Тері қатерлі ісігі мен меланоманың өршуі кімдерде жиі байқалады? Сол сияқты сүйелдер мен папилломалардан ертерек құтылудың пайдасы қандай? Асқынған дерматит несімен қауіпті? Осы сұрақтардың жауабын «Eqemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Айнаш Есали іздеп көрді.
Өкінішке қарай, қатерлі ісіктің бұл түрі жылдам асқынып, қатты өршитінімен ерекшеленеді. Біріктірілген, яки кешенді емдеудің заманауи әдістері тиімді күресуге мүмкіндік бергенімен, ауру асқынбай қойылған диагностиканың көмегі орасан. Онколог дәрігерлер обырдың бұл түрі бастапқыда ісіктің пайда болуы немесе бұрыннан бар меңнің түсі, көлемі мен пішінінің өзгеруі сияқты белгілерінен көріне бастайтынын айтады. Бірінші кезекте науқас меңінің мазалап, қышуы, ауырсынуы, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілерге шағымдануы мүмкін. Бұған шақырайған күн астында шамадан тыс көп жүру, тұқым қуалайтын кеселдер, нашар экология, белгілі бір фототиптегі сепкілдер, ақшыл тері мен көздің ашық түсі, жыпырлаған меңдердің пайда болуы себепші.
«Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ онкодерматолог-дәрігері Дина Тілеуованың айтуынша, басқа елдердегі сияқты Қазақстанда да тері обырына шалдығу көрсеткіші жоғары, әсіресе 55-84 жас аралығындағы әйел адамдар жиі ауыратын көрінеді.
«Тері қатерлі ісігі – терінің эпидермисіндегі қалыптан тыс жасушалардың бақылаусыз өсуі және бөлінуі. Кез келген тері обырының басты себепшісі – күн сәулесінің шамадан тыс әсер етуі. Егер адам жас кезінде, яки бала күнінде кем дегенде күнге екі рет қатты күйіп қалса, егде тартқанда ол адамда тері қатерлі ісігінің даму қаупі 50 пайызға дейін артады», дейді маман.
Дәрігерлер УФ-күн сәулесінен сақтануды ескертеді. Терінің қатерлі ісігіне көбінесе әйелдер шалдығады екен, өйткені олар жиі күн сәулесіне қыздырынады.
«Егер туғаннан келе жатқан мең, қал өзгеріп, қанай бастаса, түсін өзгертсе немесе жаңа меңдер пайда болса, міндетті түрде онкодерматологпен кеңесу керек. Дертті өршітпей диагностикалау пациенттің көбінесе өзіне байланысты, неғұрлым тезірек дәрігерге жүгінсе, соғұрлым шипасы тиімді болады», дейді ДСМ-ның штаттан тыс бас онкологі, «Қазақ онкология және радиология ҒЗИ» АҚ басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.
Ескеретін жайт, мамандар меңді сұлулық салондарында емес, мамандандырылған клиникаларда алғызған дұрыс екенін айтады. Меңді алғызғаннан кейін, қатерлі ісіктің бар-жоғын тексеру үшін гистологияға жіберту керек.