• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2023

«Жас қазақ»: әлем және атажұрт

515 рет
көрсетілді

Әлемнің түкпір-түк­піріндегі этностық қа­зақ балаларының басын қосып, атажұрттың қадір-қасиетін дәріптеуге «Жас қазақ» этнолагерінің қосып жатқан үлесі көп. Жаз шыға шеттегі балаларды жинап, оларға тарихымызды,­ ділімізді, дінімізді, рухани құн­дылықтарымызды сіңіріп, туған жердің таби­ғатын таныстырады.

«Отандастар қоры» этно­ла­герьді 2019 жылдан бері ұйым­дас­тырып келеді. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапты. Бура­­бай тө­ріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өткен жазғы ла­герьге әлемнің 8 мем­лекетінен (АҚШ, Иран, Бе­ларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия мен Ре­сей­­ден) 200-ге жуық қазақ бала­лары келді.

«Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы елордада балалармен кездесіп, оларға ізгі тілегін білдірді. Сондай-ақ лагерьдің ерекшелігін атап өтті. «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойларына сіңіріп, өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қайтуға тиіс. Болашақта бұл жоба дәстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын», деді ол. Тағы бір ерекшелік – лагерьге талантты балалар таңдалып алынған. 12-17 жас арасындағы балалар жолдаманы түрлі байқауға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алды. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып жүлде иегері атанған.

Шетте өскен адам үшін атажұрттың тау-тасы, топырағы, бәрі ыстық. Әсіресе алғаш рет келгендер үшін ерекше сезім. Балалар да шекарадан асып, елге аяқ басқанда, қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Олар бірінші күннен-ақ жауап­кершілікті сезініп, өздері концерт ұйымдастырған.

– Өнерлі балалар жүрген жерін би билеп думандатып, әнмен әрледі. Талапты да талантты балалардың қалыптасқан дағдыларын әрі қарай шыңдау мақсатында арнайы сабақ кестесі құрылып, әр уақыты тиімді әрі жүйелі өту мақсатында күн­де­лік­ті күн тәртібі бекітілді. Таңертең таңғы жат­тығудан бастап, түрлі сабаққа, үйір­меге қатысты. Дәлірек тоқталсақ, асық ойнау, са­дақ­ ату, домбыра шерту, алтыбақан тебу, ат­пен серуен, киіз үй тігу сынды ұлттық ойын­дар мен тұрмыс салттарынан бөлек, заманауи сала –  ­мобилографиядан сабақ алды. Нейрон­дық желі, жасанды интеллект бо­йынша таным көкжиектерін дамытты. Жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қой­май, өз тәжірибесімен бөлісті. Қазақ­тың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұранда­­рын шығар­ды. Орда болып жарысып, түрлі бай­қау­ ұйымдастырып,көшбасшылық қабі­лет­­те­рін шыңдады. «Хор байқауы» мен «Дом­бы­ра par­ty» әлеуметтік желі­де қызу ­тал­­­қы­­ланып, көпшіліктің жүре­­гі­­­нен ­орын тап­­ты,­ дейді ұйым­дас­тырушылар.

Сонымен қатар «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жазғы этнолагерінде «Мақал-мәтелдер» байқауы өтті. Байқау талабына сай балаларға арнайы тақырыптар берілді, сол бойынша бір-бірлерімен мақал айтып жарысты. Балалар келесі күні Қазақстан тарихы бойынша білімдерін тексеріп, тест тапсырмаларын орындады. Нә­тижесінде, жүзден жүйрік атан­ғандар арнайы марапатталды.

Лагерь екі аптаға созылды. Биылғы мау­сымның жабылу салтанатында «Отан­­­­­дастар қоры» КеАҚ президенті 14 күн ішінде танымдық, шығармашылық, спорт­тық және ұлттық сипатта түрлі іс-шара өткізілген этнолагердің маңызына тоқ­та­лып, лагерьге қатысқан барлық оқу­шы­ға алғысын білдірді.

– Бүгін, міне, екі аптаға созылған жазғы этнолагерь өз мәресіне жетті. Таби­ға­ты таңғажайып Бурабайда, Атажұрт Қазақ­станда, туған Отан аясында өткізген осы­нау демалыс бәріңе ерекше көңіл күй мен ұмытылмас мол әсер сыйлады деп ойлаймын. Әлемнің 8 мемлекетінен келген қазақтар бір-біріңмен танысып, бір үйдің баласындай болып кеттіңдер. Ең бастысы, әлемнің қай жерінде жүрсеңдер де барлық қазақтың ұлы Отаны, арқа сүйер атажұрты – Қазақ елі бар екенін сезіндіңдер деп білемін, деді А.Сапарбекұлы.

Келесі болып сөз алған лагерь директоры Жания Исмағамбетова этнолагердің басымдығына баса көңіл бөліп, қандас оқушыларға тигізер пайдасын атап өтті.

– Құрметті балалар! Сіздер біздің үкілеп үміт артқан болашағымызсыздар.  Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жобасының маз­мұ­ны мен тағылымы өте тереңде жатыр. Қаншама баланың басын қосып, Ата­ме­кенге әкеліп, ұлттық құндылықтарды дәріп­теп жатыр, деп қорытындылады лагерь директоры.

«Жас қазақ» жазғы этнолагері дәстүр­ден­ жаңылмай келесі маусымда да дарынды балаларға ерекше демалыс сыйлайтын болады.