• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Шілде, 2023

Оңтүстікті солтүстікпен үйлестірген көші-қон

414 рет
көрсетілді

Солтүстікке бағыт алған көші-қон хабары үнемі ел назарында. Бұл – мемлекеттік мәселе. «Оңтүстіктен – Солтүстікке» атты бағдарлама негізінде ішкі көші-қон үдері­сі жүріп жатыр. Мысалы, өткен жылы осы бағдарлама аясында 681 отбасы (2 556 адам) Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген екен.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне қарағанда,  көшіп келген еңбекке қабілетті 974 адамның ішіндегі 820 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 652 жұмыс орны тұрақты. Көш биыл да жалғасуда. Жоспар бойынша биыл 2 660 адам оңтүстік өңірлерден Қызылжар аймағына қоныс аударуы тиіс. Ынта білдірушілер легі жыл сайын өсіп келе жатыр. Биыл көктемде облысқа 483 адамнан тұратын 148 отбасы көшіп келсе, олардың 31 па­йызы – Астанадан, 26 пайызы – Түркістан облысынан, 11 пайызы – Шымкент қаласынан қоныс аударғандар екен. Және олардың ішінде 24 адамы бар 18 отбасы Ресейден қоныс аударыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің болжамы бойынша, 2023-2025 жылдары солтүстікке 8 мың адам қоныстануы тиіс. Арнайы Жол картасы жа­­сал­ған. Осы картаның шеңберінде 3 мың жаңа жұмыс орны ашылуы керек.

Жалпы, мемлекеттік саясаттан бөлек, солтүстікке көшуге үнемі үндеп жүр­гендердің қатарында жеке адамдар да бар. Яғни Қызылжар өңірінде «Есілдің бойына ел толтырсам деп жүрген азаматтар жеткілікті. Олар – мемлекеттің «Оңтүс­тіктен – Солтүстікке» атты бағ­дар­­ламасы бойынша басталған көшінің көлікті болуына өздігінен үлес қосып жүрген бастамашыл жандар. 

Соның бірі – Бурахан Даханов. Батыр тұлғалы, қапсағай бойлы, өткір қара көзді, гүрілдеген жуан дауысты, қалың қара сақалды бұл жігітті көрген адам баяғының батырларын көзіне елестетеді.  Бірақ түсі қаншалықты суық болса да, Бураханның жүрегі соншалықты жылы, жұрттың бәріне мейірімін төгіп тұрады. Ал істеп жүрген шаруасы – нағыз мемлекетшіл патриоттың ісі. Ол оңтүстіктің, тығыз қоныстанған өңірлерінен, батыстың шөл және шөлейтті аймағынан халықты солтүстіктің босап қалған ауылдарына, елдімекендеріне қоныс аударуға көмектесудің маңыздылығын өне бойымен ұққан жан.

Елдегі демографиялық ахуал, оңтүстік облыстарда халықтың жиі қоныстанып, ал солтүстікте адам санының аз болуы, оның ішінде қазақ санының өте төмен болғаны есті жігітті ежелден толғандырып жүреді екен. Сол ахуалды түзетуге мемлекеттік бағдарламалар дайындалғанда оған қатысып, қолдан келгенше жәрдем беруді алдына мақсат етіп қояды. Сол мақ­сат­пен 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка кентіне көшіп келеді. Басқаларды көшуге үгіттемес бұрын алдымен өзі тұрып көруді мақсат еткен ол қазір Шал ақын ауданында екі жыл қыстаған бір тұрғыны болып кеткен. Соңғы кездері ол өзінің пікір­лестерімен бірге «Тәуекел» қоғам­дық ұйымын құрып, жуырда ғана Түркістан облысын аралап, біраз отбасыларды солтүстікке көшуге үгіттеп келді.

– Біз барған Мақтарал ауданында 150 мыңдай адам өмір сүреді екен. Халық барынша тығыз қоныстанған. Сол аудан­мен жер көлемі шамалас біздің Шал ақын ауданында 23 мың ғана тұрғын бар. Есілдің бойындағы шөбі шүйгін, қалың тоғайлы, жері құнарлы қазақ ауылдарының тұрғындары қалалы жерлерге ұмтылып, көшіп жатыр. Бала саны аз болған соң мектептер жабылып жатыр. Ал мектеп жабылса, ондай ауылға жас отбасылар бармайды. Сондықтан біз мектеп жасындағы жас балалары бар отбасыларды қазақ ауылдарына қоныстануға үгіттеуді өзіміздің алғашқы мақсатымыз еттік. Жуырда ғана сол мақсатпен Еңбек ауылына екі отбасын қоныстандырдық. Мемлекеттің берген көмегін алған отбасылар қазір орнығып, балалары мектепке тіркелді, – дейді қоғам белсендісі Бурахан Даханов.

