Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Бақытжан Базарбектің казинода отырған суреттері жұрттың назарына ілікті. Желі қолданушылары бұл суреттерді қызу талқылап, депутатты сынап отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Депутат бұл суреттерге қатысты түсініктеме беріп, халықты тек объективті ақпаратқа сенуге шақырды.
«Казинодағы суреттеріме қатысты пікір білдіргім келіп отыр. Объективті ақпаратқа сенуге және жалған ақпаратқа берілмеуге кеңес беремін. Фото 7 ай бұрын, дәлірек айтсақ, 2022 жылдың 24 желтоқсанында Қонаев қаласындағы казинода түсірілді, онда жұбайым екеуміз бір танымал топтың концертіне барған едік. Ол кезде мен Мәжіліс депутаты емес едім. Суреттегі фонға назар аударсаңыздар, шырша тұрғанын байқауға болады, менің үстімде де қысқы жемпір. Достар, мен лудоман емеспін, ешқашан казинода ойнаған емеспін», деп жазды Бақытжан Базарбек Facebook парақшасында.
Депутаттың ойынша, бұл суреттер оның атына, депутаттық мансабына дақ келтіру мақсатында тарап кеткен.
«Парламент Мәжілісіне дейін мен кәсіби коммерциялық жер заңгері болған едім, өмірімде ешқашан мемлекеттік қызметте жұмыс істеп көрмегенмін және коммерциялық заңгер ретінде уақытымды қалай және қайда өткізгенім жеке ісім деп санаймын. Бірақ менің Парламент Мәжілісіндегі белсенді әрекеттерімнен кейін 7 айдан соң біреудің осы жеке суреттерді жариялауы кездейсоқ емес және оның өзіндік себептері бар. Мәжіліс трибунасынан еліміздегі жер қатынастарына қатысты мәселе көтергенім белгілі. 8 облыс әкімдігінің жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік желілерді жүргізуге бөлінген 26 миллиард теңгені игермеу және мақсатсыз пайдалану мәселесін көпшілік алдына шығардым. Парламент трибунасында Үкіметтен мемлекеттік жер кадастрын ашып, барлық жер иелері мен жер пайдаланушылардың есімдерін жариялауды талап еттім. Үкіметтің қарсылығына қарамастан, бұл ұсынысты заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы заң жобаларына және жайылым мәселелері бойынша енгіздім
Менің депутат ретінде казинода болғаным туралы жалған ақпаратты таратушылардың басты көздеген мақсаты - халық алдында беделімді түсіру, мені қаралау және осылайша жер қатынастарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш-жігерімді азайту. Бұл - таза арандатушылық», деп жазды депутат.