Кеше «Jańa Dala / Green Day-2023» Дала күні жыл сайынғы мамандандырылған оныншы көрмесі басталды. Көрме Ақмола облысы, Ақкөл ауданындағы «Еңбек» ЖШС алаңында, Астанадан 90 шақырым жерде өтіп жатыр.
Көрменің ашылу салтанатына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, бірқатар шет мемлекеттердің елшілері мен өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Еңбек ауылының алаңында екі күн бойы өткізілетін көрмеге биыл әлемнің 19 елінен 150 аграрлық кәсіпқой компания келіп қатысып жатыр. Бірқатарын атап айтқанда, Аустрия, Беларусь, Германия, Испания, Италия, Канада, Қытай, Қырғызстан, Нидерланд, Польша, Ресей, Сербия, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Өзбекстан, Украина, Чехия қатысушылары ауыл шаруашылығы технологиялары, селекциялық жетістіктер мен мал шаруашылығы саласындағы соңғы әзірлемелерді көрмеге келушілерге ұсынып отыр. Сөйтіп, еліміздің фермерлері мен диқандарына заманауи техниканың үлгілерін көрсетті. Екі күнге ұласатын көрмені 10 мыңнан астам ауыл шаруашылығы мамандары мен сала ғалымдары және қарапайым еңбек адамдары келіп тамашалайды. Олардың әрбірі керегін келеге салып, зерттеп зерделейтіні, жоспарлап жүйелейтіні анық.
Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы мен вице-министр Рүстем Жомартұлы көрмені салтанатты түрде ашқаннан кейін ауыл шаруашылығының үздік мамандары мен салаға еңбегі сіңген ғалымдар мен зертхана қызметкерлерін марапаттады. Астана өнерпаздары көрме қатысушыларға қазақ халқының өнерін тамашалатты.
Негізі Жаңа дала көрмесіне жыл сайын шамамен өз еліміздің 5 мыңнан астам фермері қатысады екен. Биылғы көрмеге қатысушы отандық фермерлер саны да жылдағыдан кем емес сияқты. «Jańa Dala / Green Day-2023» қазақстандық Дала күнінің негізгі серіктестерінің бірі – Қазақстанның АӨК лизинг нарығындағы көшбасшысы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы. Көрме ашылған күні журналистер мен блогерлерге баспасөз-турын осы мекеме ұйымдастырды.
Көрмеге ауыл шаруашылығы техникасының ірі өндірушілерінің, салалық қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ аталған «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев қатысты. Ол көрмеде Ростсельмаш, АгромашХолдинг, Amazone, John Deere, CLAAS және басқа да өндірушілердің өнімділігі жоғары егіс, егін жинау, топырақ өңдеу, жемшөп жинау техникасы мен жабдықтары ұсынылғанын айтты.
Өткен маусым айында «ҚазАгроҚаржы» АҚ-да «Өз жем-шөбіміз» (жем өндірушілер үшін) және «Жасыл Өнім» (жеміс-көкөніс өндірушілер үшін) жеңілдетілген бағдарламалары басталды. Олар бойынша фермерлерге бұрынғы бағдарламалармен салыстырғанда үлкен жеңілдіктер беріледі. «Жылдық 6%, аванс 15%-дан, лизинг мерзімі 10 жылға дейін, кепілдік талап етілмейді. Бұл фермерлерге қаржылық жүктемені айтарлықтай жеңілдетіп, шаруашылықтардың қарқынды дамуына мүмкіндік жасайды», деді А.Прашев.
Компанияның тұрақты бағдарламалары «Экспресс-лизинг», «Мастер лизинг» екені мәлім. Олармен бірге адал қарыз алушылар үшін «Сенімді фермер» адалдық бағдарламасы қарастырылған. Енді бұдан былай мал азығын, сондай-ақ жеміс-жидек пен көкөніс өндірушілер қажетті техникалық жабдықты жылдық 6%-ды лизингке ала алады.
Көрмеде техникадан басқа, учаскелердегі әртүрлі дақыл мен сорттың демонстрациялық дақылдары, сондай-ақ мал және сүт фермалары, жемшөп, жануарлардың рационы, ветеринарлық медицинаның қоспалары мен әзірлемелері, топырақ өңдеу және т.б. бар. Ауқымды шарада алғаш рет Қазақстанның ІҚМ ет тұқымдарының барлық Республикалық Палаталары жиналды: қазақ ақбас тұқымы Qazaq aqbas, Қазақстанның Ангусы, Әулиекөл тұқымы бойынша Шароле, Лимузин, Обрак, герефорд тұқымы, қалмақ тұқымы бойынша. Сондай-ақ павильонда Республикалық сүт және аралас тұқымдар палатасының ІҚМ (голштейн, қара-ала, қызыл дала, холмогорск, Әулиеата, симменталь, Алатау, швицкая, бестужевская, монбельярд) қойылды.
Бұдан басқа, топырақ өңдеу бойынша демо-көрсетілім, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктері бар учаскелерді, сондай-ақ өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығының ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын тексеруі өтеді.
Іскерлік бағдарлама аясында көрмеде шеберлік сыныптары, фермерлерге арналған семинарлар, сондай-ақ отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен «Инновацияларды енгізу және сүт-тауар фермаларының құзыреттілігін арттыру» халықаралық конференциясы ұйымдастырылды.
Шараның салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған шетел елшілері көрмені ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғысын білдіріп, саладағы өз елдерінің тәжірибелерімен бөлісті. Сөйтіп, ауыл шаруашылығы мәселесінде Қазақстанмен қарым-қатынастарын нығайтып, дамыта беретіндеріне және соған мүдделі екендерін алға тартты.
Облыс әкімі Ермек Боранбайұлы мен вице-министр Рүстем Жомартұлы көрмеге қойылған ауылшаруашылық техникалары мен түрлі жабдықты және асыл тұқымды малдарды аралап көріп, фермерлермен, сала мамандарымен қызу пікір алмасты.