2015 жылы Маңғыстау облысы Қарақия ауданында барыстың қақпанға түсіп қалғаны туралы суретімен расталған ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Бұл мәлімет қоғам арасында ұзақ талқыланды әрі үлкен қызығушылық туғызды. Себебі сол кезде жануардың бұл түрі Қазақстанның фаунасында бұрын-соңды кездеспеген және бұл аумақтарда мекендегені туралы ақпарат болмаған. Бұл ретте ғылыми әдебиеттен белгілі, көршілес Түрікменстан аумағында азиялық барыстың шамамен 100-ден астамы өмір сүретіні айтылады.
2018 жылдың қыркүйек айында елімізде алғаш рет Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері фототұзақтың көмегімен жас еркек азиялық барыстың суретімен бөліскен еді. Сол кезде бұл нағыз зоологиялық жаңалық болатын. Ақпараттық науқан жүргізу барысында және балалар арасында шығармашылық сурет байқауын өткізу кезінде барысқа Тау Шері деген есім берілген. Осылайша, екі жылға жуық Тау Шері барысы қорық аумағында бірнеше рет фототұзаққа түсіп қалып жүретін. Алайда жаз мезгілінде көзден таса болып, мүлде көрінбей кеткен еді. Мамандар жабайы жануардың қорық аумағынан шығып кету себебі өзінің ортасын іздеп кеткен болуы керек деп болжам жасады.
Маңғыстау облысы бойынша табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының хабарлауынша, жануарлар әлемін қорғаушы мамандар барыстың Маңғыстау жерін мекендеуі туралы биологиялық негіздеме жасақтап, аталған азиялық барысты еліміздің Қызыл кітабына енгізу бойынша жұмыстанды. Нәтижесінде, осы мәселе негізге алынып 2021 жылы Үкімет тарапынан тиісті шешім қабылданды. Сондай-ақ елімізде барыс популяциясын сақтап қалу жөніндегі арнайы іс-жоспар жасақталды. Бірінші басымдықтардың қатарында барыстың және оның негізгі қоректенетін объектілеріне (Үстірт тау қойы мен қарақұйрық) мониторинг жүргізу, жануарлардың негізгі мекендейтін ортасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін кеңейту, ықтимал қақтығыстардың алдын алу мақсатында жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, адамдар мен жабайы жануар арасындағы болуы мүмкін қақтығыс жағдайларды болдырмау, сондай-ақ браконьерлікпен күрес, соның ішінде үлкен тұзақтарды қолдануға жол бермеу болды.
2021 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында жергілікті тұрғындар өлі барысты тауып алғаны туралы тиісті табиғат қорғау мекемелеріне хабарлаған еді. Өлген жануардың суреттеріне жан-жақты талдау жүргізген мамандар, өкінішке қарай, қорық аумағынан шығып кеткен Тау Шері екенін растады. Сарапшылар жануардың нақты неден өлгені туралы негізгі себебін таба алмады. Алайда бұл жағдайда барыс өлерінің алдында браконьерлер тарапынан жараланған болуы мүмкін деген болжам айтылды. Тау Шерінің денесін тауып, анықталуына «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік қауымдастығының биолог сарапшылары Нұрлыхан Исмаилов пен Айбат Мұзбай зор үлес қосқанын атап өту керек.
Тау Шерінің тағдырына алаңдаған табиғат жанашырларының көңіл күйін түсірген бұл қайғылы оқиғадан кейін еліміздегі барыстың мекендеу тарихы осымен бітті немесе бұл бұдан былай қайталануы екіталай деген ақпарат айтылды. Алайда 2022 жылдың ақпан айында Үстірт қорығынан жағымды жаңалық келді: ерекше қорғалатын табиғи аумақта қойылған фототұзақтың бірінде жаңа барыстың арқасы мен құйрық бөлігінің фрагменті объективке түсіп қалған бұл бейнекадрды басқа жануармен шатастыру мүмкін емес болатын.
Ал 2022 жылдың жазында және 2023 жылдың сәуірінде «Қызылсай» өңірлік табиғи паркінің қызметкерлері барыстың Маңғыстау жерінде кездескені туралы расталған мәліметпен бөлісті. Осылайша, барыстың Маңғыстау облысына қайта оралғаны белгілі болды. Бұл сирек кездесетін ерекше жануардың жүріс-тұрысын тиімді бақылау және қорғау үшін әртүрлі табиғат қорғау ұйымдарының бірігуі маңызды. 2023 жылдың мамыр айында елімізде ірі мысықтарды зерттеу және қорғау бойынша халықаралық трансшекаралық жоба іске қосылды. Жобаның еліміздегі негізгі орындаушысы – «Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы» қоғамдық қоры. Жобаны іске асыру аясында қазірдің өзінде жаңадан бірнеше фототұзақ сатып алынды, олардан алынған мәліметтермен Үстірт қорығы, «Қызылсай» өңірлік табиғи паркі, Кендірлі-Қаясан қорық аймағы және аймақтық аумақтық инспекция қызметкерлері өзара ақпарат алмасып отырады. Бұл өз кезегінде барысты мониторинг жасап отыруға, мұндай сирек кездесетін жануарларды қорғау бойынша жоғарыда аталған табиғат қорғау ұйымдарының күш-жігерін біріктіреді.
Биылдың өзінде барысты сақтау бойынша басқа да бірқатар маңызды іс-шара күтіп тұр. Атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан шекараларының түйіскен жерінде Үстірт қорығының жаңа Оңтүстік кластерін құру бойынша жұмыстар аяқталуда және жануарлардың мемлекеттік шекара арқылы кедергісіз өту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанның Шекара қызметімен нақты жұмыстар басталды. Табиғат қорғау саласындағы білікті мамандар бұл бастамалар кездейсоқтық емес, керісінше барыстың Маңғыстауға қайта оралуы бүкіл табиғатты сақтау жолындағы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.