Бұрындары еліміздің мал шаруашылығы саласы отандық асыл тұқымды ірі қараның өнімділігін арттыруға қатысты жүйелі селекциялық жұмыстарды қарқынды жүргізген. Соның ішінде ең көп тараған қазақтың ақбас тұқымы тәуелсіздік алған жылдары 2 миллионға жеткен. Бірақ, өкінішке қарай, 2000 жылдардың басында олардың саны 75 мыңға дейін қысқарған. Тек соңғы он жылдың көлемінде елдегі мал шаруашылығын қайта жаңғыртудың арқасында ақбас тұқымды сиыр саны 500 мыңға жуықтап отыр.
Кеңес уағында еліміздің жергілікті малымен сырттан әкелінген британдық герефорд бұқаларын будандастыру арқылы таңылған қазақтың әйгілі ақбас сиырының пайда болғанына да жетпіс жылдан асыпты. Жүргізілген селекциялық жұмыс нәтижесінде аталған сиыр тұқымы 475 кг-нан 511 кг дейінгі аралықта салмақ тартып, жергілікті сиыр малымен салыстырғанда 200 кг артық болған. Бұл экономикалық тұрғыдан алғанда, мал өсіру тиімділігінің артқанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасында 15 мың ірі қара мал басын құрап отырған фермер бар. Палата қазақтың ақбас тұқымының гендік қорын сақтау және дамыту үшін асыл тұқымды алдыңғы қатарлы мал шаруашылығы базасында бұқашықтардың өнімділігіне байланысты канадалық технологияда сынақ жүргізеді.
«Бұл күндері елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде жоғары сұранысқа ие әрі әлемнің көптеген елінде Qazaqaqbas брендімен танылған қазақтың ақбас сиырына қызығушылық артып отыр. Аталған ірі қара малын шетелдік технологиялар арқылы сынақтан өткізуіміз адамдар арасында сенімділікті ұлғайтып, Батыстың сынақ жүйесі талаптарына сәйкес келуімен қатар, импорттық тұқымнан біздің жергілікті малымыз еш кем түспейтіндігін әрі кейбір тұстары одан да артық екендігін дәлелдейміз», деген еді Қазақ ақбас тұқымы республикалық палатасының атқарушы директоры Дәурен Матақбаев.
Болашақта палата ақбас сиырының тұқымын экспортқа шығарып, танымалдығын арттыруды жоспарлап отыр.
Бұл малдың артықшылығы, еліміздің далалы және шөлейт аудандарының табиғи жағдайына бейімделгендігі және тез жетілетіндігімен қатар еттілігінде. Сол себепті осы сиыр тұқымын шетелдіктерге лайықты түрде танытуға негіз бар дейді мамандар.
Елімізде мал шаруашылығын дамыту мен ет өнімін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар ұдайы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта экспортқа 60 мың тонна ет өндіріп, сатылымға шығару жоспарланған. Бүгіндері республика бойынша экспортталатын еттің көлемі 17 мың тоннаны құрайды.
Табыс көзі осы салаға айналғандықтан, еліміздің батысы мен шығысы және оңтүстік өңіріндегі қожалықтар, серіктестіктер мен ұжымшарлар үлкен қызығушылық білдіріп, тұқымның генетикалық әлеуетін асыруда селекциялық жұмыстармен де айналысады.
Мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен ішінара өзіміздің отандық өндірушілеріміз тасада қалып, шетелдік өндірушілерге барынша жағдай жасалып жататыны бар. Соның салдарынан біздегі кейбір фермерлер қаржы жағынан қиындыққа тап болады. Ал аталған мемлекеттік қолдау шаралары негізінен импорттық өндірушілерге бағытталып дайындалғандай. Бұған себеп, осыдан біраз бұрын отандық сиырды сатып алу үшін бір малға 150 мың теңге, импорттық малға 300 мың теңге және сүт бағытындағы жергілікті сиыр үшін 150 мың, ал импорттық сауын сиырына 400 мың теңге субсидия бөлінді. 2020 жылы елімізге шетелдік селекциядан сегіз мыңға жуық ірі қара мал басы әкелініп, асыл тұқымды мал үлесі 8,8%-дан 16,3%-ға артқан. Халық қалаулылары Үкіметке бұл мәселенің шешімін қарастыруды агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасына отандық асыл тұқымды малға берілетін субсидия мөлшерін арттырып, шаруашылықтардан асыл тұқымды малды сатып алу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жеңілдікпен несие беруді және пайыздық мөлшерлемені төмендету керектігін ұсынған еді.
Ал мұндай қаржылық қолдауға бірінші кезекте мал өсірумен айналысатын шаруалар зәру екендігі ескерілуге тиіс.
