• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Еңбек 26 Шілде, 2023

Ел ырысы – егінде

124 рет
көрсетілді

Алмалыбақ ауылының маңайындағы Қазақ егіншілік және өсім­дік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының тәжірибелік егіс­тік алқаптарында жайқалған алтын түстес «Егемен 20», «Қарой 90», «Момышұлы», «Алмалы», тіпті «Димаш» атты дән­ді дақылдардың жаңа сұрыптарымен, сондай-ақ қант қызыл­шасы мен мал азықтық және майлы дақылдардың жо­ға­ры өнімді түрлерімен танысудан басталған «Егінжай – 2023»­ далалық семинар-кеңесіне Ауыл­ шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, Президент жанындағы Ұлттық ғы­лым­ академиясының вице-президенті, ҚазҰАЗУ басқарма төр­­ағасы-ректор, академик Ақылбек Күрішбаев, Алматы облы­­сының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудан әкімдері, мемлекеттік құрылымдардың басшылары, ҒЗИ директорлары, ауыл шаруашылығының көрнекті маман-ғалымдары, өндіріс пен бизнес, БАҚ өкілдері қатысты.

Кеңеске сондай-ақ Түркия, Гер­мания, Чили, Аустралия, Пәкіс­тан, Қырғызстан елдерінен кел­ген селекция және тұқым шаруа­шылығы жөніндегі жетек­ші шетелдік мамандар,   Президентінің жанындағы   Ұлттық ғылым акаде­мия­сы­­ның ғалым-зерттеушілері, оңтүстік-шығыс өңірлердегі жер­гілікті ауыл шаруа­шылығы бас­қар­маларының және аумақ­тық инс­пек­циялардың басшылары келді.

Кеңеске қатысушылар елі­міз­­дегі іргелі ғылыми-зерттеу инс­титуттары мен Қазақ ұлттық аграр­лық зерттеу университеті жетіс­тіктерінің көрмесін тамаша­ла­ды.

Бүгінгі өте жылдам өзгеретін уа­қытта ғылым мен білімнің жетіс­тіктерін өндірісте қолдану  қоғам­ның дамуында шешуші рөл атқарады. Инновациялық идея­ларды ілгерілету мен прогрес­ке­ қол жеткізу үшін ғылыми қоғам­дас­тық пен өндірістік сектор ара­сын­дағы тиімді өзара байланыс­тар­ды нығайту қажеттілігі күн өткен сайын анық байқалып отыр.

«Егінжай күні» далалық семи­­­нар-кеңесінде өңірдегі ауыл шаруа­­шылығы дақылдарының селек­­­­циясы мен тұқым шаруа­шы­­­­лығын дамытудың қазіргі жағ­­дайы мен перспективалары,­ егіс­ дақылдарының тұқым шаруа­шы­­лығын ғылыми қамтамасыз ету және отандық инновацияны дамы­ту тетіктері, жаңа сорттарды өндіріске кеңінен енгізу және селекция және тұқым шаруа­­шылығы саласындағы маман­дар­дың­ біліктілігін арттыру сынды маңыз­ды мәселелер талқыланды.

«Алайда дәл қазіргі уақытта әлем­де қатты қуаңшылық бе­лең­ алып отыр. Соның салдары­нан­ орын алған геосаяси жағ­дай­ азықтық өнімдердің тапшы­лы­­ғын сездіріп жатыр. Демек эконо­ми­ка үшін де, халықтың әлеу­мет­тік ахуалын жақсартуда қуаң­шылыққа бейімделген егіс тұқымдары қажет. Еуропа мен Америкада шығарылған өнім тұқымдары біздің ауа райы­­мызға бейімделмеген. Сон­дық­тан ауыл шаруашылығы дақыл­­дарының отандық селекциясын жақсарту, сол арқылы тұқым шаруашылығын дамыту мемле­кеттік саясаттың басым міндет­те­ріне айналуға тиіс», деген моде­ра­тор Ақылбек Қажығұлұлы ғы­лы­ми жетістіктердің өндіріске баяу­ енгізіліп жатқан себептеріне тоқ­та­лып, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Оның айтуынша, 15 жыл бұ­ры­­н­­ғы өндірісте қолданатын отан­­дық тұқым­ның­ үлесі еселеп­ кеміп кеткен. Мысалға айтар бол­сақ, бүгінде тұқымның 70 пайызы шетелден алынса, 30 пайызы ғана отан­дық үлес сана­ла­ды. Сол себепті оңтүстік өңір­де тұқым шаруашылығы жүйе­сін дамыту мақсатында тұқым өндіру және сатумен айналы­са­тын аттестатталған тұқым өнді­ру­шілер шаруашылығын әрбір облыста дақылдардың бағы­тына байланысты көбейту және оңтүстік өңірдің ауыл шаруа­шы­лығы әлеуетін ескере отырып, шаруа қожалықтарының білік­тілігін арттыру мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу универ­си­тетінің білім тарату орталығын (экс­теншн) әрбір облыста ашуды ұсын­ды.

