• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Мектеп 14 Шілде, 2023

«Жайлы мектептің» жайсыз ахуалы

508 рет
көрсетілді

Мектептегі оқушы саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Орын жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты елімізде «Жайлы мектеп» жобасы іске асырылып жатқаны белгілі.

Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушы орнын ашу көзделген еді. Бірақ бұл жоспардың орындалмайтын сыңайы бар. Оған ұйымдастырушы компания мен құрылыс фирмаларының арасындағы шикіліктер себеп болып отыр.

«Жайлы мектеп» бағдар­ла­ма­сының іске асыруға 2,6 трлн теңге бөлінген. Алайда салынуы керек жайлы мектеп­тер­дің саны қысқарып қалған. Әрі құ­рылысы әлі басталмағандықтан, олар­дың пайдаланылуға берілу мерзімі ше­герілген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, Маңғыстау облысында 24 мектеп салынуға тиіс еді. Алайда бел­гісіз себептермен нысандар саны 21-ге азайып­ты. Бағдарлама бойынша 13 мек­теп 2024 жылы, қалған 8 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілуі керек екен.

Бірақ тапсырыс беруші, яғни конкурсты ұйымдастырушы «Самұрық Қазына Констракшн» компаниясының түсініксіз әре­кеттері салдарынан мектептер 2024-2025 жылдар түгілі, 2026 жылы да пайдалануға берілмейтін түрі бар. Өйткені әлі күнге дейін бірде-бір мектептің құрылысы басталмаған. Биыл басталуға тиіс 13 мектептің бесеуінде жеңім­паз анықталған. Бірақ олар­дың қолында жобалық-сметалық құ­жаттары жоқ болып шыққан. Ал қалған сегіз мектептің тағдыры тіпті бұлыңғыр.

– «Жайлы мектеп» жобасына қатысты көптеген түйткіл­ді мәселе бар. Рет-ретімен тоқта­ла­йын. Жеңімпаздар арасында бұрын бірде-бір рет мектеп сал­маған компаниялар жүр. Олар бас мердігер ретінде конкурстан қалай өткен? Түсініксіз. Қар­жыландыру көзі – екінші дең­гей­лі банктер. Бұл да түсініксіз. Өйткені мұндай жағдайда же­ке­меншік банктерге 100 млрд теңгеден астам сома беріледі. Бұл қаржылық операция кімге керек? Ең сорақысы – жобалық-сметалық құжат жоқ, яғни бағасы белгісіз нысанға қалайша конкурс ұйымдастырылған? «Самұрық Қазына Констракшн» жаңадан 230 штат ашып, қызметкерлер (технадзор) қабылдады. Алайда әлі бірде-бір мектептің қазығы қағылған жоқ. Ал 230 адам бірнеше айдан бері жалақы алып, үйлерінде бостан бос жатыр. 2,6 трлн көлеміндегі бюджет қаражаты 6-7 айдан бері қоз­ғалыссыз тұр. «Жайлы мектеп» ұғымын «Самұрық Қазына Констракшн» «сәнді мектеп» деп түсінген сияқты. «Жайлы мектеп» баланың білім алуына жағдай жасалған, заманауи білім беретін мектеп болуы керек. Оның сыртын гранитпен қаптап, ішіне қымбат паркет төсегеннен жайлы мектеп бола салмайды. Президент тапсырма берген кезде өте жақсы қанатқақты жоба еді.

– Алайда оператор – «Са­мұ­рық Қазына Констракшн» бұл жобаның талқанын шы­ғар­ды. Дәл қазіргі жағдайына қарасақ мәселесі өте көп, былығы шаш-етектен. Түбі Президент тап­сыр­масының орындалмауына, бюджет қаражатының мақсат­сыз жұмсалуына, тіпті мемлекет­тің қазынасынан алынған трил­лиондаған теңгенің талан-таражға түсіп, құрып тынуына апарып соғатын түрі бар, – деп дабыл қағып отыр ол. 

Мәжіліс депутатының сөзінде жан бар. Өйткені «Жайлы мектеп» жобасы Пре­зи­дент­тің тапсырмасымен білім саласын­дағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған болатын. Жоба арқылы 2025 жылға дейін үш ауысымды апатты мектептер мен оқушы орындарының тап­шы­лығы жойылуға тиіс еді. Ендігі шикіліктерді дер кезінде шешпесе, «баяғы жартас – сол жартас» болып қала бермек. Экс-министр Асхат Аймағамбетов жоба басталар кезде «Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 миллион­ға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 миллион­ға жетіп қалды. Бұл тарихта бол­маған рекордтық көрсеткіш», деп бала саны мәселесін тілге тиек еткен болатын.

