Солтүстік Қазақстан облысының аумақтық қорғаныс бригадасында ұйымдастырылған жиынға өңірлік қолбасшылық әскерлері мен Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшыларының аумақтық әскерлер басқармалары бөлімдерінің бастықтары, әкімдердің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшілері, аумақтық қорғаныс бригадаларының командирлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
– 2017 жылы аумақтық әскерлердің құрылғалы бері осындай бейіндегі мамандармен оқу-әдістемелік жиын екінші рет өткізіліп отыр, – деді Аумақтық қорғаныс департаментінің бастығы – Қарулы Күштер Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Серік Борамбаев. Сонымен қатар оларға алғаш рет жергілікті атқарушы органдардың өкілдері де қатысып отыр.
Жиын барысында аумақтық қорғаныс күштері мен құралдарын жоспарлау, өрістету, олардың үйлесімділігі, өзара іс-қимылы мәселелері бойынша теориялық дайындықтан басқа аумақтық қорғаныс бригадасының әскери міндеттілерімен әскери жиын бойынша практикалық сабақтары да жоспарланған. Жиынға қатысушылардың кәсіби даярлық деңгейі, оның ішінде теориялық білімі сынақтарда және практикасы оқ ату жаттығуларында тексерілді. Іс-шара шеңберінде дөңгелек үстел отырысы өтіп, онда «Аумақтық қорғаныс туралы» Заңның жобалары және оны дамыту жөніндегі кешенді жоспар қаралды.
Үш күндік оқу-әдістемелік жиын аумақтық қорғаныс жүйесін әртүрлі дағдарыстық жағдай туындаған кезде өрістетуге дайындау сапасын арттыруға бағытталған. Іс-шара қатысушылардың командалары арасындағы достық шағын футбол матчынан басталды. Сонымен қатар жиын жұмысына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қатысқанын айта кеткен жөн.