Павлодар қаласында 14 жастағы жеткіншекті өз қатарластарының аяусыз соққыға жығуы жұрттың ашу-ызасын тудырып отыр. Жасөспірімді әбден қорлап, адам айтқысыз дене жарақаттарын салғандар мен олардың ата-аналары жазадан құтылып кетпесе екен дейді көпшілік.
Шілде айының соңғы онкүндігінде болған оқиға әлеуметтік желіні дүр сілкіндіріп, естіп-білген жұрттың жағасын ұстатты. Жас шамалары 12-17 жастағы бір топ бала өз қатарласын аяусыз ұрып, тепкінің астына алған. Жасөспірімнің бас сүйегіне, денесіне жарақат салып, ойларына келген жауыздықты жүзеге асырғандар арасында кәмелет жасына жетпеген қыздар да болған деседі оқиғаны көргендер. Жабыла сабағаны былай тұрсын, зардап шегушіні тыр жалаңаш шешіндіріп, қорлап, онысын ұялы телефон камерасына түсіріп алған. Ең соңы бейбастақ қылық жасағандар баладан 100 мың теңге талап етіп, бопсалаған. Байғұс баланы соңынан достары тауып алып, жедел жәрдем көлігін шақыртқан.
Бұл оқиғаға жергілікті ата-аналар айрықша алаңдаушылық танытып отыр. Әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар топ құрып, ар-намысы тапталған ер баланың құқығын қорғау, қылмыстық оқиғаға қатысы барлардың тиісті жазасын алуы бойынша мәселелерді назарларында ұстауда. Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, ұрып-соғу әрекетіне қатысқанның барлығы анықталыпты. «Оқиғаның барлық қатысушысы анықталды. Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 107-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiруі» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», деп хабарланды департаменттен.
Облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Талғат Қасымбековтің айтуынша, 2009 жылы туған жасөспірім емдеу мекемесіне жеткізілгенде, оған «жабық бас сүйек-ми жарақаты» диагнозы қойылған. Яғни баланың миы шайқалып, маңдай сүйегі сынған, өкпе және бүйрек мүшелері қатты соққы алған. Бет-аузы, шынтақтары мен арқасы, кеудесі сырылған. Зардап шегуші толық сауығып кетуі үшін оған кемінде үш айлық оңалту шаралары және психологтің көмегі қажет дейді маман.
– Соққыға жығылған баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Алғашқы күннен-ақ консервативті емдеу шаралары тағайындалып, дәрігер мамандарымыз жасөспірімге өз ақыл-кеңестерін берді. Балаға ешқандай ота жасалған жоқ. Қазіргі уақытта жағдайы жақсы, жуық арада амбулаторлық емдеуге шығарылады. Психологиялық жарақат баланың бойында ұзақ уақытқа қалып қоятыны ақиқат. Ол енді тұрғылықты жері бойынша қызмет көрсететін невропатологтер мен психологтердің құзыретіндегі жұмыс. Баламен әрі қарай оңалту шараларын жүргізу өте маңызды, – дейді облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі Т.Қасымбеков.
Емдеу мекемесінің қызметкерлері бала ауруханаға түскеннен бастап ата-анасы мүлде бой көрсетпегенін де жасырмады. Анасы келмек түгілі, әлі күнге баласына қоңырау шалып, халін де сұрамаған. Дәрігерлер жасөспірімнің заңды өкілдері келмейінше, оны ауруханадан шығара алмайтындарын айтып отыр.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті жасөспірімді ұрып-соғу оқиғасын өз бақылауына алғанын, оған алдағы уақытта жан-жақты көмек көрсетілетінін хабарлады. «Балалар арасындағы қатыгездіктің алдын алу мақсатында өңірлерге білім беру ұйымдарында тәрбие жұмыстарын күшейтіп, балаларды қосымша біліммен 100 пайыз қамту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды» делінген ресми мәлімдемеде.