Қазақ елінің географиялық жағынан Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті көктей өтетін трансұлттық дәліздердің ортасына орналасуы Еуразия аталатын алып кеңістікте өте үлкен жобаларға жол ашады деп небір саңлақ сарапшылар қаншама рет айтқалы қай заман? Әттең-айы, ел-жұрт ол ойдан әлі қомақты нәтиже көрген жоқ.
Сондай-ақ Каспий теңізінің арғы бетіндегі тағы бір бауырлас ел – Әзербайжан. 2022 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы теміржол көлігімен тасымалдың жалпы көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 4 есеге өсіп, 3 млн тоннадан асыпты. Әсіресе астық, тау-кен металлургия өнімдерін тасымалдауда өсім байқалды. Ең жоғарғы өсім – Қазақ елінен, оның ішінде Әзербайжан арқылы экспорт 7 есе артып, 2,7 млн тоннаны құрады. Ал биыл бірінші тоқсанда да елдер арасындағы тасымал оң серпін көрсетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40 пайыздан аса ұлғайған.
ТХКБ қатысушылары арасындағы операцияларды синхрондау мақсатында Әзербайжан тарапымен бірлесіп қозғалысты жоспарлау және үйлестіру үшін виртуалды диспетчерлік орталық құрылды. Бұл виртуалды диспетчерлік жүктердің қозғалысы туралы еларалық ақпарат алмасуды жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы, екі тарап ТХКБ дәлізін ынталандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. «ҚТЖ» ҰК» АҚ үшін Транскаспий халықаралық көлік бағдарының әлеуетін ашу – дамудың басты векторларының бірі.
Ақтауды Қытай да айналшықтап жүр
Қытайдың Ляньюньган қаласынан арнайы делегация Ақтау теңіз портына келді. «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында «Ақтау қаласындағы Еуразиялық жеткізу тізбегі базасының» құрылысын іске қосу іс-шарасы қарсаңында келген қонақтар портты қаланың мүмкіндіктерімен танысты. Көрші елдің ресми делегациясын «АТСП» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Абай Түрікпенбаев қарсы алып, порттың инфрақұрылымымен танысу барысында қонақтарға теңіз айлағының ағымдағы және болашақтағы мүмкіндіктері туралы әңгімелеп берді.
Онда АЭА аумағында шығыстағы әріптестер іске асыратын құрастыру және қайта өңдеу өндірістерін құру мүмкіндігі бар кедендік логистикалық қойма салуды көздейтін жоба сөз болды. Инвесторлар атап өткендей, жоба Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойындағы сауданы дамыту мүддесі үшін логистикалық инфрақұрылым мен қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Ал салада білікті кадрларды қалыптастыру үшін жоба шеңберінде жергілікті кәсіптік-техникалық оқу орындарымен серіктестікте кәсіптік оқыту бағдарламасы дайындалып, енгізіледі. Кем дегенде 120 жас маман логистикалық және жеңіл өнеркәсіпте жұмыс істеу үшін қажетті негізгі білім мен дағдыларды алады.
Таяуда Қазақ елі мен Қытай арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жолдары талқыланды. Аталған мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев пен Қытайдың біздің елдегі елшісі Чжан Сяомен кездесуінде көтерілді. Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық әріптестіктің перспективасы сөз болып, орын алатын әрбір жағдай жан-жақты пысықталған. Атап айтқанда, кездесуде көлік-транзит, азаматтық авиация және өнеркәсіп салаларындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелері қаралды. Оның ішінде жаңа индустриялық өндіріс орындарын құру бар.
Кездесу барысында өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы экспорттық-импорттық және транзиттік жүк тасымалдарының жалпы көлемі 3 млн тоннаға артқаны ерекше атап өтілді. М.Қарабаев айтып өткендей, жыл сайын екі ел арасында жүкті көлікпен тасымалдауға қатысты 50 мыңнан аса көлемде қағаздағы рұқсат бланкілерімен алмасу жүреді екен. Осыған орай, «Рұқсат құжаттарымен алмасу процесін жеңілдетуге және мемлекеттеріміздің автотасымалдаушыларына қолайлы жағдай жарату үшін оларды цифрландыруды ұсынамыз», деді Марат Кәрімжанұлы.
