• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Оқиға 20 Шілде, 2023

Жолаушы өліміне кім кінәлі?

828 рет
көрсетілді

Адам өмірінен қымбат байлық жоқ. Бірақ соңғы кезде жолға шыққан жолаушының діттеген жеріне жеткенше, иманын үйіріп отыратыны жасырын емес. Оған көлік жүргізушілерінің алдағы мәшинені басып озуға асығатыны себеп болып отыр.

Атырау облыстық полиция департаментінің бас­тығы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, биылғы бес айда мерт болғандар саны 8,8%-ға өскен. Жол-көлік оқи­­­ғаларының дені жүргізу­шілердің жылдамдықты шамадан тыс асырып, қарсы ба­ғытқа шығуынан болады. Рес­публикалық маңызы бар тас жолдарда нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 ав­токөлік өтуге тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 мың автокөлікке жеткен. Автокөлік ағынының 3 есеге артқаны жол апатының өсуіне әсер еткен.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Атырау облыстық басқармасының бастығы Ға­лымжан Құсанның айтуынша, жол-көлік оқиғасының себебін анықтау үшін үнемі талдау жүргізіледі. Статистикалық тал­­­дауға сәйкес жол-көлік оқи­­­ғасының 48 пайызы Аты­рау қаласында тіркелетіні анықталған. Жол апатының 24 пайызы автокөліктердің соқ­тығысуына, 35 пайызы жаяу жүргіншілерді қағу де­регіне байланысты болған.

«Жол апатының барлығы адами фактордың салдарынан болатыны дау тудырмайды. Бұған бірнеше себеп бар. Көлік жүргізушілері өзінің немесе өзгенің өмірін сақтауға деген жауапкершілікті се­зінбей, жылдамдықты ша­мадан тыс асырады. Рульде келе жатып, мобильді телефонды қолданады. Жолдағы маневр жасау талаптарын бұзады. Балаларды арнайы құрылғысыз тасымалдайды. Ең бастысы, жолда жүру ережесінің қағидаларын сақ­та­маудың сал­дарынан апат­қа жиі ұшы­райды», дейді Патруль­дік полиция рота­сының командирі, полиция капитаны Әділбек Шахметов.

Оның айтуына қарағанда, өңір аумағымен өтетін рес­публикалық маңызы бар тас жолдарда жыл басынан бері 38 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатының салдарынан 33 адам мерт болып, 57 адам әртүрлі дене жарақатын алған. Сол себептен, осындай жолдарда көлік апатының алдын алу үшін рейдтік іс-шараларды жүргізу қолға алынған. Алай­да полиция тарапынан осындай қадағалау болағынан қа­рамастан, жүргізушілер басып озуға тыйым салынған жол белгісін елемейді. Сөйтіп, жылдамдықты шектен тыс асырып, алдындағы көліктен озу үшін жолдың қарсы бағытына шығады. Жыл басынан бері тас жолдарда жыл­дамдық режимін сақтамаған 12 809, басып озу ережесін бұзған 611 жүр­гізуші ұсталған. Мәселен, 18 маусымда Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда Lada Priora пен Yutong автобусы соқтығысты. Жол апатының сал­дарынан жеңіл көліктегі алты адам жантәсілім етті. Көз жұмғандардың арасында 1985 жылғы әйел, 2013, 2016, 2019 және 2021 жылғы балалар бар. Lada Priora жеңіл көлігінің 1982 жылғы жүргізушісі об­лыстық ауруханада алған дене жарақаттары салдарынан есін жимай, көз жұмды. Мерт болғандар бір отбасының мүшелері – ерлі-зайыпты мен төрт баласы.

Жеңіл көлікпен соқ­ты­ғысқан Yutong автобусы Аты­рау қаласынан Қызылқоға ауда­нындағы Сағыз стансасына күн сайын жолаушы тасымалдап жүрген қоғамдық  көлік екені анықталды. Жол апаты болған сәтте автобуста 26 жолаушы болған. Ал 16 шілдеде жеті адамның өмірін қиған жол апаты Дос­сор-Құлсары-Бейнеу ба­ғы­тындағы тас жолдың 82-ша­қырымы тұсында тір­кел­ді. Басып озуға тыйым са­лынған жол белгісінің дәл жанында Chevrolet Cobalt маркалы автокөлігінің рөліндегі жүргізуші қарсы жолаққа шы­ғып кеткен. Сөйтіп, Toyota Ipsum  көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салда­рынан оқиға орнында жеті адам – жеңіл көліктің жүр­гізушісі мен төрт жолаушысы, Toyota Ipsum жүргізушісі мен бір жолаушысы қаза тапты. Жол апатына ұшыраған екі автокөліктің жүргізушісі де бұрын бірнеше рет жыл­дам­дықты шамадан тыс арт­тырғаны үшін жа­уап­кер­ші­лікке тартылғаны анық­талған.