Астанада тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері бойынша бірқатар объекті салынып жатыр. Оның ішінде газ жылу стансалары, сорғы-сүзгі су стансасы (ССС-3-тің 2-кезеңі), ЖЭО-3 және басқа да нысандар бар. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен елорда әкімі Жеңіс Қасымбек инфрақұрылымдық объектілер құрылысының барысын және жылумен жабдықтау жүйелерінің алдағы жылыту маусымына дайындығын бақылады.
Күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында ЖЭО-1 және ЖЭО-2-де бірқатар қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жұмысы жоспарланған. Жұмыстың бір бөлігі орындалған. Сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-2 аумағында газбен жабдықтаудың сыртқы желілері салынып, ЖЭО-1-дегі барлық 10 қазандық агрегаты мен ЖЭО-2-дегі су жылыту қазандықтары қайта жаңартылды.
Қазандықтарды қайта құрудың басты бөлігі – табиғи газды немесе көмірді/мазутты жағуға арналған жанғыш құрылғыларды ауыстыру.
Сондай-ақ «Астана-Энергия» АҚ нысандарын аралау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Астана әкімі жабдықтардың тозуын азайту, елорданы сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ қоршаған ортаға кері әсерді барынша азайтуға бағытталған жаңа технологияларды енгізу үшін іске асыру жоспарланып отырған перспективалы жобалармен танысты.
Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы қосымша жылумен қамтамасыз ету үшін «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» екі газ жылу стансасының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Олардың қуаты құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3 қуатынан асып түседі. Осы газ жылу стансаларын алдағы жылыту маусымында кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр.
Нысандарды аралау барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары мен Астана әкімі жаңа сорғы-сүзгі стансасының (ССС-3) жұмысымен танысты. Маусым айында ССС-3 жұмысының бірінші кезеңі іске қосылды, сондай-ақ Астана су қоймасынан су тартқыштың жаңа тармағының құрылысы аяқталды. Бұл қаладағы сумен жабдықтау мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.
ССС-3 екінші кезеңін осы жылдың тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан басқа Нұра жерасты су кен орнынан су құбырын жобалау және Телман елді мекенінде ССС қуатын кеңейту бойынша жобалау аяқталып қалды. Бұл жобалар қаланы одан әрі де ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қосымша мүмкіндік береді.