• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Технология 23 Шілде, 2023

Көлік құрастыратын шебер

1084 рет
көрсетілді

Атырауда ескі көліктен жаңасын жасап шығаратын шебер бар. Ол – Нұржан Темірбай. Жас жігіт көлік құрастыруды 12 жыл бұрын қолға алған.

Механик мамандығын меңгерген жігіт бірнеше көлік құрастырған. Оның ішінде Toyota моторы орнатылған BMW, автожарысқа арналған спорттық көліктер,  мотоцикл бар. Мәселен, Gorilla Drift Energy сайысы үшін  BMW көлігін құрастыруға 1,5 жыл уақытын жұмсаған. Көңілі қалаған көлікті арнайы цехта, не жөндеу орталығында емес, жеке гаражында құрастырады. 

Ол құрастырған техниканың бірі – «Газ-24» маркалы көлігі. Ел аузында Волга аталған көлік зауыттан 1963 жылы шығарылған. Бұл көлікті қайта құрастыру үшін 5 миллион теңгеден астам қаржысын салған.

– Әркімнің көңілі қалайтын ісі болады ғой. Бала кезімнен техникаға әуес болдым. Ойыншықтарды бұзып, қайта құрастыратын едім. Кейін көлік құрастырамын деген тоқтамға келдім, – дейді Нұржан Темірбай.

Ол құрастырған көліктің бірі – Волга. Оны Орал қаласынан 300 мың теңгеге сатып алған. Атырауға әкелген соң қайта бояған. Сөйтіп, 60 жыл бұрынғы  көлікті 11 сантиметрге ұзартып, каб­риолет кейпіне келтірген.

Волга көлігіне «құда» түсушілер аз емес. Бұл көлікті бұрнағы жылы Ақтау қаласында түсірілген кинодан көруге болады. Тіпті әнші Ерке Есмаханның клипінде де бар. Ресейден де шақырту түскен. Ретрокөлікті блогерлер де ролигіне пайдаланып жүр.