Елорданың 25 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіліп жатқанда, тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыздың күзетшісі – Қарулы күштердің құрамындағы элиталық әскери құрылымның да кезекті туған күні тойланды. Ол – 2000 жылдың 6 шілдесінде Президент Жарлығымен құрылған Десанттық шабуылдаушы әскерлер.
Алғашқыда десанттық шабуылдаушы бригадасының базасында элиталық әскерлер – Мобильді күштер ретінде пайда болған бұл құрылым кейіннен Аэроұтқыр әскерлер болып өзгертілсе, 2017 жылдан бері Десанттық шабуылдаушы әскерлер ретінде қайта құрылды. Елдің барлық бағытындағы әскери топтарды күшейту, сондай-ақ оларға дербестік беру мақсатында өткен жылы желтоқсан айында Десанттық шабуылдаушы әскерлер Құрлық әскерлерінің құрамынан шығарылып, Қазақстан Қарулы күштері Бас штабы бастығының қол астына берілді.
Десанттық шабуылдаушы әскерлер тарихының жарқын беттерінің бірі ретінде оның бітімгерлік қызметіне тоқтаған жөн. Атап айтқанда, 2003 жылдан 2008 жылға дейін 35-десанттық шабуылдаушы бригадасы бөлімшесінің базасында құрылған қазақстандық бітімгерлік батальонының инженерлік-саперлік жасағы Ирак халқына елді қалпына келтіруге, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмек көрсетті. 2018 жылы БҰҰ қолдауымен біздің десантшылар Ливан Республикасына бітімгерлік миссиясын орындауға бірінші болып аттанды. Қазақ бітімгерлері бүгінде Ливан-Израиль шекарасындағы Үнді батальонының құрамында қызмет атқарады.
Десанттық шабуылдаушы әскерлер – жоғары мобильді және заманауи техникамен жарақталған жауынгерлер тобы, Жоғарғы Бас қолбасшының резерві, жауынгерлік тапсырмаларды жау тылында да орындауға қабілетті негізгі күш. Қазіргі уақытта әскерлердің жауынгерлік дайындық жүйесіндегі кейбір тәсілдер қайта қарастырылып жатыр. Дүниенің әр бұрышында тұтанған қарулы қақтығыстарға талдау жасай отырып, әскерлерді қолданудың тиімді формаларына, әдістеріне және тактикасына жаңа элементтер енгізілу үстінде. Десантшы жауынгерлердің дайындығы мен шеберлігінің деңгейі оқу-жаттығулар барысында сыналып, тиісті қорытынды жасалып отырады
Әр жылдары еліміздің Десанттық шабуылдаушы әскерлерінің қалыптасуы мен дамуына генерал-майор Уәли Еламанов, генерал-полковник Сәкен Жасұзақов, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, генерал-майорлар Әділбек Алдабергенов, Дәулет Оспанов, Қайдар Қарақұлов, Қаныш Әбубәкіров, Мереке Көшекбаев сынды қолбасшылар зор үлес қосты. Қазір Десанттық шабуылдаушы әскерлердің қолбасшысы – генерал-майор Алмаз Жұмакеев.
Елордамыздағы 68665 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Талғат Жолдыбайұлының айтуынша, бұл әскери құрылымға жауынгерлерді алу барысында бірқатар жоғары талап қойылады. Мәселен, олардың денсаулықтарының жарамдылығы А санатына жатуға тиіс. Бойлары 170 см-ден кем болмауы керек. Спорттық дайындығы болғаны абзал. Десанттық шабуылдаушы әскерлерде қызмет ету қашан да беделді болған және солай болып қала бермек. Сондықтан мұнда іріктеу өте мұқият жүргізіледі. Бүгінде мерзімді қызметін өткеріп жүргендердің көбі спорттық дәрежелері бар және психологиялық тұрғыдан мықты азаматтар.