Бұған қоса ИИДМ басшысы тұрақты авиарейсті ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін айтты. Оның сөзіне қарасақ, биылғы көктем-жаз айлары аралығында аптасына 24 рейске дейін іске асыру көзделіп отырған көрінеді.
Бұйыртса 17 сәуірге дейін «Мемсараптама» РМК-ға Қазақстан-Қытай шекарасындағы Семей-Ақтоғай теміржол учаскесіне шығатын үшінші шекаралық теміржол өткелінің құрылыс жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі ұсынылады. «Мемсараптама» РМК оны кезең-кезеңімен зерделеуді бастайды. Бұған дейін үшінші шекара өткелі мен Бақты-Аягөз теміржол желісінің құрылысы жүргізілетін Абай ауданы 2022 жылдың 8 маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған. Семей қаласының жүк тасымалы бөлімінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың 22 наурызында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚХР ШҰАР Тарбағатай ауданы арасында «ҚХР СУАР» автожолының құрылысы бойынша алдын ала зерттеулер жүргізу туралы меморандумға қол қойылған. Оның қатарында теміржолдың Бақты – Аягөз, Қарамай – Тачең – Аягөз телімдері де бар. Бүгінде бұл жұмыстар толық атқарылып болды.
Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлағандай, Қытаймен шекарадағы үшінші «Бақты» өткізу пунктінің ашылуымен Бақты – Аягөз жаңа теміржол желісін салу жобасын іске асырып, шекаралық теміржол вокзалдары мен жүк түсіру алаңдарын салу қажет. Сөйтіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол пунктінің өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін ұлғайту ләзім.
Бақты – Аягөз учаскесінің ұзындығы 270 шақырымды құраса, жобаның сметалық құны 321 млрд теңге болады екен. Техникалық-экономикалық негіздемені Көлік және коммуникациялар академиясы әзірлеген. Жобаны іске асыру келесі жылы басталып, одан кейінгі жылы толық аяқталуға тиіс.
ҚХР-мен шекарада Достық және Алтынкөл стансалары арқылы экспорттық-импорттық тасымалдардағы жүк тасымалдау көлемі жыл сайын артып келеді. 2021 жылы олар арқылы 20,2 млн тонна жүк тасымалданған. Ал былтыр біздің ел мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі 20,22 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға артық. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалының көлемі 4 млн тоннадан асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 пайызға артық болып тұр.
«Жобадан үлкен үміт күтеміз. Мұнда бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланып, Қытаймен жүк тасымалдау көлемі артады. Теміржол желісінің, үшінші шекара өткелінің салынуы жақын маңдағы қазақ елді мекендеріне оң әсерін тигізеді, өйткені қосымша жұмыс орындары ашылады», деді Семей жүк тасымалы бөлімі директорының міндетін атқарушы Алмас Сейсемқанов.
Семей қалалық жүк тасымалы бөлімінің мәліметінше, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аясында шекаралық бекеттердегі кедендік, шекаралық және санитарлық қызмет көрсету нысандары қамтамасыз етіледі. Жобалаушыға ұсынылған 10 пунктте қажетті нысандар мен инфрақұрылымдар саны туралы ақпарат берілді. Бұл – Аягөз-2, Шыңқожа, Ай, Таскескен, Текебұлақ, нөмір 139, Үржар, Мақаншы, №240 және Бақты стансасы.
Ирак та алыс емес
Иракта Development Road жобасын іске асыру барысы мақұлданды. Бұл – Басра қаласы мен Ирактың оңтүстігінде салынып жатқан Гранд-Фао теңіз портын Түркия шекарасымен байланыстыратын теміржол мен автожол құрылысы. Мұны келешекте Түркияның Мерсин Жерорта теңізі портына шығатын қақпа десе болады. Сондықтан бұл жобаны біздің ел назарда ұстағаны абзал.
Аталған жоба Түркия билігімен толық келісілген. Гранд-Фао портынан Түркия шекарасына дейінгі электрлендірілген теміржол құрылысының құны 18 млрд еуродан асады деп күтілуде. Оған қоса құрылысты 2038 жылға дейін аяқтау көзделіп отыр.
