Ел экономикасының күретамыры іспетті теміржол тасымалы қашан да жоғары сұранысқа ие. Мемлекет бақылауындағы, қалың бұқараның қырағы назарындағы сындарлы саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі, даму барысы, келелі мәселелері «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамының 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы және екінші жартыжылдығының негізгі міндеттерін айқындауға арналған кеңесінде кеңінен сөз болды.
Еліміздегі жүк тасымалы айналымының 50 пайыздан астам үлесі Қазақстан темір жолына тиесілі. Сала бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қатысты негізгі өндірістік көрсеткіштерді орындаудың оң динамикасы байқалады. Биылғы жылдың 6 айында тарифтік жүк айналымы 130,4 млрд тонна км неттоны құраған, бұл өткен жылғы деңгейден 8,6%-ға жоғары. Транзиттік жүк айналымы 39,1%-ға өсіп, 27,8 млрд тонна-километр неттоға жеткен. Контейнерлік транзит 26%-ға өскен. Қазақстаннан Қытайға экспорттық жүктерді тасымалдаудың өсімі қамтамасыз етіліп, көлемі 5,7 млн тоннадан асты. Бұл өткен жылғы деңгейден 27%-ға артық.
Жолаушылар айналымы 5,7 млрд жолаушы-км, бұл 2022 жылғы деректен 1,2% жоғары. Жылдық жолаушылар теміржол тасымалының үштен бірі жазғы кезеңге келеді, көрсеткіш жылдық жолаушылар айналымы жалпы үлесінің 32%-ын құрайды. 2023 жылдың 1 маусымы мен 20 шілдесі аралығында «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарымен 2,1 млн астам адам тасымалданған. Жалпы, 2022 жылы Ұлттық тасымалдаушы пойыздарын 13,9 млн жолаушы пайдаланды. Өткен жылы жаздың үш айында 4,4 миллион жолаушы (айына бір миллионнан астам жолаушы) тасымалданды. Күзгі кезеңде тасымалдау үлесі 23% немесе 3,3 млн жолаушыны, қысқы кезеңде 20% немесе 2,8 млн жолаушыны, көктемгі кезеңде 25% немесе 3,4 млн жолаушыны құрайды. Теміржол желісі бойынша 14 тасымалдаушы қызмет көрсететін 140 маршрут тұрақты жүреді.
Есепті кезеңде шамамен 600 км теміржол жөнделді, бұл өткен жылғы кезеңнен 100 км артық. Осы жылы жөндеу жұмыстарының барлық түрі бойынша 1 126 км магистральді сауықтыру жоспарлануда. Достық – Мойынты учаскесінде екінші жолдардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жылжымалы құрам паркін жаңарту бойынша жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. 36 локомотив, 48 фитингтік платформа және 14 жолаушылар вагоны сатып алынды. Жыл соңына дейін тағы 139 локомотив, 620 жүк және 50 жолаушылар вагоны жеткізіледі деп күтілуде.
Кеңесте қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбекті қорғау мәселелері ерекше сөз болды. Қозғалыс қауіпсіздігін бұзғаны үшін бірқатар мамандарға тиісті тәртіптік жаза қолданылып, жауапты басшылар лауазымынан босатылғаны мәлім етілді. Қалай дегенде де, өндірістік қауіпсіздіктің нашарлауы алаңдатады. Анықталған ескертулерді жою, өндірістік жарақаттануды азайту, сондай-ақ санитарлық-тұрмыстық еңбек жағдайларын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Қозғалыс жұмысын арттыру, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту, сапасы төмен пойыздар, тозған вагондар санын азайту жөнінде нақтылы тапсырмалар берілді. Күзгі-қысқы кезеңде әлеуметтік маңызы бар жүктерді (астық, көмір) тасымалдауды сапалы, уақтылы орындауға баса назар аударылды.