Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Атырау облысына жұмыс сапармен келіп, бірнеше нысанды аралады. Өңірдегі мәслихат депутаттарымен, кәсіпкерлермен, ауыл тұрғындарымен кездесуде өзекті мәселелер қозғалды. Оның ішінде инфрақұрылымдарды дамыту, кәріз жүйелерін жөндеу, бюджеттік төлемдерді қайта қарау, жұмыссыздық, баспанамен қамту, қоршаған ортаны қорғау секілді түйіні тарқатылмай отырған жайттар бар.
Ұсыныстар ескерілсе игі
Өңірдегі мәслихат депутаттары төленетін экологиялық айыппұлдар жергілікті бюджет есебінде қалуға тиіс деп есептейді. Депутаттардың айтуына қарағанда, өңірде қоршаған ортаны бүлдірушілерге салынатын айыппұл көлемі аз емес. Алайда айыппұл көбейгенімен, экологиялық ахуал жақсармай тұр. Кәріз жүйесі жоқ, желілер тозған. Жаңа аудандарды құрып, ғимараттар тұрғызар алдында су тапшылығының алдын алу, тұрғындарды байланыспен, кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін құрылыстың техникалық стандарттарына тиісті өзгертулер енгізу мәселесі ескерілмей келеді. Ал тау-кен, мұнай салаларына шетелдік инвестиция тарту шарттары, Салық кодексіне өзгертулер енгізу, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту мәселелерінде де ескеретін жайттар талқыланды.
«Облыстың экологиялық жағдайы ескеріледі. Жаңа Салық кодексінде экологиялық айыппұлдарды төлеу бойынша арнайы өзгертулерді енгізу мәселесін қарастырамыз», деді Ә.Қуантыров.
Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, инфрақұрылым жүргізу жобаларын қаржыландыру өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның шарттарына сәйкес, инвестиция көлемі 200 млн теңгеден кем болмауы тиіс. Бұл шағын және орта бизнес субъектілері үшін қиындық тудырады.
Осыған байланысты кәсіпкерлер құны 50 млн теңгеге дейінгі жоба үшін жергілікті бюджеттен инфрақұрылым жүргізуді қаржыландыру тетігін құруды ұсынды. Сондай-ақ жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттаманың және техникалық-экономикалық негіздеменің шығыстарын өтеу тәртібін, шағын бизнес субъектілері үшін инфрақұрылымды жүргізудің арнайы тетігін енгізу туралы ұсыныс берді.
– Бұл ұсыныстардың бәріне емес, кейбіріне қолдау білдіре аламыз. Себебі, бұл бюджетке салмақ түсіреді. Тікелей тәуекелдер түріндегі шығындар мен жұмыстардың белгілі бір бөлігін бизнес көтеруі керек. Біз бәсекеге қабілетті экономикаға көшуіміз қажет. Микробизнес үшін жергілікті бюджеттен арнайы тетіктер беру мәселесін қарастырамыз», деді Әлібек Қуантыров.
Кәсіпкерлер екінші деңгейлі банктер ауылдық жерлердегі кепіл құнын төмен бағалайтынына шағымданып отыр. Ал жобаларды қарау мәселесі тым баяу. Бұл ауылдардағы іскерлік белсенділіктің әлсіреуіне әкеліп соқтырады. Сол себептен, кәсіпкерлер ұлттық жобаға маңызды өлшемшарттар белгіленген ауыл кәсіпкерлерін несиелендіру жөніндегі бөлімді қосымша енгізуді қалайды.
«Шынында да, екінші деңгейлі банктер кепілді мүлік құнын нақты құнынан 30-дан 50 пайызға дейін төмендетеді. Аталған мәселемен уәкілетті орган айналысады. Биыл 2020-2025 жылдарға арналған бизнестің жол картасы шеңберінде қосымша кредиттеу мен субсидиялауға 260 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылғы қаржымен салыстырғанда 100 млрд теңгеге көп. Ауылдарда жұмыс орындарын құру керек. «Ауыл аманаты», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламаларымен ауылдарды дамытуға жағдай жасау қажет», деді министр.
Жылыой ауданында Тұрғызба деген ауыл бар. Мұнда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 200 орындық Мәдениет үйі салынып жатыр. Жобаның құны – 725 млн теңге. Нысан құрылысын жылдың соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Ауылдың тұрғындарын Жем өзенінен өтетін көпірдің жоқтығы, су арнасы түбінің тазартылмағаны алаңдатады. Елді мекен көшелеріне тегіс жол қажет. Көшелерді жарықтандыру мәселесі шешімін таппаған. Медициналық қызметтің сапасын әлі де арттыру қажет. Ал ауыл шаруашылығы саласын дамытуға баса көңіл бөлінбей отыр.
Министрдің айтуынша, Қазақстан ауылдарында өмір сүру деңгейін жақсартатын бірнеше бағдарлама бар. Барлық тірек ауылдық елді мекендерді алдағы жылдары минималды тұрғын стандарттарына жеткізу көзделген.
