Алматы облысының орталығы ретінде жаңа әкімшілік мәртебеге ие болғаннан кейін Қонаев қаласын дамытудың жаңа стратегиясы айқындалды. Жақын болашақта қаланы дамытудың негізгі бағыттары Үкіметтің тиісті қаулысымен бекітілген Қонаев қаласының бас жоспарында көрсетілген.
Бас жоспардың негізгі мақсаты – оның барлық элементін өзара байланыстыра отырып, өнеркәсіптік-коммуналдық және рекреациялық аймақтарды ұтымды бөліп, жайлы және қауіпсіз тіршілік ортасын құру. Жоспарда қаланың перспективалық шекарасына қосылатын елді мекендер мен тұрғын үй кешендері де ескеріледі.
Жоспарды іске асырудың есептік кезеңі 2050 жылға дейін жалғасады. Жоспарға сәйкес осы кезеңде қала өңірдің заманауи көпфункционалды әкімшілік, қаржы және мәдени, өнеркәсіп-инновациялық, көлік-логистикалық, ғылыми-білім беру орталығына, сондай-ақ Алматы агломерациясының инновациялық-индустриялық, азық-түлік белдеуі, мұнай өңдеу, газ өңдеу және мұнай химиясы орталығына айналуға тиіс. Одан бөлек қаланың Алматы облысының басты туристік бағыттарының бірі, судағы демалыс орны және су спорты, туризм, аң аулау және балық аулау орталығы ретінде де әлеуеті зор.
Алға қойылған міндеттерді іске асыру үшін жоспарда экономикалық қызмет, тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіпті дамыту, қоршаған ортаны қорғау, білім беру, денсаулық сақтау жүйелері, инженерлік, көлік инфрақұрылымы және көше-жол желісі, көгалдандыру, жылу, электр, газ, сумен жабдықтау, су тарту және өзге де маңызды іс-шаралар көрсетілген.
Өңірдің көлік-логистикалық жүйесін жаңғыртуға және одан әрі дамытуға жақсы серпін беріледі. Қонаев қаласының авиация, теміржол, жол және су көлігін қолданудағы көлік-логистикалық жүйесінің мультимодальдығы оны Алматы облысындағы орталық көлік-логистикалық хабқа айналдырмақ.
Жоспарды іске асыру кезінде жалпы ауданы 2 538,2 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй салынбақ. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деңгейін 18%-ға, жалпы жұмыссыздық деңгейін 4,2%-ға, жастар арасындағы жұмыссыздықты 3,8%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.