы тапсырмасын орындау шарасын айтты. Отбасының цифрлық картасы көмегімен жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді тобы анықталыпты. Жыл басында 947 мың азаматты жұмысқа орналас­тыруды көздейтін 20 өңірлік жұ­мыс­пен қамту картасы бекітілді. Қазір 441 мыңға жуық адам жұмыспен қам­тыл­ды, бұл жоспардың 47%-ын құрайды. Олардың арасында жастардың үлесі 50% болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік тағы бір жобаны – кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында жастарға жылына 2,5%-дық мөлшерлемемен шағын несие беруді жүзеге асырып келеді. Биыл республикалық бюджетте 5796 жас кәсіпкерді қолдауға 29 млрд теңге қарастырылған. Өңірлерде халықты жұмыспен қамту шаралары туралы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндады.

Премьер-министр жергілікті жұмыс­пен қамту органдары «10 мың тұрғынға – 100 жұмыс орны» бастамасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындары аясында белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті.

«Жұмыс берушіге адамдарды жұмыс­қа қабылдау тиімді болады, өйткені ол үшін жергілікті бюджеттен субсидия алады», деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Жыл басынан бері жұмыс күші тапшы өңірлерге басқа өңірлерден 1300-ден астам отбасы көшірілген. Кө­шіп келушілер жаңа жерде тұрақтап қалуға мүдделі болуы үшін олардың бейімделуіне көбірек көңіл бөлу қажет. Сондай-ақ 1 шілдеден бастап өңірлерде Еңбек ұтқырлығы орталықтары жұмыс істей бастағаны, бүкіл республика бойынша жұмыс орындарының бірыңғай базасы құрылып жатқанын еске салды.

«Бұл азаматтардың тек қала немесе аудан шегінде ғана емес, сондай-ақ өз облысында немесе одан тысқары жер­лер­дегі бос жұмыс орындарына жұ­мысқа тұруына мүмкіндік береді», деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар ісін дамыту үшін шағын несиелер мен гранттар беруге кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінде 5 мыңнан астам грант және жастарға 1,5 мыңнан астам шағын несие берілді. Конкурстық негізде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5%-бен жеңілдікті несие ұсынылады. Бұдан басқа, тұрақты және мемлекет субсидиялайтын қызмет орындарына жұмысқа тұру мүмкіндігі, қайта білім алу, бизнесті дамытуға мемлекеттік грант немесе шағын несиені қалай алуға болатыны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді.

«Аталған шаралардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған», деді Үкімет басшысы.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңірлік жұмыспен қамту картасын іске асыруды, шағын несиелер беруде жастардың тұрақты жұмысқа тұруына баса назар аудару мен жалпы қабылданып жатқан шаралардың тұрақты мониторингін қамтамасыз ету керектігін айтты.