• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Білім 13 Шілде, 2023

Онлайн диплом

422 рет
көрсетілді

2022 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан цифрлық даму бо­йын­ша 193 елдің ішінде 28-орында тұр. Цифрлық жүйесі дамыған 30 елдің қатарына ену – үлкен жетістік. Қазір халық көптеген қызметті онлайн ала алады. Соның ішінде 2021 жылы жоғары оқу орындарының диплом деректері QR кодталған болатын. Енді цифрлы диплом алу қызметі колледж түлектері үшін де қолжетімді.

Онлайн диплом «CROCOS» ақпарат жүйесі арқылы жасалған. QR кодта бітіруші түлектің барлық дерегі жинақталады. Диломның тағы бір артықшылығы – жұмыс берушіге оның жалған немесе шын екенін жылдам тексеруге мүмкіндік беретінінде. «CROCOS digital solutions» компаниясы Қазақстан университеттерінің қажеттіліктерін талдай отырып, дипломдардың түпнұсқалығын тексеру жүйесін әзірлеген. Жо­ғары оқу орындары түлектерге берілетін дипломдарды QR-кодтың көмегімен таңбалап, сту­дент пен диплом туралы бар­лық ақпаратты қорғалған серверде сақтай алады. Сондай-ақ QR-кодта құжатты және оның нөмірін тексеру үшін сайт­тың бетіне сілтеме кодталады. Смарт­фонның көмегімен құжаттың түп­нұсқалығын оңай әрі тез тексеруге болады.

– QR-код дипломның түпнұс­қалығын тексеруге мүмкіндік береді. Ол құжаттың иесі туралы де­ректер, оқу орны туралы ақ­парат пен Ұлттық білім беру деректер қорынан алынған құ­жат деректемелері көрсетілетін мем­лекеттік интернет-ресурсқа сілтеме береді. QR-кодта түлекті сәйкестендіруге мүмкіндік бере­тін мәліметтер: түлектің аты-жөні, ұйымның атауы, түскен/бі­тір­ген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі беріледі, – деді Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов.

Онлайн дипломның тағы мынадай артықшылықтары бар: бос лауазымдарға үміткерлерді таңдау бойынша жұмыс берушілерді тексеруді жеңілдетеді; жоғары оқу орындары арасындағы бәсе­ке­лес­тікті арттырады; дипломды қол­дан жасауға мүмкіндік бер­мейді.

Сонымен қатар құжат цифрлан­дырылғаннан кейін мемлекеттік диплом үлгілері алынып тасталды. Яғни министрлік тарапынан мөр қойылмайтындықтан, жоғары оқу орындары дипломның дизайны мен форматын өзгерте алады. Өзге де құжаттар секілді дипломды да eGov электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттар сервисі арқылы немесе екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы алуға болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл колледж бітіріп жатқан 140 мыңнан астам түлек QR-коды бар диплом алады.