Ұлтымыздың жазба әдебиетінде Абайдан кейін әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарымыздың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров екені мәлім. Отты жырларымен Алаштың алдаспанына айналып, қысқа ғұмырында соңына өлмес рухани қазына қалдырған ақынның 130 жылдық мерейтойына орай Баянауылдың Торайғыр ауылында дүбірлі той өтті.
Ақынның жазу ісімен бел шешіп айналысқан кездері қазақ халқының тарихында өте бір ауыр жылдар еді. Ол мәдениеті озық, экономикасы дамыған елдердің жоғары жетістіктерін уағыздап, жаңалықтың жаршысы бола білді. Сол себепті ақынның «Бүгінгі жастарға оқу міндет, бар қиындықты тек қана ғылым жеңбек» деп ой тастағаны. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырында ұлт болашағы үшін күрескен ол жалынды жырларымен қазақ халқының үміт отын жақты.
«Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?». Ақынның ұлы арманы осылайша ұлтына қызмет ету еді.
Торайғыр көлінің жағасында өткен дүбірлі тойға жиналған халықтың қарасы қалың көрінді. Арғымақтар аламанға түсіп, білекті жігіттер бозкілемде белдессе, күміс көмей әншілер сахна төрінде тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Жиналған қауымға павлодарлық суретшілердің картиналары, қолданбалы өнер бұйымдарының көрмесі, ұлттық тағамдар байқауы, облыстың қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдарының мерекелік концерті де ұсынылды. Өңірлік мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарлама аясында эстрада жұлдыздары Саят Медеуов, Аллажар Қайбар, Әсел Мадекешова сынды сахна саңлақтары өнер көрсетті.
Мерекелік іс-шараға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, Мәжіліс депутаттары Нұржан Әшімбетов пен Жарқынбек Амантайұлы, сондай-ақ ақынның өнегелі өмірін зерттеп жүрген белгілі тарихшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Бір топ шығармашылық қауым әуелі ақынның кесенесіне барып, дұға бағыштады.
– Киелі Ертіс-Баян өңірі – ұлы тұлғалардың қасиетті мекені. Рухани алыптардың қатарында Сұлтанмахмұт Торайғыровтың орны ерекше. Жерлесіміздің орасан зор еңбегін ұлықтау мақсатында өңіріміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны, өңірлік кітапхана, көше мен елді мекен ақынның есімін иеленіп отыр. Ал жыл сайын өткізілетін Торайғыров оқулары Алаш ардақтысының қалдырған аманатын өскелең ұрпаққа жеткізудің бір көрінісі, – деп атап өтті А.Байханов.
Мерекелік жиында реставрациядан өтіп, жарық көрген С.Торайғыровтың 1933 жылғы «Толық шығармалар жинағының» және 1971 жылы Алматы қаласында басылған «Избранные» кітабының тұсауы кесілді. Алғашқы аталған латын қарпіндегі кітап Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің бастамасымен, Торайғыров университетінің қолдауымен жөнге келтірілген. Ал соңғысы Павлодар қалалық әкімдігінің қолдауымен 600 дана болып қайта басылып шықты.