Екібастұздың жылу-электр стансасындағы күрделі жөндеу жұмыстары облыс басшылығының ғана емес, үкіметтегілердің де қатаң қадағалауында тұрғаны мәлім. Орталықтағы жабдықтарды жамап-жасқау шараларына 250 адам жұмылдырылған. Бүгінде олар алғашқы кезеңге жоспарланған жөндеу жұмыстарының шамамен 40 пайыздайын еңсерді.
Екібастұз ЖЭО-дағы бес бірдей су жылытқыш қазандықтарын жөндеуге 200-ден аса адам тартылған. №11, 14 және 15 қазандықтарды 20 қыркүйекке дейін қалпына келтіру көзделіп отыр. Өзге №12 және 13 қазандықтарын жөндеу мерзімі ұзағырақ, 31 қазанға дейін жалғасады. Мердігер «САЭМ-Павлодар» ЖШС-нің бас директоры Тимур Календаревтің айтуынша, аталған үш қазандық бойынша текше ыдыстар мен панельдерді монтаждау жүріп жатыр.
– Алғашқы үш қазандықтағы жөндеу жұмыстарының 40 пайыздан астамы орындалды. Жөндеу басталатын тағы екі қазандықты жуып, жабдықтарын бұзу шаралары басталып кетті. Қондырғыларда қалатын ескі құбырлар толықтай тексерілді. Рұқсат шегіндегі нормалар мен параметрлерге сәйкес келсе, бұрынғы құбырлар мен қосымша жабдықтарды орнында қалдырамыз, өзгесін жаңасына ауыстырамыз. Жаңа құбырларды артығымен алдырғанбыз, сондықтан барлығына жеткілікті болады. Осы аптада стансаға екі желілік сорғы келеді, одан соң тамыз айында тағы біреуі күтілуде, дейді ол.
Стансадағы желілік құбырлар да жаңартылады. Бұл жұмыстарға шамамен 30 адам жауапты. Одан соң орталыққа экранды құбырлар жеткізіледі. Материал кестеден кешікпей жеткізілсе, тамыз соңына дейін оларды толық дәнекерлеп шығу көзделіп отыр.
«Су жылытқыш қазандықтар бойынша мәселе жоқ. Тамыз айынан гидравликалық сынауларды бастап кетеміз. Мердігер компаниялардың басшыларымен сөйлесе келе жөндеу шараларын одан әрі күшейту жөнінде келістік. Яғни жұмыс күші алдағы уақытта тағы да көбейеді. Жылыту жүйесінің жоғары қабатындағы жұмыстар аяқталып қалғаны себепті барлық тораптарды қамтуымыз керек. Алдағы аптаның соңына дейін №11 қазандықтағы конвективті пакеттерді монтаждауды аяқтау міндеті тұр», деп қосты Т.Календарев.
Гидравликалық сынаулар 30 шілдеге дейін жалғасатыны себепті Екібастұз қаласының барлық үйлері осы аптада ыстық судан уақытша ажыратылады. Бұл уақытта шаһардың магистралдік және орамішілік жылу желілерінде құбырлардың тығыздығы мен төзімділігі тексеріліп, пайда болған жарықтар жамалады. Мердігерлер барлық жоспарлы шаралар уақытымен атқарылып, қала жұртшылығына жылу кестеден кешікпей беріледі деп сендіріп отыр.