Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық балуандар 3 күміс, 1 қола медаль алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
12 шілдеден бастап күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастар арасында Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Жарыстың төртінші күнінде грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі жастар сынға түсті. Олардың арасынан қазақстандық үш балуан финалда күш сынасса, біреуі қола жүлдені сарапқа салды.
Финалға шыққан Айбек Айтбеков (55 келі), Юсуф Ашрафов (60 келі) және Нұрасыл Аманалы (87 келі) қарсыластарына есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Ал 130 келідегі Жохар Узаров қола үшін болған таласта Палестина балуанын ұтты.
Енді 16 шілдеде U20 грек-рим күресінен 60, 67, 72, 82 және 97 келіде жүлделер сарапқа салынады.