• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Депозит 18 Шілде, 2023

Депозиттегі қаражат

225 рет
көрсетілді

Егер банк лицензиясынан айырылатын болса, депозиттерді қорғау меха­низміне сәйкес оның салымшыларына депозиттерде, төлем карточкалары мен ағымдағы шоттарда жатқан ақшалары қайтарылады. Осы ретте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жеке тұлғаларға заңнамада бекітілген максималды кепілдік мөлшері шегінде – депозиттің түрі мен валютасына қарай 5, 10 және 20 млн теңгеден асырылмайтын көлемде кепілді өтем төлейді.

Алайда депозиттеріндегі қара­жат­тары максималды кепілдік мөлшерінен асатын салымшылар не істеуі керек? Бұл жағдайда оларды жинақ ақшаларын қашан және қандай көлемде алатындығы мазалайтыны рас.

Лицензиясынан айырылған банк салымшыларына кепілдік мөлшерінен тыс сомаларды сол банктің тарату комиссиясы жүзеге асырады. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тағайындайды. Тарату комиссиясы банк істерін аяқтау және кредиторлармен есеп айырысуды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдайды. Олардың қатарында депозиттеріндегі ақшалары кепілдік бе­рілген максималды өтем сомаларынан асатын жеке тұлғалар да бар.

Кредиторлардың талаптары кезектілік тәртібіне қарай қанағаттандырылады. Ол «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңда бел­гіленген. Кредиторлардың талаптарын қанағаттандырудың 10 кезектілігі бар. Таратылатын банкпен ерекше қа­рым-қатынасы жоқ жеке тұлғалардың ке­пілдік мөлшерінен тыс сомалары бо­йынша талаптары төртінші кезекпен қа­нағаттандырылады.

Атап өту керек, тарату комиссиясы жеке тұлғалардың банк шоттары бо­йынша талаптарын кредиторлар­дың тізі­ліміне өз бетімен енгізіп, оларға бұл туралы жазбаша хабарлама жібе­реді. Осылайша, салымшылар үшін депо­зиттері бойынша кепілдіктен артық ақ­ша­­ларын алу мақсатында банктің тарату комиссиясына бөлек өтініш берудің қажеті жоқ.

Тарату комиссиясы кезектілік бойынша төлемдерді таратылатын банктің активтері мен мүліктерін сатудан түскен ақша бұрын берілген несиелер, оның ішінде қарыз алған проблемалық клиенттерге қатысты түскен ақша есебінен жүзеге асырады. Әрбір таратылатын банк­тің активтерінің мөлшері мен сапасы әрқалай болатындықтан, кредиторлар, олар­дың ішінде 4-кезектегі кредиторлар ал­дындағы берешектерді өтеудің қандай да бір тиянақты мерзімі қарастырылмаған.

«Бір кезектегі барлық мойындалған талаптарды қанағаттандыру үшін ақша осы кезектегі кредиторлар арасында сол кредиторлардың талаптары тізілі­міне сәйкес қанағаттандырылуға жататын талаптар сомасына үйлесімді түр­де үлестіріледі. Бұл жерде банк­ті тарату барысында қандай да бір кезек­тегі кредиторлардың талаптарын қана­ғаттандыру бойынша міндеттемелерді өтеуге ақшаның жетпей қалу қаупі бар», деді ҚДКБҚ Проблемалық банктермен жұмыс істеу жөніндегі басқармасының бастығы Назгүл Алмасаева.

Айта кету керек, банкті тарату барысында кредиторлар комитеті құралады. Ондағы мақсат – кредиторлардың мүд­­делерін қамтамасыз ету және ше­шім­ді солардың қатысуымен қабыл­дау. Комитеттің құрамына әрбір кезек­тілік­тегі кредиторлар санатынан талап ету сомасы ең жоғары бір өкілден кіреді.

Сондықтан кредиторлардың, олар­дың ішінде 4-кезектегі кредиторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін бұл комитеттің құрамына енуден және оның отырыстарына қатысудан бас тартпау керек.

ҚДКБҚ өз кезегінде ақшадан айыры­лып қалу қаупін барынша азайту мақ­сатында қаражатты депозиттерге кепіл­дік беру жүйесіне қатысушы банктерде сақтаудың ойластырылған, ақылға қонымды стратегиясын ұстануға кеңес береді. Қор мамандары жинақ ақшаны қорғау үшін оны әртүрлі банктерде максималды кепілдік мөлшері шегінде ор­наластыру қажеттігін алға тартады.