Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар қаралды. Онда Қазақстан машина жасау саласы өнімдерінің экспортын 3 есе арттыруды жоспарлап отырғаны айтылды. Отырыста бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де күн тәртібіне шықты.
Машина жасау бағытындағы 151 жоба
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы құрылымындағы машина жасау саласының үлесі – 1,5%, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 13%. Қазіргі уақытта салада 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, жұмыспен қамтылғандар саны 118 мыңнан асады.
Жалпы, машина жасау саласы – өңдеуші өнеркәсіптегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Егер кейінгі 5 жылда өңдеуші өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасау саласында 17,6% өсім көрсетті.
Министрдің пікірінше, саланы одан әрі нығайту аясында жаңа жобаларға көп көңіл бөлініп отыр. Мәселен, 2028 жылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. Олардың ішінде теміржол, ауыл шаруашылығы, электр техникасы, мұнай-газ, тау-кен металлургия машинасын жасау, сондай-ақ автомобиль жасау салаларындағы кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп жоспарланған.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ірі мұнай-газ жобаларындағы қазақстандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылғанын баяндады. Оның жұмысы аясында 400 млн доллар сомасында болашақта отандық өндірушілер (зауыттар) жеткізе алатын сұранысқа ие өнімдердің 7 тобы анықталды. Ол үшін ірі мұнай-газ жобаларында жергілікті тауар өндірушілерді қолдау тетіктері енгізілді. Олардың қатарында «Ерте тендер», «Сынамалық тапсырыс» және «Инвестициялардың орнына келісімшарт» бар.
Отырыста Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов та сөз сөйледі.
Премьер-министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. Өткен жылдың өзінде салаға 470 млн доллардан аса шетелдік инвестиция тартылды. Сондай-ақ саланы одан әрі дамыту әлеуеті зор.
«Отандық өнімді экспорттауға айтарлықтай мүмкіндігіміз бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы 141 млрд долларды құрады. Яғни еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселеге айналып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш – шамамен 40 пайыз. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.
Осыған байланысты Ә.Смайылов бірінші кезекте шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруды қолжетімді ету, сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыру қажеттігін атап өтті. Премьер-министрдің пікірінше, мұнай-газ машинасын жасау саласының да даму әлеуеті зор. Қазір бұл сектордағы өндіріс көлемі – шамамен 160 млн доллар. Бұл орайда импорт көлемі 1,6 млрд доллардан асады.
«Көріп отырғанымыздай, ондаған есе айырма бар. Оны барынша қысқарту керек. Отандық жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін 2020 жылы ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығы ашылды. Жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет», деді Үкімет басшысы.
Диқандарға жаңа техника қажет
Премьер-министр ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мәселесіне арнайы тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76%-ды құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан аса ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда бұл жеткіліксіз.
«Диқандарға жаңа техника қажет. Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру керек. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар», деді ол.
Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясын дамытудың маңызы аталып өтті. Бүгінде республикада General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai, т.б. машина жасаудағы ірі әлемдік көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеп жатыр. Қарағанды облысының Саран қаласында 2020 жылы іске қосылған техника және автобустар шығаратын зауыт – өнеркәсіп кооперациясының бірегей мысалы. Ол жылына 1 200 көлік шығаруға қауқарлы. Кәсіпорынға 11,9 млрд теңге инвестицияланды. Зауыт толық қуатына шыққаннан кейін онда бір мыңға жуық адам еңбек етпек.
Ә.Смайылов машина жасау саласын одан әрі дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті бесжылдық кешенді жоспар әзірленіп жатқанын еске салды. Оны іске асыру машина жасау саласындағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есе, негізгі капиталға тартылған инвестицияларды 1,5 есе арттыруға, сондай-ақ еңбек өнімділігін 2 есе арттыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде отандық кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жаңа өндірістер ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алады», деді Премьер-министр.
Ойын қорытындылай келе, Үкімет басшысы қысқа мерзімде Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын келісуді, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанда баламасы бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауды тапсырды.
