Жуырда Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылдық округінде жамбы атудан халықаралық жарыстарда топ жарған жасөспірімдер Мадияр Шәріпбай мен Марал Төлепбергенқызына ерекше құрмет көрсетілді.
Мажарстанның Помаз қаласында өткен халықаралық жамбы ату жарысының алтын жүлдесін жеңіп алған Мадияр Шәріпбайға және Италияның Ассини қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық бокс турнирінде жеңімпаз атанған Марал Төлепбергенге аудан әкімінің алғысхаты табысталды.
«Округімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға, саламатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді. Ең бастысы, спортты сүйетін, оны күнделікті өмір сүру дағдысына айналдырған мықты жастарымыз өсіп келеді. Олардың толымды жетістіктерінің арқасында чемпиондар ауылы атанып жатырмыз. Сондықтан ел үмітін, сенімін арқалаған спортшыларымызға әркез қолдау білдіреміз», деді аталған округтің әкімі Марат Сүгірбеков.
Салтанатты жиында үздік спортшылар мен олардың бапкерлеріне аудандық мәслихаттың хатшысы Бекет Ахметовтің атынан да алғысхат табыс етілсе, аудандық мәслихат депутаты Мұхит Диқанәліұлы чемпиондарға ауыл жастары атынан бағалы сыйлықтар тарту етті.
Ауыл ақсақалдары мен ұстаздары қос жеңімпазды құттықтай келе келешектеріне ақ жол тіледі. «Бұған дейін де облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып, соның нәтижесінде шыңдалып, халықаралық жарысқа жолдама алдым. Мажарстанда өткен жамбы ату жарысына әлемнің 14 елінен 26 мерген қатысты. Барлығымыз аң ату стилінде өнер көрсеттік. Бәсекелі жарыста бағым жанып, қарсыластарымнан басым түстім. Жеңіске жету жолында аянбай тер төгіп, жүйелі жаттықтым. Жамбы атудың ерекшелігі – үнемі өз-өзіңмен күресуді талап етеді. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындырғым келеді», деді халықаралық жарыстың жеңімпазы Мадияр Шәріпбай.
Біз де ел намысын қорғаушы жасөспірім спортшыларға ақ жол тіледік.