Сонымен биыл мемлекет тарапынан агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 трлн теңге бөлінді. Фермерлерге ақпан айынан бастап «Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі» іске қосылды. Онда бөлінген қаражаттың толық игерілуі және тиісті адамдарға жетуі үшін субсидиялаудың шарты өзгерген. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатындарға отандық және импорттық малдың сүттілігіне қарай 300 мың теңге, ал етті малдың 1 басына 200 мың теңге деңгейінде бірыңғай норматив енгізілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары: «Бұл асыл тұқымды мал өсірушілерге бәсекелестікті арттыру үшін тең жағдай қарастырылып отыр. Сонымен қатар аграрийлерді субсидиялауда министрлік тарапынан бірқатар міндеттеме қойылды. Аталған талаптарға сәйкес мемлекеттен қаражат көмегін алған фермерлер өнім көлемін азайтпауы қажет. Мәселен, мал өсірумен айналысатын шаруалар ірі қара басын жыл сайын 5%-ға өсіріп отыруы керек. Яғни 100 бас ірі қарадан 80 бас төл алынуға тиіс. Қаржы ауыл шаруашылығының нақты дамуы үшін бөлініп отырғандықтан, кәсіпкерлер өз жобаларының бизнес-жоспарда көрсетілген мерзімге сай жүзеге асырылуын қадағалауға тиіс. Ол мониторинг жүргізу кезінде де автоматтандырылады», дейді.
Осы жылға бөлінген 52,4 млрд теңге қаражат толығымен кәсіп бастаушы немесе шаруасын дамытқысы келетін ауыл тұрғындарын несиелендіруге бағытталды. Микронесие ауылшаруашылық техникасы мен құрылғыларын лизинг пен кооперативке арналған инвестициялық субсидия алуға мүмкіндік береді. Несие мерзімі мал шаруашылығына – 5 жыл, ал ауыл шаруашылығы кооперативін құруға 7 жыл белгіленді. Аталған қанатқақты жобаны іске асыру 2024 жылы 74,6 млрд теңге көлемінде, 2025 жылға 76,7 млрд теңге шамасында.
Айта кету керек, бұдан бұрын да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуда кешенді жұмыстар жүргізілгені бар. Онда субсидиялау тәртібі автоматтандырылып, қазақтың ақбас тұқымын өсірумен айналысатын фермерлерге үйде отырып субсидия алуға өтінім беру жағы қарастырылған болатын. Малшылар үшін мемлекеттік қолдау бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруда микронесиелер мен мемлекеттік гранттар бөлініп, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері тегін оқытылды.
Қазіргі нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес халықаралық келісімдер аясында ірі қара малды біріздендіру әрі цифрландыруды жүзеге асыруда еліміздің мал шаруашылығындағы селекциялық-асыл тұқымды малдың жаңа цифрлық платформасын құру қолға алынды. Бұл туралы жақында Қазақтың ақбас тұқымы республикалық палатасының жыл сайынғы отырысында айтылған.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев: «Бұл геномдық талдауды пайдалана отырып, селекция мен өсімін көбейтудің заманауи әдістерін енгізу, бағалау үдерістерін автоматтандыру және жануарлардың асыл тұқымды қасиеттерін бағалау есебінен селекциялық-асыл тұқымды жұмысын жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», деген.
Сонымен қатар мал шаруашылығы өнімдерін өткізудің жаңа нарығын ашуға бағытталған шаралар іске асырылып, әсіресе ветеринарлық қызметтің тиімділігін одан әрі арттыруда цифрландыру жұмыстары іске асырылып, ветеринарияның заңнамалық базасын жетілдіруде дайындалған ұсыныстар Парламентте қаралып жатқандығын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі таңда мал шаруашылығы саласында жануарлардың генетикалық әлеуетін жетілдіруде және арттыруда, асыл тұқымды өнімдерді есепке алуда пайдаланылатын әрі селекциялық үдеріске тартылатын жануарлар туралы деректерді жинаудың, жинақтаудың және өңдеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылып, оның ақпараттық қоры жұмыс істейді.
Өткен жылы қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы және биоотын айналымының мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Аталған заң аясында селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарын жетілдіру мақсатында жаңа бағалау әдістері қосылып, геномдық бағалау, индекстік бағалау және молекулярлық генетикалық сараптама жүргізу жұмыстары енген.
Осыған орай, қазіргі таңда селекциялық-асыл тұқымдардың жаңа цифрлық платформасы аталған заңға сәйкес жаңартылып, мал бастарын асылдандыру ісінде жаңа геномдық және индекстік бағалауды пайдалану жұмыстарын автоматтандыру арқылы жаңа деңгейге жеткізуге күш салынды.
Аталған жаңартулар республикалық палатаның атқарып отырған жұмыстарын одан әрі жеңілдетіп қана қоймай, қазақтың ақбас тұкымды ірі қара малын ұлттық брендке айналдыруға ықпал ететін болады.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында мал шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті артып, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша еліміз 43,3 мың тонна етті экспортқа шығарған. 2021 жылмен салыстырғанда 31%-ға, яғни 2,5 есеге өсіп, бұл 18,3 мың тонна ірі қара малының етін құраған.
«Ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы» Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 5 маусымдағы № 216 бұйрығына сәйкес 60 мың бас 12 айдан асқан бұқашықтарға және 120 мың бас 6 айдан асқан еркек тоқтыларға ел аумағынан үшінші елге және Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне әкетуге алты айға сандық шектеулер енгізілді.
Бүгінде генетикалық қасиетімен ерекшеленген қазақтың ақбас ірі қара тұқымы іс жүзінде ұлттық брендке айналуына мүмкіндігі зор екенін тағы бір дәлелдегендей.