Бұқаралық спортты дамыту жолдары
Үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері де қаралды. «Саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударылуға тиіс», деді Ә.Смайылов.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов республикада жыл сайын 1,2 млн адамды, оның ішінде 500 мың ауыл тұрғынын қамтитын түрлі деңгейдегі 25 мыңнан аса бұқаралық спорт іс-шарасы өткізілетінін хабарлады. Кейінгі жылдары марафондар, велошерулер, отбасылық жарыстар, бұқаралық коньки тебу, т.б. іс-шаралардың танымалдығы артып келеді. Жалпы, бүгінде елімізде дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын адамдардардың саны 38%-дан асады екен. Мұны есепке шақсақ, 7,5 млн-нан аса адам болады.
Сонымен қатар елімізде 800-ден аса балалар мен жасөспірімдер клубы жұмыс істейді. Өткен оқу жылында қосымша білім беру бағдарламасы бойынша мектептерде 1,3 млн-ға жуық бала қамтылған 49 мыңнан аса спорт үйірмесі ашылды. Сондай-ақ мемлекеттік спорт тапсырысы шеңберінде биыл 190 мыңнан аса бала спорт үйірмелерімен қамтылған.
Министр Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар екенін, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқанын айтты. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған қоса қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу істеріне және тиісті құрал-жабдықтарға қажеттілік анықталып отыр.
Отырыста Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да өңірлерде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.
Үкімет басшысы спорт пен белсенді өмір салты ұлт денсаулығының кепілі ғана емес, сонымен қатар әр адамның таланты мен қабілетін ашатынын атап өтті. Бұл әсіресе жас ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды. Осыған байланысты ол халықтың бәріне бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бұқаралық және тұрақты спорттық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы азаматтарды спортпен шұғылдануға міндетті түрде тарту қажеттігін айтты.
«Елімізде жақсы дәстүрге айналған әртүрлі жастағы адамдарға арналған бұқаралық марафондар мен жарыстар туралы бәрі біледі. Кейінгі жылдары барлық жерде спорт алаңдары мен басқа да ірі объектілер салынды. Біз спортпен шұғылданатын адамдардың саны күннен күнге артып келе жатқанын көріп отырмыз. Үйлердің аулаларында, гүлбақтарда және саябақтарда орнатылған тренажерлерді ешкімге қажет емес деп санаған скептиктер де аз болған жоқ», деді Әлихан Смайылов.
Оған қоса бұқаралық спортты дамыту бойынша түрлі бағдарламалар мен жобаларға қарамастан, көптеген жүйелі мәселелер шешімін таппағынын атап өтті. Мәселен, ақпараттық кеңістікті мониторингтеу нәтижесінде шілде айының өзінде ғана осы саладағы проблемаларға қатысты халықтан көп шағым түсетіні анықталды.
«Мысалы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Майқайың кентінде 2020 жылы жөнделген стадион құлап жатыр. 3 жыл ішінде бұл объект жарамсыз болып қалды десе де болады. Футбол алаңы мен жүгіру жолдарынан бастап трибуналар мен киім ауыстыратын бөлмелерге дейін жарамсыз күйге түскен», деп тәптіштеді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалғанына да тоқталып өтті. Ал Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ екен.
«Бізде спорт залдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді», деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Ә.Смайылов Астанадағы Ұлттық спорт университетінің және Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының құрылысы ұзаққа созылып кеткеніне жұртшылықтың наразы екенін баса айтты.
«Спортты дамыту және саламатты өмір салтын насихаттау бағытында біз ауқымды жұмыстар атқарып келеміз, алайда кейбір мәселелер бойынша бір орында тұрып қалдық. Өкінішке қарай, бізде дене шынықтыру мен спортты басқарудың тиімді біртұтас жүйесі жоқ. Бұл мәселе әсіресе жергілікті жерлерде өте өзекті. Спортты және саламатты өмір салтын насихаттаумен айналысатын мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың қызметін үйлестіру жұмыстарында кемшілік көп», деп атап өтті ол.
Осыған байланысты Үкімет Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50%-ын дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр. Ә.Смайылов салалық министрлік пен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
Сонымен қатар Премьер-министр жұмыс істеп тұрған спорт нысандарының инвентаризациясын аяқтап, олардың қажеттіліктерін айқындаудың маңыздылығын еске салды.
«Біз әрі қарай жұмыс істеуге қай нысанның мүмкіндігі бар екенін, қайсысы күрделі жөндеуді қажет ететінін, қанша спорттық құрал-жабдықтар қажет екенін нақты білуіміз керек», деді ол.
Сөз соңында Ә.Смайылов Мәдениет және спорт, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.