• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Бизнес 18 Шілде, 2023

Кәсіпкерлікті тежейтін кедергілер

1834 рет
көрсетілді

Мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары аз емес. Алайда экономиканы әртараптандыруға серпін беретін саланың өркен жаюын тежейтін кедергілер де азаймай тұр.

Құдды тұрымтайдан зәбір көрген бозторғайдай шырылдаған кәсіп­кер­лер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне жиі шағымданады. Өйт­кені кәсіп ашқандарға қолдау көр­сетуге тиіс мемлекеттік, өзге де органдар адымын аштырмай отыр. Өңір­лік департамент басшысы Ерұлан Серікқалиевтің айтуынша, жыл басынан бері «Бизнеске жол» жо­басы іске асырылып жатыр.

– Бұл жоба Атырау облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірге қолға алынды. Аталған жоба кәсіпкерлерге құжаттарды ресімдеу кезінде әртүрлі әкімшілік кедергілерге кезікпеуге көмектеседі. Биыл жобаны іске асыру басталғаннан бері 386 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Оның ішінде мемлекеттік сатып алуға қатысты – 152, мемлекеттік қыз­меттер мен бақылау бойынша – 2, табиғи монополияға байланысты 49 өтініш қаралды. Депар­та­менттің ұсынысымен мем­ле­кеттік сатып алу, кедендік және са­лық­тық әкімшілендіру сала­сын­дағы квазимемлекеттік сектор мен мем­ле­кеттік органның субъ­ек­ті­ле­рі­нен 153 кәсіпкерге 992 млн теңге мөл­шерінде берешек төленді, – дейді Ерұлан Серікқалиев.

Оның айтуынша, кәсіпкерлерден түскен өтініште бірнеше мәселе қам­­тылған. Департамент қызмет­кер­­лерінен көмек сұраған шағын және орта бизнес иелері мемлекеттік қолдауға, салықтық әкімшілендіруге, жүк тасымалдауға, жер қатынасы мен кедендік әкімшілендіруге байланысты кедергіге тап болғанын алға тар­тып отыр.

– Шенеуніктер әртүрлі кедергіні өздері қолдан жасайды. Кәсіпкерлер мұндай кезде өзінің құқығын қор­ғай білуі керек. Дегенмен біздің депар­та­менттің қызметкерлері кәсіп­кер­лерге көмектесуге әрқашан дайын, – деп мәлім етті Е.Серікқалиев.

Аталған департамент ұсынған деректерге жүгінсек, кәсіпкерлерге қарсы жасалған кедергінің сан түрін кезіктіруге болады. Мәселен, жер­гі­лікті кәсіпкер биылғы ақпанда Қы­тайдан кедендік декларациялау рәсімінен өткен тауарды сатып алған. Алайда салық органының қыз­меткерлері тауардың құны мен барлық құжатты одан әрі тексеру үшін 5 млн 802 мың 717 теңге мөлшерінде депозит енгізу туралы талап қойған. Бұл қаржының 357 423,42 теңгесі бюджетке аударылған.

«Депозит енгізілгеннен кейін мемлекеттік кірістер комитеті басқа құн бойынша баж және қосымша құн салығын қосымша төлеу қажеттігі туралы шешім шығарған. Кәсіпкер бұл шешіммен келісіп, қарыз сомасын төлеген. Содан соң депозиттің қалған сомасын қайтару туралы өтініш жолдаған. Алайда 2 аптадан астам уақыт ішінде 5,4 млн теңге депозитін қайтара алмаған. Соның салдарынан кәсіпкер корпо­ра­­тивтік табыс салығын ақша қара­жа­тының жеткіліксіздігіне байла­ныс­ты төлей алмай жүр. Бұл өз кезегінде өсімпұлдың пайда болуы­на, төлемнің кешіктірілуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Осыған байланыс­ты кәсіпкер облыстық мемлекеттік кірістер департаментіндегі лауазымды тұлғалардың 5,4 млн теңге де­позитін қайтарудан бас тартуына қа­тысты жүгінді», деп хабарлады де­партаменттің баспасөз қызметі.

Департаментке серіктестік басшысы Атырау қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы тарапынан жа­сал­ған заңсыздық әрекетіне ша­ғым түсірген. Өйткені басқарма қызмет­кер­лері оның есепшотынан басқа кәсіпорын алдындағы дебиторлық берешекті өтеу үшін 41,8 млн теңгені негізсіз өндіріп алған. Ал іс жүзінде ешқандай де­би­торлық берешек болмай шық­қан. Шенеуніктердің заңсыз әре­кетінің салдарынан кәсіпкер 42 қыз­меткерге жалақы, салық төлей ал­маған. Келісімшарттағы міндет­темелерін орындай алмағаны анық­тал­ған.

