Елорданың айналма жолындағы теміржол үстінен өтетін автокөлікке арналған көпірге күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы сол бағыттағы көлік кідірістері көбейіп, жұртқа қолайсыздық тудырып келгені рас. Ендігі бір қуанарлығы, аталған жолдың құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
«Астана қаласының үлкен айналма жолының» 4-ші шақырымындағы теміржол арқылы өтетін өткелде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғалы тұр. Бұл өткел апатты деп танылғаны мәлім. Қазір негізгі құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған. Атап айтарлығы, жол өткелі толық дерлік жаңадан салынды.
Сөйтіп, негізгі құрылымдары нығайып, бұрынғыдан әлдеқайда жақсара түскен. Қазіргі уақытта жайластыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол өтпесінде төрт жолақты қозғалыс қамтамасыз етілді. Көлік қозғалысының болжамды қарқындылығы тәулігіне 19-20 мың автокөлікті құрамақ.
Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде Р-10 тасжолының өткізу қабілеті артып, көліктер мен пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Құрылыс-монтаждау жұмыстары белгіленген уақыттан бұрын аяқталды.