Ал Мақат ауданындағы Доссор кентінің тұрғындары министрдің назарын жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру, баспанамен қамту мәселелеріне аударды. Тұрғындардың айтуынша, ескі және апатты жағдайдағы, сондай-ақ, өртеніп кеткен үйлердің орнына жаңа баспана салуға қаржы бөлу керек. Жергілікті бюджет пен демеушілік қаражаттың есебінен салынған кейбір үйлердің сапасы төмен. Үйдің төбесінен су ағып, сыртқы қаптамасы түсіп жатыр.
Тұрғындар жергілікті кадрларды жұмысқа орналастыру мәселесіне алаңдап отыр. Олар ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу мүмкін еместігіне шағымданды. Өйткені жұмысшыларды басқа қалаларда орналасқан рекрутингтік компаниялар жалдайды. Сол себептен, жергілікті тұрғындар жұмыссыз отыруға мәжбүр.
Ұлттық экономика министрінің пікірінше, кадрларды жұмысқа орналастыруда басымдық мүмкіндігінше жергілікті мамандарға берілуге тиіс. Мамандандырылған кадрлар болмаған жағдайда жергілікті тұрғындарды дайындық курстарынан өткізіп, жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар.
Доссор кентінің тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – тұзды сорлардың ашық жатқаны. «Тұзды сор – адам денсаулығына өте зиян. Оны жою қажет», дейді кент тұрғындары.
Құлсары деген қала бар
Атырау облысында аудандар көп емес. Екі қала бар. Соның бірі – Құлсары аталатын моноқала. Бұрыннан қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданының орталығы саналады. Бірақ моноқала деген атауы ғана болмаса, өзге аудандардың орталығынан айырмашылығы жоққа тән.
Қазір 65 мыңнан астам адам тұрғыны бар Құлсарыда моноқалаларды дамыту бағдарламасы шеңберінде бірқатар әлеуметтік, инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған. Бұрнағы жылы моноқаланың 11 шағын ауданында 34 шақырымнан асатын жол жөнделген. Жолды жөндеуге республикалық және жергілікті бюджеттен 3,8 млрд теңге жұмсалыпты.
Ал былтыр Құрсай өзенінің қос жағалауын жалғайтын автокөпір пайдалануға берілген. Оның құрылысына 2020-2021 жылдары республикалық бюджеттен 400 млн теңге, жергілікті бюджеттен 280,4 млн теңге бөлінген. Мұнда 3 000 орындық стадион да ашылған. Жабық бассейнмен және жаттығу залдарымен жабдықталған спорт нысанының құны «Игілік» бағдарламасының демеушілік қаражаты есебінен 4,1 млрд теңгені құраған.
Енді моноқалаға кәріздік ағынды суларды тазартатын станса қажет. Оның қуаты тәулігіне 10 мың текше метрді құрайды. Нысан құрылысы демеушілік қаражат есебінен іске асырылады. Жобаның алдын ала құны 15 млрд теңгені құрап отыр. Бұл, әрине, аз қаржы емес. Сол себептен, оған республикалық бюджеттен 3 млрд теңге бөлу қажет.
Жыл сайын Құлсары қаласын дамытуға бюджеттен, демеушілерден бірнеше миллиард қаржы бөлінеді. Мәселен, биыл республикалық бюджеттен қаралған 3,5 млрд теңге қаралған. Бірақ қаланың архитектуралық келбеті, инфрақұрылымдық қиындығы әлі толық шешімін таппай келеді.
Тозған желі тығырыққа тіремей ме?
Атырау қаласында 426 шақырым жылу желісі бар. Жылу желілерінің тозу деңгейі 68 пайызды құрайды. Биылғы жылға арналып бекітілген тарифтер шеңберінде кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасына өзгеріс енгізілген. Мәселен, жылу желілерін қайта құру және жаңғыртуға 573 млн теңге қаралған. Бұл коммуналдық желілердің тозуын 1,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.
Ал энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыруға 151 млн., жабдықтарды жаңғыртуға 22 млн теңге жұмсалады. Жылумен жабдықтау тарифі 7%-ға, ал коммуналдық төлем 2 мың теңгеге дейін өскен. Кәсіпорында 636 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің жалақысы 2 есеге артқан.
Министрдің пікірінше, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылуын мұқият бақылау қажет. Тұрғындармен кері байланысты күшейткен жөн.
«Мұнда жүргізіліп жатқан барлық іс-шара апаттар мен желіден ажыратулар санын төмендетуге, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартады. Қаржының дивидендтерге, кәсіпорындардың басқа шығындарына жұмсалмауы үшін инвестициялық бағдарламалардың орындалуын мұқият қадағалау қажет. Қазір адамның қатысуынсыз тексеру кестесін белгілейтін тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді. Коммуналдық төлем негізсіз көтерілсе, тұтынушыларға артық ақшасы қайта есептеу арқылы қайтарылады. Ал табысы төмен отбасылар тұрғын үй жәрдемі механизмімен коммуналдық өтемақы алады», деді Әлібек Қуантыров.
ф