Кәсіпкерлерге ақ халатты абзал жандар жұмыс істейтін ауруханалар бас­­шылары тарапынан қысастық байқа­лады. Осындай екі аурухана бас­шы­ларының кәсіпкерлерге 900 млн теңгеден астам қаржыны төле­мегені анықталыпты. Кәсіп ие­ле­ріне қарыз болған емдеу орны­ның бірі – мұнайлы шаһардағы №2 облыстық аурухана. Екіншісі – Құрманғазы аудандық орталық ауруханасы.

«Біздің департаменттің қызмет­кер­лері №2 облыстық ауруханасы мен Құрманғазы аудандық орталық ауруханасының жұмысына мони­то­ринг жүргізді. Мониторинг қоры­тындысымен 64 кәсіпкерлік субъек­ті­сіне мемлекеттік сатып алу бойынша көрсетілген қызметтер мен тауарларды жеткізгені үшін 900 млн теңгеден астам ақшалай қаражатты төлемеу дерегі анықталды. Осыған байланыс­ты мән-жайды анықтау мақсатында аталған медициналық мекемелерге тиісті хат жолданды», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Тағы бір кәсіпкердің шағымында өңірлік кәсіпкерлер палатасы қызмет­ке­рінің 25 мың теңге талап еткені айтылған. Осыған байланыс­ты антикор тарапынан әлгі қызметкердің жұмысына талдау жасалған. Ол 2021 жылдан бері 427 бизнес субъектісі үшін бизнес-жоспар әзірлеген. «Алайда шағымданған кәсіпкердің айтуынша, палата қызметкері бизнес-жоспарды әзірлегені үшін шаруа қожалығынан 25 мың теңге талап еткен. Бұл бизнесті мемлекеттік қолдау шарасы ретінде іске асырылуы керек. Үкіметтің қаулысына сәйкес бизнес-жоспарды әзірлеу өтеусіз негіз­де жүр­гізіледі», деп нақтылады бас­пасөз қызметі.

Кәсіп иелерінің ісін тежеуге монополистер құлықты секілді көрінеді. Департамент қызметкерлерінің талдауында «Атырау облысы Су арнасы» КМК тарапынан су бұру және сумен жабдықтау бойынша бір қызметтің негізсіз 4 дербес бөлікке бөлінгенін анықтады. Бұл кәсіп­орын аталған қызмет көрсету түрін жергілікті актілермен регламенттей отырып, оның мерзімін өзгерткен. Сөйтіп, 28 күннің орнына қызмет көрсету мерзімі бірнеше айға, ал кей­бір жағ­дайда бір жылға дейін ұзар­тыл­ған. Мәселен, 2020-2022 жыл­дары 1 600-ден астам кәсіпкер дәл осындай кедергі тап болған. Сол себептен, монополист кәсіпорынға бірқатар ұсыныс беріліп, тәжірибе тоқтатылды. Қызмет көрсету тәртібі заңнамаға сәйкестендірілді.

Мұндай кедергі «Қаз­Транс­Газ­Аймақ» АҚ Атырау өнді­рістік филиа­лының тарапынан байқалады. Өңір­лік департаментке жергілікті кәсіп­кер аталған филиалдың әрекет­сіздігі мен әкімшілік кедергі жа­сағаны туралы шағым түсірген. Кә­сіп­кер мұндай шағыммен өңірдегі кәсіпкерлік палатасына да жүгінген.

«Кәсіпкер өткен жылдың желтоқ­сан айынан бері өндірістік филиалға жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияны бөлу, есепке алу торабын пайдалануға қабылдау актісіне қол қою туралы бірнеше рет талпынған. Алайда «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атырау өндірістік филиалы журналдарды, техникалық шарттарды тексеру қажеттілігіне байланысты жауап беруден бас тартқан. Бұл сату бөлімінің өкілеттігі мен функциясына қайшы келеді. Өйткені аталған бөлім есептегіш қуа­тының газ жабдықтарына сәйкес­тігін тексереді. Осындай әрекет­сіз­дік­тен кәсіпкер тапсырыс беру­ші алдындағы міндеттерді орындау мер­зімінің аяқталуына байланысты шығынға ұшыраған». Бұл да – өңірлік департаменттің баспасөз қызметі ұсын­ған ақпарат.

Шағын және орта бизнестің ие­лерін шырылдатып, ісін тежейтін ке­дер­­гілердің жойылмауына не себеп? Әзірге кәсіпкерлердің көкей­кесті мәселесіне айналып отырған бұл сауалдың жауабы жоқ.