Осы орайда жобаның маңызы мен ерек­ше­ліктерін атап өткенді жөн көріп отырамыз. Бірінші­ден, жобаға сәйкес бастауыш және жоғары сынып оқушылары ­мек­теп ғи­­маратының жекелеген блок­тарын­да оқи­ды. Сәйкесін­ше, олардың өз оқу каби­­нет­тері, дәретханалары, спортзалдары бо­­­ла­ды. Екін­шіден, балалар­дың қауіпсіз­дігін қам­тамасыз ету­ге жағ­дай жасалады. Бей­не­­­бақылау, ды­быстық дабыл сияқ­­ты қауіп­­сіздік нысандары орнатылады. Үшін­ші­­ден, оқу­шылар­ға ың­ғай­лы болу үшін оқу құ­ралдары, ауыс­тыра­тын киім­дерін сақтай­тын жеке шкафтар қа­рас­тырылған, кітап оқуына, демалуына, шы­ғармашылық әле­уетін дамытуға тиісті жағдай жа­салады.

Төртіншіден, мектеп физи­ка, химия, биология, роботтехника сияқты ең заманауи кабинет­тер­мен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген же­рінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі ұсы­нылады. Бесіншіден, арна­йы білімді қажет ететін бала­лар үшін тиісті жағдай жасалады. Ал­тыншыдан, спортзал мәселесі оңтайлы шешіледі. Мәселен, қазір 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана бар. Онда таңертеңнен кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықты­ру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде бала­лардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал ашылады.

Жетіншіден, жаңа мектептерде мұға­лім­дерге де барлық жағ­дай жасалады. Мұға­лімдердің ка­бинеттері, кәсіби зоналар, қо­сымша білім беруге арналған немесе жиын өт­кізу залдары, әр қабинетте интернетке қо­сылған жеке компьютерлері болады. Сегі­­­зін­шіден, жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдарға қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады. Әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулу үшін шеберханалар мен студиялар ашылады. Бұған қоса жайлы мек­тептердің сыртқы инфра­құ­рылымы да назарға алынады.

Тағы бір ерекшелік – құры­лыс кезінде ашықтық қамтама­сыз етіледі. Яғни елі­міз­дің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыс барысымен және IP-камера арқылы онлайн режімде бақылап, мектептің тиіс­ті құжаттарымен таныса ала­ды. Жаңа мектептер үшін құрылыс пен құрал-жабдықтың бірыңғай стандартын қол­дану көзделген.

«Жайлы мектеп» жобасы оқу бітірген жас мамандарды жұ­мыс­пен қамту мәселесін шешу тұр­ғысынан да тиімді. Өйткені кейінгі 5 жылда 200 мың педагог маман даярланса, оның 55 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Ал жаңадан мектептер салынса, бос орындар көбейер еді.

Мектеп құрылысы сала­сын­дағы мәсе­лелер әлі шешімін тап­пағанына қарамастан, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы­ны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынатынын айтты. Дегенмен бұл бастапқы жос­пардан аз көрсеткіш. Оқушы саны 102 мыңға кеміп қалған.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағ­дарламасын іске асыру жөніндегі респуб­ликалық штаб отырысында Премьер-ми­нистр Әлихан Смайылов құрылысқа байланысты жағдайды жедел реттеуге тапсырма бергені есі­мізде. «Жер учаскелерінің да­йын­­дығы бойынша құрылыс жұ­мыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бо­йын­ша тиісті жол карталары да­йын, осы мәселелердің барлы­ғын жедел шешу қажет», деді Үкі­мет басшысы. Бірақ...

– Бірақ тапсырма беріп қана қою аз. Жоба аясында салынатын мектептер санының қыс­қа­руына жол беруге болмай­ды. Осы тұс­та жауапты адамдар мен органдардың бар­лық үде­ріс­ті тексеріп, орындалуға тиіс жос­парды қадағалуы аса ма­ңыз­ды. Бұлар өте маңызды, ел­ге керекті жобалар, әрі Мем­ле­­­кет басшысының тапсырмасы шең­берінде қолға алынып отыр. Сондықтан оның іске асы­рылуын қадағалап отыру – біз­дің басты бағытымыз, пары­зы­мыз. Бюджеттен қомақты қа­ра­­жат бөлініп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Енді оны сапалы іске асыру ғана қалып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Айтылған сөз сөз күйінде қа­лып, бөлінген қаржы талан-та­ражға түсіп кетпесе екен дей­міз... Жоба-жоспар жақсы-ақ, қалмаса екен ақсап...