Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет пен судың құндылығын салыстырып, интернетті де «судай» үнемдеуге кеңес берді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Ақшаны үнемдеп, мобильді интернеттің қымбат екенін түсінейік. Үйге келгенде wi-fi желісіне ауысу керек. Экономика мәдениеті болуы керек. Суды үнемдегендей мобильді интернетті де үнемдейік», деді министр Бағдат Мусин бүгінгі Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, интернет - сарқылатын ресурс.
«Егер сізге техникалық білім беру бағдарламасын жүргізу қажет болса, мен дайынмын. Интернет - шектеулі ресурс. Себебі базалық станция мобильді құрылғылардың белгілі бір санын қосады. Белгілі бір саннан көп мобильді құрылғылар қосылған болса, оған сай байланыс нашарлай бастайды. Ал екінші базалық станцияны орнату үшін қомақты инвестиция қажет», деп түйіндеді Бағдат Мусин.