Биыл ақын, ойшыл, аудармашы Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл. Мерейтойға орай жыл басынан бері 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Абай облысында бастау алған той әлі жалғасады.
Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдық мерейтойын тойлау Абай облысында бастау алды. «Шәкәрім жүрген ізбенен» деп аталған керуен ақынның мерейтойын Абай ауданында да атап өтеді. Бұл шараның мақсаты – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттау және ақынның ұрпақтарын ата қонысымен таныстыру. Сондықтан мерейтойға оның ұрпақтары қатысты. Алматы қаласының Талғар ауданынан Шәкәрімнің Айғаншадан туған ұлы Зияттың немересі Нұрлан Мерекеұлы отбасымен, Алматы қаласының Панфилов ауданынан, Астана, Павлодар, Теміртау, Екібастұз қаласынан ұрпақтары келді.
– Биыл Шәкәрім атамыздың 165 жылдық мерейтойына арнайы Алматы облысынан бір топ ұрпақтары келдік. Ұлы ақынның шөбересімін. Шәкәрім атамыздың мерейтойы осындай ауқымды түрде аталып өтіп жатқанына қуаныштымыз. Ұлы тұлғаларымыз зұлмат заманда өмір сүріп, елден кетуге мәжбүр болды. Дегенмен қалдырған өшпес мол мұрасы, туындылары халқымыздың игіліне жарап отыр, – деді ақынның шөбересі Нұрлан Зиятов.
Сондай-ақ іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
«Адамдық борышың –
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айнымай
Ар сақта, оны бiл»,
– деп жырлаған Шәкәрім бабамыздың өлеңдері – гуманизмнің темірқазығы. Абай елі ұлы бабаларын әрдайым ұлықтап келеді. Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы да өнегелі істермен өрнектелуі керек деп ойлаймыз», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.