Исатай аудандық пошта торабының курьері Жанар Мұханбетова Аққыстау ауылында тұрады. Ол газет-журналды электрлі мопедпен таратып жүр. Жаңа үлгідегі техниканы 200 мың теңгеге сатып алған.
«Көлігімді 2-3 сағат электрмен қуаттандырып аламын. Оның қуаты 45 шақырым жол жүруге жетеді. Бұрын газет-журналды жаяу таратып, біраз шаршайтын едім. Қазір жұмысым жеңілдеді. Мерзімді басылымдарды жарты күнде таратып шығамын», дейді Жанар Мұханбетова.
Аудан әкімі Полымбет Хасанов мопед мінген пошташымен танысуға бел буыпты. Өйткені оның жұмысы қызықтырған.
– Күн сайын жұмысқа аудандық пошта торабының алдында тұрған екі дөңгелекті мопедті көремін. Бұл техниканы кім, қандай мақсатта пайдаланатынын білгім келді. Көліктің иесі – курьер қызметін атқарып жүрген Жанар Мұханбетова. Мұндай қарапайым жұмысқа қызығушылық жоқ. Қазір ауданда тағы екі курьердің орны бос тұр, – дейді Полымбет Хасанов.
Әкімнің айтуына қарағанда, қарапайым еңбек адамдарына қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, былтыр пошта саласында ұзақ жыл газет тасушы болған Қалампыр Сүйеуқызы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Әр адамның несібесі өзінің пейіліне байланысты болады ғой. Ниетіміз түзу болса, кез келген жұмыстан берекелі табыс табуға мүмкіндік бар. Сол себептен, жастарды қызметтің беделіне қарамай, адал еңбек етуге шақырамын» дейді аудан әкімі.