Абай облыстық прокуратурасы жыл басынан бергі атқарған жұмыс қорытындысында түрлі сала бойынша орын алған заң бұзушылықтар туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың назарындағы кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарды қолдау және бизнестерін қорғау жайын айтар болсақ, бұл салаға қатысты заң бұзушылықтардың орын алғандығын байқау қиын емес. Әсіресе тиісті салаға бағытталған бюджет қаражатының жұмсалуы облыстық прокуратураның қашанда назарында. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін мұқият тексеру нәтижесінде жалпы құны 12,7 млрд теңгеге бағаланған
55 конкурс тоқтатылған. Сонымен қатар 4,9 млрд теңгеге жобаланған 259 мемлекеттік сатып алу шарттарын заңға қайшы келетіндіктен, бұзуға тура келіп отыр. Сол мақсатта жұмыстар жүргізілуде. Мұндай қитұрқылық әрекет негізінен мемлекеттік сатып алудың тәсілін теріс пайдаланып, тіпті оларды жобалық-сметалық құжаттарынсыз жариялаумен, бәсекелестікті болдырмайтын жоғары талаптар қою сияқты себептермен тамырласып жатыр. Мысалы, Жарма ауданындағы жолдарды жөндеуге арналған конкурстың тоқтатылуы – соның бір дәлелі. Анығын айтқанда, «ҚазАвтоЖол» компаниясы жөндеу жұмыстарын жоспарлаған жол учаскесіне 294 млн теңгені заңсыз жұмсамақ болған.
Абай облыстық прокуратурасының мәліметінше, жалпы жиыны мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке – 10 адам, тәртіптік жауапкершілікке 27 адам тартылған. Оның ішінде 2 кент әкімі және 2 әкімдік бөлімдерінің басшылары бар. Қазір бұл фактілер арнайы прокурордың өндірісінде жіті қаралуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың отандық бизнесті дамыту және кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың құқын қорғау жайын үнемі тілге тиек ететіні белгілі. Кәсіпкерлерді заңсыз тексеруге жол беруге болмайтындығы да мәлім. Облыстық прокуратураның араласуымен бақылаушы органдардың 7 заңсыз тексерулерінің күші жойылып, 70 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
«Нәтижесінде 3 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Әкімшілік жауапкершілікке Бородулиха ауданы Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы тартылды. Ол кассалық чектерді бермегені үшін алты кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Жеке кәсіпкерлерге қатысты 283 заңсыз салық бұйрығының күші жойылды. Біздің актілеріміз бойынша 230 кәсіпкерге 190 млн теңге төленді. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қатысты үш қылмыстық іс тоқтатылды», дейді Абай облысының прокуроры Е.Абаев.