Сонымен бірге мемлекеттік суб­сидияларды шетелдік өнім сорт­тарына емес, тек қана отан­­дық өнім сорттарын жетіл­ді­ру­ге­ беру, ғалымдардың ғылыми жеті­с­­­тіктерін коммерциаландыру бағы­­­тында жергілікті облыстық әкім­­шілік тарапынан қолдау көр­сете отырып, жергілікті 019 бағ­дар­­ламасына бөлінетін қара­жат­ кө­ле­мін ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Өңірлердегі су тапшылығын ес­ке­ре отырып, ауыл шаруа­шы­лығы дақыл­дарын суаруда су үнемдеу техно­ло­гияларын енгізу үдерісін жедел­дету, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында тыңайтқыштарды қолдану жүйе­сін жетілдіру жайы да тілге тиек болды.

Отандық ғалымдардың потенциалын пайдалана отырып,­ жемшөп өндірісін дамыту бағдар­ла­масын (оның ішінде, ауыс­па­лы егістегі жемшөп дақыл­дары­ның кемінде 30 пайызын), жем­шөп дақылдарының тұқым шаруа­шылығын дамытудың өңірлік бағдарламасын, әкімшілік аумақтық бірліктердегі жайылымдарды тиімді басқару мен тозған жайылымдарды жақсарту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Бұдан кейін сөз алған Алма­ты­ облысының әкімі Марат Сұл­­­тан­­­ғазиев семинар-кеңеске қаты­­су­шыларды құттықтай отырып,­ өңір экономикасын, оның ішінде ауыл­ шаруашылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар ауқы­мы­на тоқталып өтті.

«Өнімділікті арттырудың ма­ңыз­­­ды факторлары жақсы сорт­­­тар мен сапалы тұқым болып та­­бы­­лады. Тұқымның жоғары сапасымен ғана сорттың әлеуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруға болады. Мысалы, тең жағдайда дәнді дақылдардың жоғары сапа­лы­ тұқымын себу өнімділікті 1,5-2 есе арттырады және астық өнім­ділігін гектарына 70-100 цент­нерге дейін жеткізеді», деген­ өңір басшысы шаруалар үшін жоғары сапалы тұқымның қол­­же­тім­ді­лі­гін қамтамасыз ету қажеттігін айрықша атады.

Дәнді дақылдардың жоғары өнім­ділігі үшін суару маңызды фактор саналады.

«Жүйелі жұмыстардың нәти­же­сінде, ағымдағы жылы облыс бойын­ша ауыл шаруашылығы дақыл­дарының егіс алқабы 3,5 мың гектарға ұлғайтылып, 465,8 мың гектарға жеткізілді, оның ішінде 264 мың гектар – суармалы жер. Барлық суару желілерінің ұзындығы 9,4 мың шақырымды құрайды. Суды үнемдейтін технологияларды қолдану басқа әдістермен салыстырғанда су шығынын 20-дан 80 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта дақылдарды күтіп-баптау (өсіру, мине­ралды тыңайтқыштар себу­­ және суа­ру)­­ жұмыстары жүр­­­гі­зіліп жатыр. Күз­гі егін жинау жұ­мыс­­тарына да­ дайындығымыз жақ­сы. Бү­гін­гі жиында көтеріліп отыр­ған­ маңызды тақырып – ғы­лым мен білімнің жетістіктерін агро­өндірісте қолдану мәселесі ауыл шаруа­шылығында жермен тіке­лей жұмыс жасайтын бізге тың серпін береді деп сенеміз. Ел игі­лігін еселеу жолында бірлесе қыз­мет етуге ниет етіп отырған бар­ша ғалымдар мен мамандарға сәт­тілік тілеймін», деді Марат Елеу­сізұлы.

Еліміздің оңтүстік және оң­түс­тік-шығыс өңіріне орналасқан облыс­тар өзінің бірегей табиға­ты­мен, құнарлы суармалы жер­ле­рімен ғана бай емес, сонымен қатар бұл аймақ еліміздің ауыл шаруа­шылығы әлеуетін арттыру­мен­ де ерекшеленеді. Бұл аймақта суар­малы жерлердің 5%-ы ғана орна­ласқанымен, олар ауыл шаруа­шылығы саласының ішкі жалпы өнімінің 25-30%-ын  құрайды.

«Егінжай күнінде» Ауыл шаруа­шы­лығы вице-министрі Ербол Тас­жүреков әлемдік ауыл­шаруашылық нарығындағы болып жатқан жаһандық өзге­ріс­терді алға тарта отырып, тұрақ­сыз геосаяси жағдай қоғамға көптеген заманауи азық-түлік жүйе­лерінің әлсіз жақтарын ашып көр­сеткеніне тоқталды.

