Жерге дән сеуіп, егін өсірген елдің «бас ауруының» бірі – арамшөп. Егіннен бұрын бой көтеріп алатын арамшөптің жаны сірі, тамыры мықты. Оны түп-тамырымен жоймасаң, егініңнің еңсе тіктеп, өнім беруі екіталай. Таяуда «Жаңа дала» халықаралық агрокөрмесінде «Щелково Агрохим-KZ» компаниясының ғылыми қызметкері Жексенби Қайыржановпен кездесіп, көрме туралы және компанияның қызметі жөнінде ой-пікірін білдік.
Аталған компанияның көрмеде құрған палаткасына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және көптеген аудан, ауыл әкімдері мен арнайы мамандар арнайы ат басын бұрып, түрлі зиянкес пен арам шөпке қарсы дәрі-дәрмек жасап күресуші қауымның қызметімен, сөреге қойған өнімдерімен егжей-тегжей танысты. Бұл компанияға егін өсірушілер тарапынан осыншама қызығушылық пен ықыласты, ілтипатты көрген біз жұрт аяғы басылғанда әдейілеп келіп сәлем бердік. «Егіс арасындағы арам шөптер мен егінге зиян келтіретін барлық тіршілік иесінің жан алғыш Әзірейілі біз боламыз», деп әзілдеді ғылыми кеңесші.
«Жаңа дала» көрмесі ауыл шаруашылығының жаңа тынысын ашты. Ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген бірқатар елдің мамандары мен ғалымдарын, кәсіпкерлері мен түрлі кәсіпорындарының жақындасуына, қарым-қатынасын нығайтуына негіз болды. Жиырмаға жуық елдің сала мамандары мен техникалары, жаңа технологиялары осы көрме алаңында сынақтан өтіп, өз мүмкіндігін көрсетіп, жаңа тұтынушысын тауып жатыр. Мұнда тек егіс алқабында жұмыс істейтін техникалар ғана емес, жерден өсіріп-өндірілген өнімнің бәрін адам алдына ас болып барғанға дейін қолданылатын зауыт-фабрикаларға керек-жарақтың барлығы дерлік бар. Анау аспанда ұшып жүрген дрондар да егістің игілігі үшін көктің жүзін сүзіп жүр», деді Ж.Қайыржанов.
Оның айтуына қарағанда, құрылғанына 14 жыл болған агрохим компаниясы да осы «Жаңа дала» көрмесі арқылы жыл сайын өнімін отандық және шетелдік диқандарға кеңінен таныстырып, екі тарапқа да пайда келтіретін келісімдерге қол жеткізіп жүр екен.
«Щелково Агрохим-KZ» компаниясы құрылған бірінші күнінен бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Бір сөзбен айтқанда, компанияның іргетасын қалаушылардың бірімін. Істі бас директорымыз Татьяна Болговамен бірге бастадық. Компанияның құрылғанына келесі жылы 15 жыл болады. Осы уақыт аралығында үлкен табысқа жеттік. Қазақстандағы белгілі компаниялардың біріне айналып үлгердік. Қазір Қазақстан бойынша саладағы ірі үш компанияның бірі – «Щелково Агрохим-KZ» ЖШС», деді ғалым.
Компанияның орталық офисі Астанада болғанымен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Көкшетау, Алматы қалаларында бөлімшелері бар екен.
«Біз ауыл шаруашылығында егіс арасындағы арамшөптерге қарсы, түрлі ауруға қарсы, басқа да зиянкестерді жоятын дәрі-дәрмек дайындаймыз. Компания негізі Ресей астанасы Мәскеудің жанындағы Щелково деген шағын қаладан бастау алады. Негізгі дәрі-дәрмек пен оған керек шикізатты сол қаладан аламыз. Оған қоса осы Ақмола облысындағы Степногор қаласында өзіміздің «Прогресс-селхоз-хим» деген зауытымыз бар. Шикізатты Ресейден әкелеміз де, аталған кәсіпорында қайта өңдеп, ауыл шаруашылығына керекті дәрі-дәрмектерді жасап шығарамыз», деп сөзін жалғады ғылыми кеңесші.
Қазіргі таңда егістегі арам шөптермен және түрлі ауру-кеселмен күресіп жүрген компания қызметкерлері дрондармен жұмыс істеуді меңгеріп жүр екен.
«Себебі қазіргі жұмыстардың негізгісі дәрі шашатын дрондармен атқарылады. Сол үшін ғалымдарымыз, мамандарымыз оны да меңгеріп жатыр. Ал қазіргі заманауи жас мамандарымыздың көпшілігі магистратураны бітірген. Араларында PhD докторлығын қорғап алғандары да бар. Осының бәрін ескерсек, біздегі қызметкерлердің жартысына жуығының ғылыми атағы бар десек болады», деп сөзін түйді ғалым.