• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Шілде, 2023

Ауылды дамытуға жеке инвестиция керек

378 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов­тың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасын жүзеге асыру мәселе­лері қаралды. Онда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрінің мәліметінше, қазіргі таңда республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн ауыл тұрғыны немесе халықтың 38 пайызы тұрады. Ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл ірік­теліп алынған. Онда ауыл тұрғындарының 93 па­йызы тұрады.

Бүгінгі таңда ауылдардың инфрақұрылы­мын дамыту «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде басым бағыт ретінде жүзеге асырылып келеді. Оны бағдарламаның жүзеге асырылу барысынан көруге болады.

 Бағдарламаны қаржыландыру 6,7 есе артты

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан аса жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысанды, 1 200 әлеуметтік нысан мен 2 мыңнан аса көлік инфрақұрылым нысанын салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.

«Биыл 771 ауылдық елді мекенде 1 800 жобаны іске асыру үшін жалпы 218,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруа­­шы­лық саласындағы 244 жоба, 383 әлеу­меттік ны­­­сан және ауылішілік жолдарды жақсар­ту бойын­­ша 1 200 жоба іске асырылып жатыр», деп мәлім­­деді Ә.Қуантыров.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, рес­публикалық бюджеттен осы жылға 198 млрд теңге қарастырылған.

Мұнымен бірге, биылғы бірінші жарты­жылдықтағы бөлінген қаржыны игеруге қатысты облыс әкімдіктері бюджет қаражатының 27 пайызын игерген. Қаражаттың жоғары игерілуі Павло­дар, Ақтөбе Қызылорда облыстарында байқалады. Ал Алматы мен Ұлытау облыстарына тиесілі қара­жаттың игерілуі аз болып тұр.

Жалпы, бүгінгі таңда, 1600 жоба бойынша конкурс өткізіліп, 158 жоба жүзеге асырылып болған. Аяқталмаған ең көп жоба Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анықталған.

Министр өз кезегінде биылғы жылдың аяқ­талуына алты айдан аз уақыт қалғанын, осы орайда министрлік әкімдіктермен бірлесіп, бағдарламаны тиімді іске асыру бағытындағы келесі жұмыстарды жүргізетінін айтты. Олар:

жобалардың конкурстарын өткізу үдерістерін тездету; бағдарлама аясында қосымша қаржы талап ететін нысандарға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру; бөлінген қаражатты уақтылы игеруді қамтамасыз ету; құрылысы жүріп жатқан жобалардың жыл соңына дейін сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалау; жобалардың орындалу барысына апта сайын мониторинг жүргізу.

Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасының жүзеге асырылу аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына әсер етуін бағалау мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы талдау жасалып келеді. Қазірдің өзінде бағдарлама нәтижелерінен оң өзгерістер көруге болады.

Мәселен, 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштеріне сәйкес инфра­құрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны 786-ға жеткенін көрсетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 525-ке артық. Еліміздегі ауылдық аумақтарда тұратын 7,5 млн халықтың, 3,2 млн тұрғыны өңірлік стандарттармен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдарда тұратынын атап өткен жөн.

Ауылға көмектесетін ұйымдар мен кәсіпкерлер барлық өңірде бар

«Сонымен қатар өздері тұратын өңірлерге, туған ауылдарының инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардың белсенділігін атап өткім келеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауылдық жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және демалыс орындары салынған. Осындай жергілікті ұйымдар мен кәсіпкерлер барлық өңірде бар», деді министр.

Сондай-ақ ауылдарды дамытуға бөлініп жатқан мемлекеттік бюджет көлемінің ұлғаюы жеке инвестициялар үлесінің де артуына оң әсерін тигізіп келеді. Мәселен, 2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы 3,1 трлн теңгені құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды және жүзеге асырылып жатыр. Оны қазір көп­теген ауыл көріп отыр.

Тұжырымдамада «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасын іске асыру, сумен, электрмен жабдық­тау, газбен қамту, шекара маңы аумақтарын әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды салу, жөндеу және әлеуметтік нысандар салу арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қамтылған.

Сөз соңында Ә.Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында екенін қадап айтты.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыстағы 367 ауылдық елді мекендегі облыс халқының үлесі 56,7 пайызды құрайтынын айтты.

Оның сөзіне қарағанда, 2019-2022 жылдары «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 137 ауылда 471 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 158 әлеуметтік нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, күрделі жөндеуден өткен. Осы аралықта 32 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысаны пайдалануға берілген. Бұлармен бірге 443 шақырымды құрайтын 281 ауылішілік көше жөнделіп, 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылған.

Сондай-ақ 2023 жылы 90 елді мекенде 268 жобаны жүзеге асыру мақсатында 13,6 млрд теңге бөлініпті. Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бо­йынша 3,8 млрд теңгенің жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, қаржы 99,9 пайызға игерілген.

«Жыл басынан бері өңірде денешынықтыру-сауықтыру кешені, 2 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Дәрігерлік амбулатория мен ауылдық клубқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 66,7 шақырымды құрайтын 67 ауылішілік көше жолдары жөнделіп, есепті кезеңде 385 жұмыс орны құрылды. 2023 жылдың соңына дейін жалпы 179 жобаны аяқтау көзделіп отыр. 2024 жылға дейін 17 жоба жүзеге асырылмақ», деді өңір басшысы.

Өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, ең алдымен «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатқан елді мекендерде жүзеге асып отыр. Сондай-ақ аталған елді мекендерде ұлттық жобалар аясында және жергілікті бюджет есебінен басымдық беріліп, нәтижесінде 2026 жылға қарай әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 92,2 па­йызды құрайды деп күтіледі. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде әкімдіктің бақылауында болады.

 Нақты міндет пен табанды талап

Үкімет басшысы 2019-2022 жылдары әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша мыңнан аса ауылда 3,7 мыңнан аса жоба іске асырылғанына тоқталды. Сондай-ақ 33 мың жұмыс орны құрылғанын да атап айтты. Бұйыртса, биыл 800 елді мекенде шамамен 2 мың жоба жүзеге асырылады.

Мұнымен бірге, «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде салын­ған объектілерді пайдалануға беру мерзім­дерінің бұзылуы әлі де өзекті мәселе болып отыр. Премьер-министр бюджет қаражатын тиімсіз жоспар­лау және пайдалану, тендерлерді уақы­тында өткізбеу, тиісті бақылаудың болмауы объекті­лерді енгізу мерзімдерінің бұзылуына әкелетінін ескертті.

«Өңірлерде қаражатты тиімді пайдалану өте маңызды. Бір ауданда бірнеше жоба іске асырылып, басқа ауданда бірде-бір жоба жүзеге асырылмайтын жағдайлар болмауы керек», деді Ә.Смайылов.

Ол сондай-ақ Ауылдық аумақтарды дамыту­дың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы шең­берінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ауыл инфрақұрылымын жаңғырту бойынша негізгі құралдардың бірі болып белгіленгенін атап өтті.

 Отырысты қорытындылай келе, Үкімет басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын сапалы және уақытында іске асыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ оларды барынша қаржыландыру мәселесін пысықтау қажеттігіне назар аудартты. Ол Ауылдық аумақтарды дамыту үшін жеке инвестицияларды тарту жұмысын жеделдетуді тапсырды. Ұлттық экономика министрлігі мен мүдделі мемлекеттік органдардың және облыс әкімдіктерінің алдына Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының нысаналы индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз ету міндетін қойды