Біраз уақыттан бері отандық кәсіпорындардың халықаралық Alibaba.com сауда алаңына шыға бастағаны белгілі. Биыл маркетплейсте 70 отандық компанияны орналастыру жоспарланып отыр. Бірінші кезең аясында 2023 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 44 ұйым іріктелді. Олардың барлығы Alibaba платформасында бір жылдық «Алтын жеткізуші» мәртебесін алған.
«Премиум мәртебесі отандық компанияларға жаһандық аудиторияға қолжетімділікті ашады, олардың халықаралық сауда алаңында танымалдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Бір жыл ішінде кәсіпкерлер танымал маркетплейс арқылы өнімдерді шетелдік нарықтарға қалай жылжыту керектігін тегін үйретеді. Бұдан басқа, олар экспорт үдерісінде толық сервистік қызмет пен сүйемелдеуге ие болады», деді «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ Бас директорының орынбасары Әсел Егембердиева.
Іріктеудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша өңдеуші сектор өкілдерінен 100-ден астам электрондық өтінім келіп түскен. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, дайын азық-түлік тауарларын, машиналар мен жабдықтарды, көлік құралдарын, аспаптар мен аппараттарды, сондай-ақ химиялық өнімді өндірушілер бар. Бағдарламаға қатысуға тауар өндірушілер де, сауда компаниялары да өтініш бере алады. Премиум-шоттарды төлеуден басқа кәсіпкерлерге тексеру рәсімінен өтуге және сауда алаңында шағын сайттар құруға көмектеседі, консультациялық қолдау көрсетеді.
Бүгінде халықаралық B2B сауда алаңында бизнестің барлық сегменттері ұсынылған. Сұранысқа ие тауарлар арасында «Тамақ, сусындар» және «Ауыл шаруашылығы» санаттарындағы өнімдер жетекші орын алады.
Әсел Егембердиева атап өткендей, отандық азық-түлік тауарлары қолжетімді бағамен жоғары сапалы органикалық өнім ретінде өзін көрсете алды. Мысалы, 2020 жылдан бастап отандық бал өнімі Alibaba маркетплейсінің халықаралық серіктестері сұраныстарының басында тұр.
«Жыл сайын біздің тауарларымыз Шанхайда өтетін әлемдегі ең ірі импорттық Ciie көрмесінің алаңында көрсетіледі. Қытай нарығында қазақстандық кондитерлік өнімдер, кәмпиттер, шоколад, макарон, күнбағыс майы және басқалары да танымал», деді QazTrade өкілі.
Қазір Alibaba сауда платформасында 5 мың отандық тауар орналастырылған. Отандық компаниялардың В2В маркетплейс арқылы жалпы сатылымы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 300 млн доллардан асыпты.
Енді алда Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен халықаралық Alibaba.com сауда алаңына шығару жөніндегі бағдарламаға қатысу үшін Қазақстан кәсіпорындары арасында іріктеудің екінші кезеңі өткізілмек. Жаңа іріктеу 10 шілдеде басталып, 2023 жылдың 23 шілдесіне дейін жалғаспақ.
Естеріңізге сала кетейік, QazTrade экспорттаушыларды қолдау шараларының Бірыңғай операторы тағы бір қытайлық маркетплейспен ынтымақтасады – JD.com. мұнда 25 қазақстандық брендтің өнімдері ұсынылды, мамыр айында тауарлардың қанатқақты партиясы рекордтық мерзімде сатылды.
Мұндай электронды платформалардың тиімділігін бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан болатын:
«Қытай әлемдік лидер болып отырған электронды коммерция саласында да өзара сауда өсімі үшін қосымша мүмкіндіктер бар. Alibaba Group және JD COM сияқты қытайлық интернет-алпауыттарда потенциал да, орасан тәжірибе де бар. Орталық Азия елдерінің бәсекелі позициясын ескере отырып, өнімдерді алға қарай ілгерілетуде Қазақстан ірі Қытай маркетплейстерін пайдалану ауқымын кеңейтуді ұсынады. Жалпы, өзара сауда айналымының ұлғаю перспективасын ескере отырып Қазақстан жаңа кеден қоймаларын құру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты логистикалық тұрғыда қолайлы болу үшін барлық серіктестерімізге өз тауарларын біздің қоймаларда орналастыруды ұсынамыз. Бұл Қытайдан Орталық Азия және керісінше бағытта тұтынушыларына тауар жеткізу мерзімін әлдеқайда қысқартады. Аталған жұмысты «С5+Сһіпа» бірыңғай электрондық сауда платформасын енгізумен синхрондауға болады», деген еді Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммитінде.
Алдағы уақытта Президент ұсынысы тиісті күшіне енеді және соның арқасында елдер арасындағы электронды коммерция айналымы қазіргіден де әлеуетті бола түседі деген сенім бар.
Айтпақшы, Президент осы сөзін айтқан саммит қарсаңында Сиань қаласында «Қазпошта» мен қытайлық UBI Smart Parcel (Shenzhen) Limited өкілдері кездесіп, eBay, Alibaba және Amazon электронды сауда алаңдарына отандастарымыздың қолжетімділігін жеңілдете түсетін тиісті меморандумға қол қойды.