Керекудің ормандары биыл тағы жұпсыз жібек көбелегінен зиян шегіп жатыр. Бір жыл ішінде жорғалағыш жәндіктердің таралуы 3 мың гектарға ұлғайып, 32 мың гектарға таяу орман жамылғысы ошақ аумағында қалды. Өкінішке қарай, зиянкестерді құртуға бөлінген қазына қаражаты бұл аумақтың тек жартысын ғана өңдеуге жеткілікті. Мамандар жібек құртын жоюға кемі үш-төрт жыл уақыт жұмсалатынын айтып отыр.
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының қарамағында бүгінде ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі 3 коммуналдық мемлекеттік мекеме (Павлодар, Үрлітүп және Максим Горький) бар. Мұндағы жерлердің барлық ауданы 127,5 мың гектар болса, соның төрттен бірі жұпсыз жібек көбелегінің басқыншылығына ұшыраған. Жұпсыз жібек көбелегінің зияндылығы мынада, түскен ағашындағы жапырақ біткенді түгел жеп қойып, келесі ағашқа жорғалап кетеді. Ертіс өзені маңындағы ормандар, әсіресе қайың, терек ағаштары қатты зардап шегіп, жасыл желегінен айырылып сыйдиып қалады. Егер мұндай жағдай әлгі құрт түскен ағаштарда 3-4 жыл қатарынан жалғасса, ағаш өсуін тоқтатады екен. Былтыр көктем ерте шыққанда көбелектің құрттары да ерте оянып, апта сайын 700 гектар орманды жалмағаны жайында газет бетінде мәселе етіп көтерген едік. Ал биылғы көктем созылып кеткенімен, жаздың басындағы аптап ыстық зиянкестердің дамуын жеделдетіп жіберген тәрізді. Олардың белсенділігі мамыр айының соңынан ерекше артып, тал-теректердің жапырағын отай бастағаны байқалады. Зиянкестер Тереңкөл, Аққулы, Железин, Ертіс, Павлодар аудандары мен Павлодар қаласының ауылдық аймағында кеңінен таралған. Мамандар түсіндіріп бергендей, көбелек құрттары есейген сайын ағаштың ұшар басына өрмелей бастайды. Жәндіктер тек ағаш жапырақтарымен қоректенеді.
Жағдайдың бұлайша шиеленісіп кетуі жергілікті жұртты айрықша алаңдатып отыр. Орман арасында отырған ауылдарға, егін шаруашылығына елеулі зиянын тигізіп, тұтас экологияға орны толмайтын апат әкелуі мүмкін деп санайды жергілікті экологтер. Сондықтан зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары барлық аумақта бірдей жүргізілгені тиімді деп есептейді. Қоршаған ортаға жауапты мамандар жұпсыз жібек көбелегінің бұл түрі қандай типке жататынын білмей әлек. Саумалап тұрған жібек құрттарының «карантиндік азиялық типі» немесе «еуропалық карантинге жатпайтын типі» болады. Азиялық түрі аса қомағай әрі өсімтал болғандықтан, ол бірден карантинге жатқызылады. Ал еуропалық түрінің зияны аз, ол көп ұзамай қуыршаққа айналып, ұйқыға кетеді әрі ұшып кету қабілетіне ие. Зертханалар Баянауылдағы ормандарға түскен құрттар еуропалық екенін анықтағанымен, солтүстік аудандардағы зиянкестердің түрішілік типіне әлі де сипаттама бере алмай отыр. Жергілікті орман саласының қызметкерлері жорғалағыш жәндіктердің қомағай қылығы азиялық типке ұқсас екенін айтады. Дегенмен бұл болжам ғана, олардың фенологиялық дамуы мен сырт келбеттері бірдей болғандықтан, арнайы зертханалық зерттеулерсіз ажырату қиын.
Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Сағын Төлеутаевтың сөзіне сүйенсек, өңірдегі орман қорының аумағын өңдеуге 137,6 млн теңге бөлінген. Бұл қаражат небәрі 16 387,8 гектар аумақты арнайы пестицидтермен өңдеп өтуге жеткілікті. Яғни барлық зиян шегіп жатқан ағаштардың 50 пайызы ғана сауықтырылады деген сөз.
