Бүгінде білім беру саласының қай сатысын болсын, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жайлап алғаны белгілі. Еліміздің қай облысын алып қарасақ та сыбайлас жемқорлық фактілері негізінен осы салаға жауапты басшылардың атын күн сайын әйгілеп жатыр.
Олардың қатарына құрылғанына жылдан асқан Абай облысының білім саласы да іліккені өкінішті-ақ. Облыстың 6 ауданы бойынша білім саласын дамытуға бағытталған бюджет қаржысының талан-таражға түскені әшкереленіп отыр. Бұл туралы Абай облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басшысының бірінші орынбасары Рүстем Тоқбергенов мәлімдеді. Белгілі болғандай, бұл саладағы былықтың етек алуына көбіне мектеп директорлары мен есепшілері, балабақша меңгерушілері, білім бөлімдерінің басшылары мен мамандары жол беріп отыр. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер негізінен кадрлық мәселелерді шешу, жалақыны есептеу, жалған аттестаттар беру, тағы да басқа қаражат жымқырудың құлағы қылтиятын себептерден шығады.
Рүстем Тоқбергеновтің айтуынша, білім саласындағы жемқорлық фактілері анықталған Абай облысының 6 ауданы бойынша 3 директор, 6 есепші, 1 экономистің ісі әшкереленіп отыр. Атап айтқанда, Семей қаласында, Абай, Аягөз, Жарма, Көкпекті және Үржар аудандарында орын алған. Мемлекет қаржысын талан-таражға салудың жалпы сомасы 19,7 млн теңгеге жеткен.
Мәселен, Жарма аудандық сотының үкімімен мектепке дейінгі мекеме есепшісі 2,4 млн теңге мөлшерінде бюджет қаражатын құмға сіңген судай еткені үшін айыпталып отыр. Оған 2,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалғанымен, жас баланы тәрбиелеп отырғаны ескеріліп, жазаны өтеу мерзімі 5 жылға шегерілді. Бірақ сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Білім саласында сыбайлас жемқорлық фактілерінің тамыр жаюына мекеме басшыларының салғырттығы да себеп болып отыр. Қаржылық қитырқылықтарды оның қол астындағы есепшілері жүзеге асыратындығы соның бір дәлелі. Тағы да сол, Жарма ауданында білім беру мекемесінің есепшісі басшысының электрондық қолтаңбасы арқылы үйде жұмыс істеп, бюджет қаражатын «жұтып қойғанына» не дерсіз?
Жалпы, білім саласындағы жемқорлықтың одан әрі де жалғаса бермеуі үшін қандай қадамдарды қолданған дұрыс? Рүстем Тоқбергенов бұл тұрғыда бірнеше ұсынысты ортаға салды. Алдымен бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру үдерісін автоматтандыру қажет. «Сонымен қатар барлық білім беру мекемесіне арналған бухгалтерлік есепті жүргізудің бірыңғай жүйесін қолданысқа енгізу керектігі байқалып тұр. Тағы бір өзекті мәселе – «жалған орындарды» болдырмайтын жұмысшы персоналын бақылауды автоматтандыру. Білім басқармасының жанынан ішкі аудит қызметін құруды қолға алсақ, саладағы сыбайластыққа тосқауыл қоя алатынымыз анық», дейді Р.Тоқбергенов.
Абай облысы