«Бұл үдерістер біздің елі­міздің экономикасына да әсерін тигізетіні анық. Қазақ­стан Республикасының агро­өнер­кәсіптік кешенін орнықты дамыту мақсатында саланы дамы­тудың 2030 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасы іске асырылып отыр. Оны іске асыру нәтижесінде он жыл ішінде отандық өндірісті азық-түлік тауарларымен толық қамта­масыз ету, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 3 есеге ұлғайту, ауыл шаруа­шы­лы­ғын­дағы еңбек өнімділігін 3 есе арт­тыру және АӨК-ке инвес­ти­циялар ағынын 4 есеге ұлғайту жоспарланған.

Осы міндеттерді шешу үшін АӨК субъектілерін қаржы­лан­дыру­дың қолжетімділігін арттыруды, жер қатынастарын дамытуды және саланы цифрландыруды, сон­дай-ақ ветеринариялық және фито­санитариялық қауіпсіздікті қам­тамасыз етуді көздейтін шаралар кешені қолға алынды», деді Ербол Тасжүреков.

Вице-министр бұл қадам­дар­дың­­ әлі де жеткіліксіз екенін, көр­­ші әріптес елдер тарапынан бәсе­­келестіктің күшеюі, әлемдік нарық конъюнктурасының тұрақ­сыз­­дығы, сондай-ақ климаттың өзге­­руі мемлекет тарапынан саланы­ ­да­мытуда жаңа инновациялық ше­шім­дерді талап ететінін жасыр­ма­ды.

«Сондықтан Мемлекет басшысы мен министрлік АӨК сала­сы­ның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі факторы ретін­де аграрлық ғылымды дамытуға және мамандар даярлауға ерекше назар аударып отыр. Осылайша, аграрлық ғылымды дамыту және жоғары білікті кадрларды даярлау ғана АӨК дамуындағы локомотивке айналуына ықпалы тиері анық. Бүгінгі диалог біз­дің ынтымақтастығымыздың көк­жиегін кеңейтуге қызмет ете­ті­ніне сенімдімін. Біз әрқашан диа­логке ашықпыз, сондай-ақ рес­публиканың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі тиімді және орнықты дамыту жөніндегі сіз­дердің идеяларыңыз бен ұсы­ныс­тарыңызды қарауға және тал­қы­лау­ға дайынбыз», деп түйіндеді сөзін Ербол Қуанышұлы.

«Ғылым мен өндіріс байланысын нығайту – заман талабы» атты ауылшаруашылық саласының өзекті мәселелерін шешу жолдары талқыланған келелі кеңесте республикадағы жетекші ғылыми-зерттеу орталығы болып табылатын «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» басқарма төрағасы Шолпан Бастаубаева семинар-кеңеске қатысушыларды институт ғалымдарының ғылыми жетістіктерімен, алқаптағы ауыл шаруа­шылығы дақылдарының жаңа сорттарымен, АӨК сала­сын­­дағы инновациялық әзірле­ме­лер­мен таныстырды.

Шолпан Оразқызының айтуынша, ҒЗИ ғалымдары ауыл шаруа­шылығы өсімдіктерінің 500-ден астам сорт пен буданын өсіріп шығарған, олардың ішінде қазіргі уақытта елімізде 203 сорт пен буданды пайдалануға рұқсат етілген. Атап айтқанда, 31 – күздік бидай және тритикале, 34 – жемшөп, көпжылдық шөптер, 31 – жүгері, 31 – жаздық бидай, 24 – майлы дақылдар, 18 – арпа, 14 – сұлы, 8 – бұршақ дақылдары, 8 – қант қызылшасы, 4 күріш буданы бар. Таяу шетелдерде өндірісте 42 сортты пайдалануға рұқсат етілген. Олар Қазақстан мен ТМД елде­рінде шамамен 3,0 млн гектар жерді алып жатыр.

Іс-шара аясында көрнекті ғалымдар, бизнес, өндіріс өкіл­де­рі және мемлекеттік құры­лым­дардың жетекшілері ғылым мен өндіріс арасында қуат­ты серіктестік құру туралы өз тәжірибелерімен бөлісіп, инно­ва­циялық жетістіктерді өндіріске енгізу, өзара ынтымақтастықты қолдау және ғылыми-техникалық прогресті дамыту бойынша баяндамаларын ұсынды.

Сондай-ақ семинар-кеңес­ке қатысушы мамандар ғалым­дар­дың жасаған климатқа төзімді отан­дық сұрыптарды өндіріске енгізуде аграрлық сала мамандары жұдырықтай жұмыла жұмыс жасау керектігін баса айтты.

Ғалымдар «Егінжай күні» семи­нар-кеңесі жалпы ауыл шаруа­­шылығы дақылдарының жоғары сыныпты тұқымдарымен өнді­­­рісті қамтамасыз ету үшін­ экономиканың аграр­лық­­ секто­ры­ның тұқым шаруа­шы­­лығы сала­сының ғылы­ми­ негіз­де­рін­ жетіл­діру, норма­тив­тік-әдіс­те­ме­лік және заңна­ма­лық базасын үйлес­­тіру перспек­ти­ва­ларын шешуге бастамашы­ бол­ғанын атап өтті және ұйым­дас­ты­ру­шыларға алғыс білдірді.