– Қаражат Үрлітүп мекемесіндегі орманды алқаптарды өңдеуге жұмсалады. Ал Максим Горький аумағын өңдеу үшін қажет қаржыны 2024 жылдың бюджетінен сұрату жоспарда тұр. Жергілікті орман мекемелерінің аумағындағы жәндіктердің түрлері карантиндік емес және аса қауіпті болмағандықтан, республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Биыл 1 қаңтарда жұпсыз жібек көбелегі ошақтарының ауданы шамамен 28 882 гектарды құраған еді. Маусым айында «Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы» РМҚК Семей БК орман патологінің қатысуымен жүргізілген патологиялық зерттеу нәтижелері бойынша ошақтың ауданы 3 009,4 гектарға ұлғайып кеткені, сөйтіп 31 891,2 гектарға жеткені анықталды. Орман патологінің қатысуымен орман жамылғыларына мұндай тексеру алдағы уақытта да жалғасып, таралу аумақтары белгіленеді. Қажет болған жағдайда зиянкестермен күресу шараларын айқындау үшін орман патологиялық зерттеуі де жүзеге асырылуы мүмкін. Зақымдану пайызы әр жерде әртүрлі, кейбір жерлерде толығымен жайылса, енді бір тоғайлардың мұрты да бұзылмаған. Ал құрттар жеп кеткен жапырақ 2-3 апта ішінде табиғи түрде қалпына келеді. Көбелектерді жою үшін «Диурон» препаратымен механикаландырылған жерүсті химиялық өңдеу жүргізіледі. Қолданылатын инсектицид ел аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтердің тізіміне енгізілген. Өңдеу арнайы жабдықтармен (КамАЗ немесе ГАЗ түріндегі автомобильге орнатылған аэрозольді термогенераторлық немесе газ генераторлық қондырғы) бүрку жолымен жалғасады. Алғашқы аптада шамамен 8 мың гектарға жуық жердің ағаштары өңделді, – дейді С.Төлеутаев.
Орман зерттеушілері жұпсыз жібек көбелектері Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында таралып отырғанын айтады. Оның жаппай таралуы екі аймақта да бірдей қарқында деуге болады. Мамандардың былтыр жібек көбелектерінің ағаштарға салып кететін дернәсілдері жылдағыдан көп болады деген болжамдары дөп келіп отыр. Олардың дернәсілі суыққа өте шыдамды, -42 градус аязға дейін өміршеңдігін сақтап қалады екен.
Ал «Республикалық орман селекциялық-тұқым өсіру орталығы» РМҚК Семей құрылымдық бөлімшесінің инженер-орман патологі Қаршыға Тұрлыбеков Ертіс-Баян өңіріндегі құрт түскен ормандардағы зақымдану деңгейі 75 пайызға жететінін атап өтті. 2021-2022 жылдары жәндіктер жасыл желектің 80 пайызына дейін жеп қойған. Кейінгі екі жылда жібек көбелегінің белсенділігі артып келе жатқаны да байқалады. Орман патологтері жылына екі рет, яғни күзде және көктемде мониторинг жүргізіп, болжам жасайды екен. Нәтижеге жету үшін бұл аумақтарда кемі қатарынан үш жыл өңдеу жүргізілуі керек. Кейде табиғи жағдай әсерінен саны азайып, зиянкестердің «тәбеті» де төмендеуі мүмкін. Фенологиялық дамуы қоршаған ортадағы температураға, ылғалға тәуелді. Күн күрт ысыса, 4-5 күнде құрт бір жас сатысынан екінші сатыға өтеді.
– Жібек көбелектері 2018 жылы Ресейдің Омбы облысынан келген. Павлодар ормандарындағы көбелектердің ағаштарда 5 жыл ұялап қалғанын ескеру керек. Оларды бір рет өңдеп, құртып жіберу деген ойға сыймайды. Оның үстіне бұл жердегі құрттың түрішілік ерекшелігі де анықталмай отыр. Белгілі бір жұқпалы аурудың немесе зиянкестердің аумақта жылдам таралып кетуін ғылым тілінде «эпифитотия» деп атайды. «Дәл қазір Кереку жерінде осы жағдай. Егер ол карантиндік түр, яғни азиялық тип болып танылса, онда облыс көлемінде карантин жариялап жіберуге болар еді. Сосын онымен күресуге республикалық қазынадан молырақ ақша бөлініп, өңдеу жұмыстарының көлемін арттыруға да мүмкіндік туады. Әзірше бұл жайында айту қиын. Былтыр маусым айының соңында жібек құрттары тойынған соң қуыршаққа айналды. Ал биылғы жағдай өзгеше, олардың белсенділігі енді ояна бастағандай. Сондықтан қауіпті кезең әлі де тарқамайды», дейді Қ.Тұрлыбеков.
Жүргізіліп жатқан өңдеу жұмыстарының тиімділігін бағалау он бес күн өткен соң қолға алынады. Оның мониторингі жария етілген соң, орман зерттеушілерінің тамыз айында тағы бір мәрте тексеру жүргізбек ойы бар.
Жұпсыз жібек көбелегі қайың, терек, көктерек, үйеңкі және қарағаштың жапырақтарымен қоректенгенді ұнатады. Ал қорек табылмай бара жатқан уақытта қылқанжапырақты ағаштарға ұялап, олардың желегін де жалмай беруге қабілетті. Дамуының алтыншы сатысына дейін қоректене беретін зиянкестерден Ресейдің Қазақстанмен шектесетін өңірлері де жыл сайын зиян шегіп жатыр.