Осындай іспен Бураханнан басқа да бірнеше жігіт өз еркімен көші-қон ісіне белсенділік көрсетіп жүр. Орынбасары, «Серпін» бағдарламасымен солтүстікте білім алған Әлфараби Мыңбай, Руслан Қайырбек, Мирас Опанов, түркістандық Өмір Шыныбекұлы деген мұғалім, Рүстем Әшетаев сияқты жігіттер Үкімет­тің қоныс аудару саясатын қолдап, іске асуына белсенділік көрсетіп жүр. Арыста әскери қойма жарылып, өрт бол­ғанда тұрғындарды Солтүстікке көші­руде белсенділік көрсеткен Серік Өтебай деген азаматтың да еңбегі зор. Ол Бескөл ауданындағы Подгорное ауылына бірнеше отбасының көшіп келуіне мұрындық болды. Мағжан Жұмабаев ауданына қоныс аударушыларды тартуда Нұржамал Әмбетова деген мұғалім көп еңбек етіп жүр. Сонымен қатар қоныс аударушылар Аққайың, Ғабит Мүсірепов, Ақжар, Уәлиханов, Мамлют аудандарында осындай белсенділердің бастамасымен орналасқан. Әрине, жергілікті әкімдіктер тарапынан да Түркістан, Маңғыстау облыстарына арнайы барып, қоныс аударушыларды шақырған делегациялар болған. Бірақ халық билік өкілдерінен гөрі бұрын көшіп барып, қоныстанған өздерінің жерлестерінің сөзіне көбірек көңіл бөледі екен.

Үкімет қабылдаған бағдарлама өздігі­нен іске аспайды, бұл бағытта ерікті­лер халық­пен жұмыс істеп, өз бас­тарының үлгісі­мен немесе басқа­лардың мысалымен тарт­паса, үгіт-насихат жүргізбесе, ақпа­рат бермесе халық қозғала қоймайды деп санай­ды еріктілер. Сол белсенділердің бәр­і­нің басын қосып, жүйелі жұмыс істеу мақ­сатымен құрылған «Тәуекел» қоғам­дық ұйымы туралы Бурахан былай дейді:

– «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» демекші, біз – белсенді­лер біріге іс-қимыл жасасақ, ісіміз сол құрылым нәтижелі болатынын біліп жүрміз. Сондықтан да осы қоғамдық ұйымды құрдық. Оған да бір жыл болып қалды. Бірақ жергілікті билік тарапынан біздің бұл бастамамыз белгілі себептермен қолдау таппай отыр. Өйткені барлық істі «Жұмыспен қамту орталығына» іліп қойғандықтан, жергілікті билік басқа қырынан белсенділік көрсет­кісі келмейді. Үкіметтің өзі белгілеген нормамен жұмыс істеуді ғана білетін басшылар бізге тіпті күдікпен қарап, бастамамызға елти қоймайды. Сон­дық­тан біз жоғары биліктің өзіне шығып, Премьер-министрдің орынбасары болған Ералы Тоғжановпен де кездескен едік. Оған өзімізге қажетті дүниелерді айттық. Бізге көп нәрсе керек те емес, бар болғаны халықты белсенді түрде құлақтандыратын интернет-тұғырнама керек. Осы уақытқа дейін көш бей-берекетсіз жүріп келеді. Ал егер интернет тұғырнама болса, оны белгілі жүйеге келтіруге болар еді. Көшіп келушіге аудандардың, елді мекендердің толық ақпараты, толық дерегі интернет ресурс­тары арқылы берілер еді. Мысалы, Шал ақын ауданы туралы толық дерек білгісі келген адам интернетті ашқанда алдынан көші-қонға байланысты ауданның барлық мүмкіншілігі шыға келсе, көшіп келуші өзіне-өзі бекем болып, барлық жайтқа қанығып, адасып қалғандай күй кешпес еді. Ал ондай толық ақпаратты «Жұмыспен қамту орталығы» емес, тек қоғамдық ұйым ғана көрсете алады. Біз «қолайлы аймақ рейтингін» жасап, оңтүстікте отырған азаматқа толық ақпарат ұсынар едік. Тіпті соңғы бес жылда қанша қар жауды, ауа-райы қаншаға суыды, ыстықтығы қанша, сонымен қатар оңтүстіктен келіп, осында сіңіп кеткен адамдар туралы да ақпарат беріп отырсақ, көшіп келуші жаңа жерге үрке қарамай, бұл жерге психологиялық тұрғыдан да­йын болып келер еді.

Түркістан облысына барған сапарында Бураханның тобы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаевтың деңгейінде қоныс аударуды қалаған жандармен кездесіп, оншақты елді мекенді аралаған. Қызылжар өңірін көріп қайтуға 52 адамдық автобус та шыққан екен. Олар өздері үшін жаңа жерді өз көздерімен көріп қайтпақ.

– Көші-қон мәселесінде үкіметтік бағдарлама көп нәрсені ескермейді. Мәселен, қазақтың жер өңдеуден гөрі мал өсіруге ебінің жақсы екені ескерілмеген. Ал солтүстіктің жері егістен гөрі мал жайылымына өте ыңғайлы. Жап-жасыл кең дала, жауын жауған сайын жаңғыра беретін жайылымдар нағыз мал өрісі. Қазір соның негізгі бөлігі бос жатыр. Кейбір жайылымдарды егін өсіретіндер жыртып тастаған. Кезінде осы далада мың жылқылы байлар иін тіресіп отырды ғой. Жылқыға қысқа мал әзірлеудің де керегі жоқ, қалың қарды бульдозермен жұқартып өтсе болды, жылқы жарықтық тебінде жүре береді. Бізбен кездескенде көп адам мал өсіруге қанша­лық­ты жағдай барын сұ­райды. Ата кәсіп­пен айналысқысы келе­тіндер көп. Ал Есіл өңірінде оған то­лық жағдай бар, – дейді «Тәуекел» қо­ғам­дық ұйымының жетекшісі Бурахан Даханов.