Жүрекке әмір жүрмейтіні рас қой. Бұған мысал көп. Соның бірі – қазақ жігіті Шерхан мен орыс қызы Юлиананың махаббаты.
Юлиана Новикова Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында дүниеге келген. Осындағы орта мектепті бітірген. Бұдан 12 жыл бұрын шаңырақ көтерген жұптың достығы мектепте басталған. Кейін бір-біріне өмірлік серік болуға уәделескен. Қазір олар екі бала тәрбиелеп отыр. Қазақтың табалдырығынан именбей аттаған орыс қызы халқымыздың ұлттық салт-дәстүрінің бәрін сақтайды.
– Біз ата-енемізбен бірге тұрамыз. Олар – қонақ күткенді жақсы көретін адамдар. Ата-енеме күн сайын сәлем саламын. Сәлем салу – үлкенге құрметтің белгісі. Үлкеннің «Бақытты бол, айналайын!», «Қосағыңмен қоса ағар!» деген баталары қабыл боларына сенемін. Әр батаның астарында жастарға, отбасыға жақсылық тілеу бар ғой. Тегінде үлкеннен бата алу артық етпейді. Өйткені отбасындағы берекені арттыратын дәстүрдің бірі – бата. Сол себептен үлкендерден бата алуға тырысамыз. Әсіресе Наурыз мейрамы, көрісу күніндегі батаның жөні бөлек, – дейді Ю.Новикова.
Оның айтуынша, отбасында барлық мерекеде дастарқан жайылып, қонақ күтеді. Өзі жеті түрлі дәмнен Наурыз көже дайындағанды, қазы айналдырғанды, бауырсақ пісіріп, ет асуды ұнатады. Мұның бәрін енесінен үйреніп алған.
Ол қазақ балаларымен бірге ойнаған кезін ұмытпайды. Қазақшаны сол кезден бері біледі. Тек қазақша сөйлеуді меңгеріп қоймай, ұлттық салт-дәстүрге қанық болып өскен. Оның анасы мен ағасы да, әпкелері де қазақша сөйлейді.
– Қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқығанды ұнатамын. Дала данышпаны Абайдың әр өлеңі мен қара сөзінен тағылым алуға болады. Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!» дегеніндей, қазақ тілін жетік білемін. Мен – Қазақстанда туып-өстім, осы елдің азаматымын. Сол себептен, өзім тұрып жатқан елдің мемлекеттік тілін, тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін ерекше құрметтеймін, – дейді қазақтың келіні.
Қазір ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Балаларға мектепке дейінгі тәрбие берумен бірге түрлі сайысқа жиі қатысады. Әр сайыстан жүлдесіз қалған емес. Өзге этнос өкілдері арасында өткен «Тіл – парасат» облыстық байқауының жеңімпазы атанған. Сондай-ақ «Асыл ана» форумында бірінші орынға ие болған.