• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Шілде, 2023

Жылыту маусымының алдында Екібастұз энергетикалық объектілері тексеруден өтті

197 рет
көрсетілді

Көмірге қатысты мәселе болмауы тиіс. Алдағы жылыту кезеңіне қарай Қазақстанның электр станциялары мен өңірлік ЖЭО-да қажетті отын қорын жинақтауға байланысты барлық мәселелер шешілетін болады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов «Самұрық-Энерго» компаниясының Екібастұз энергетикалық кешенінің кәсіпорындарына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұзда «Самұрық-Энерго» АҚ электр энергетикалық холдингінің құрылымына «Богатырь Көмір» ЖШС көмір кесігі, сондай-ақ Екібастұз МАЭС-1 және МАЭС-2 кіреді. Бүгінде олардың барлығы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде және еліміздің энергетикасы үшін аса маңызды инвестициялық жобаларды іске асырып жатыр.

Сапар Қазақстандағы ашық тәсілмен көмір өндіретін ірі компания - Богатырь Көмір ЖШС-ның «Богатырь» көмір кесігінен басталды. Кәсіпорында 6 550 адам жұмыс істейді. «Богатырь Көмір» ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 42 млн тонна көмірді құрайды, оның ішінде «Богатырь» кесігі бойынша - 32 миллион тонна, «Северный» кесігі бойынша - 10 миллион тонна. «Богатырь Көмір» ЖШС – ның үлесі - 2022 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстанда өндірілетін барлық көмір көлемінің шамамен 40%-ы (42,5 млн тонна). Жыл сайын энергетикалық көмір ҚР мен РФ-ның энергия өндіруші ұйымдарына жөнелтіледі.

«Богатырь» кесігінде Нұрлан Жақыпов көмір берудің циклдық-ағындық технологиясын енгізу жөніндегі жобаның іске асырылу барысымен танысты. ЦАТ жобасы өзінің жобалық қуатына кезең-кезеңімен шыға отырып, осы жылдың тамыз айында толық аяқталады. Бұл жоба тұтынушыларға отын жеткізуді арттыруға мүмкіндік береді.

Келесі аралау нысаны «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС электр станциясы болды. Белгіленген қуаты 4000 МВт және қолда бар қуаты 3500 МВт ЕМАЭС-1 Қазақстан энергетикасының флагманы болып табылады. ЕМАЭС-1-дің электр энергиясын өндіру көлемі 2022 жылдың қорытындысы бойынша 23 млрд кВтсағ құрады, бұл станция тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып табылады. Ағымдағы жылдың 6 айында станция 11,2 млрд кВтсағ өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға артық.

Қор басшысы № 1 энергия блогының блоктық басқару қалқанын қарап, оны қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Осы жылдың соңында №1 энергия блогы пайдалануға берілгеннен кейін станцияның белгіленген қуаты 4000 МВт құрайды. Жобаның мақсаты - станцияның қолда бар қуатын жобалық қуатқа дейін ұлғайту, сұранысты қанағаттандыру және Қазақстан Республикасында электр энергиясының тапшылығын төмендету. Энергия блогын қалпына келтіру кезеңінде 500-700 адамға арналған жаңа жұмыс орындары құрылды, пайдалану кезеңінде 54 адам тартылатын болады. Сондай-ақ заманауи электр сүзгілерін орнату есебінен экологиялық нормативтердің орындалуы қамтамасыз етіледі. «№1 энергия блогын қалпына келтіру» жобасын белгіленген мерзімде аяқтау жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта станцияда №3 энергия блогына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Көмір жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды. Жөндеу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде, олардың тәртібі «КЕGОС» АҚ жүйелік операторының ұлттық диспетчерлік орталығымен келісілді. 2023-2024 жж. КҚК-ге қарай қоймаларға жоспар бойынша көмір жинақталып жатыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының жұмыс сапары «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ға барумен аяқталды.

Оның белгіленген электр қуаты 1000 МВт құрайды. Станция жыл сайын шамамен 6,0 млрд кВтсағ электр энергиясын өндіреді, сондай-ақ жақын маңдағы Солнечный кентін жылу энергиясымен қамтамасыз етеді.  Осы жылдың 6 айында станция 3,0 млрд кВтсағ электр энергиясын өндірді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5% - ға артық.

Станциядағы 2023 ж. жөндеу науқаны белгіленген мерзімде өткізіледі, № 2 энергия блогы 2 мамырдан 26 шілдеге дейінгі мерзімді қоса алғанда күрделі жөндеуде, ол аяқталғаннан кейін №1 энергия блогын ағымдағы жөндеуге шығару жоспарлануда. Станция қоймаларында қажетті отын қорлары (көмір, мазут) жинақталған, жеткізу уақтылы жүзеге асырылады.

МАЭС-2-ге бару барысында «Самұрық-Қазына» қорының басшысы станцияда №3 және №4 энергия блоктарын салу жобаларын іске асыру бойынша жұмыстармен танысты. №3 энергоблоктың қуаты 636 МВт құрайды деп болжануда, жоспарланып отырған өндіру - жылына 4,8 млрд.кВтсағ. Энергия блогын пайдалануға беру ҚР-дағы электр энергиясының тапшылығын ең төменгі деңгейге дейін төмендетуге мүмкіндік береді.