Ирак аумағында тартылатын теміржолдың ұзындығы 1 200 шақырымды құрамақ. Бұл Басра қаласынан өзге Эд Диванию, Ан Наджаф, Кербелу мен Мосулды басып өтеді. Ал Гранд Фао порты Басра қаласының оңтүстігінде 100 шақырым жерде салынып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылы аяқталып, соның нәтижесінде порт арқылы жылына 3 млн контейнер жөнелтіледі. 2,5 млрд еуро болатын бірінші кезеңнің келісімшарты кореялық Daewoo Engineering&Construction компаниясымен жасалған. Келесі кезеңде жүзге жуық айлақ салу қарастырылып отыр.
Жүк тасымалы ұлғая түсті
Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын компания негізінен «Қазақстан темір жолы» АҚ екені мәлім. Аталған компания қажетті барлық шараны бірден еңсеріп кетпесе де, елге керекті әр істі кезең-кезеңімен жүзеге асырып, күнделікті ісін де ақсатпай отыр. Мәселен, осы жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстан темір жолы арқылы 61,5 млн тоннадан аса жүк тасымалданған. Соның 39,3 млн тоннасы еліміздің ішінде тасымалданса, 22,2 млн тоннасы экспортқа шығарылған.
Сондай-ақ тарифтік жүк айналымы өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 7 пайызға артып, 64,4 млрд тонна-км құрағаны белгілі болып отыр. Бұдан біздің ел арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының да жылдан-жылға қарқын алып келе жатқаны байқалады. Бұл бағыттағы өсім алғашқы үш айда 34,3 пайызды құрады. Сала мамандары оған логистиканы өзгерту және тасымал қашықтығын арттыру арқылы қолжеткізіліп отырғанын айтады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы әдеттегідей, әлеуметтік маңызға ие жүктер болып саналатын көмір мен астық тасымалын ерекше бақылауда ұстап отыр. Биылғы қаңтар-наурыз аралығында теміржол көлігіне 28,5 млн тонна тас көмір тиеліп, соның 20,3 млн тоннасы қазақстандық тұтынушыларға жеткізілген. Ал 8,2 млн тонна қатты отын сыртқы елдердің сұранысын қанағаттандыру мақсатында экспортталған. Қазақстан темір жолында көмір разъездерін вагондармен қамтамасыз ету, оларды уақытылы беру және көмір тиелімін қамтамасыз ету бойынша мониторингілеу топтары мен жедел штабтар жұмысы тиімді ұйымдастырылып, табысты жұмыс істеп жатыр.
Ал әлеуметтік жүктің келесі түрі астық тиеліміне келсек, осы жылдың алғашқы тоқсанында 3 млн тоннаға жуық астық тиеліп, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 10,2 пайызға жоғары шыққан. Сонымен қатар тартылған астық өнімдері тасымалы да 20,7 пайызға артып, 879 мың тонна шамасын құраған. Аталған жүк түріне қатысты экспорттың да 39,3 пайызға өсіп, 665 мың тонна шамасын төңіректегені белгілі болып отыр.
Жүк тасымалын ұйымдастырушы мамандар алға тартқан деректердің бірқатарына көз салып көрейік. Осы жылдың бірінші тоқсанында химиялық тыңайтқыштардың 12,8 пайызға немесе 1,1 млн тоннаға, мұнай жүктерінің 5 пайызға немесе 4,5 млн тоннаға, ал құрылыс жүктерінің 15 пайызға немесе 2,6 млн тоннаға өскенін көрсетіп отыр. Ал экспорттық бағытта түсті кен және күкірт қышқылы, мұнай жүктері, химиялық тыңайтқыштар, құрылыс жүктері тасымалының ұлғайғаны байқалады.
ҚТЖ инфрақұрылымының осындай жүктемесіне қарамастан басымдыққа ие міндеттемелер уақытылы орындалып отырғанын осы көрсеткіштер айғақтайды. Демек, теміржолшылар үшін алғашқы үш айды табысқа толы тоқсан болды деп қорытындылауға болады.