QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының хабарлауынша, отандық өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығындардың бір бөлігін өтеу жөнінде 200-ге жуық өтінім келіп түскен. 64 өтінім ішкі нарыққа өнімдер мен қызметтерді ілгерілетуге қатысты болса, 132 өтінім – еңбек өнімділігін арттыру жайында.
Мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асырған 6 ай ішінде QazIndustry қазақстандық кәсіпорындардың 94 млн теңгеден аса қаражатқа шығындарын өтеуге қолғабыс еткен. Өтінімдердің басым бөлігі Алматы, Шымкент, Астана, Қарағанды және Ақтөбе облыстарынан келген. Салалар бойынша жеңіл өнеркәсіп, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені секторындағы кәсіпорындардан өтініш көп түскен.
Биылғы қаңтар-маусым аралығында орталық мамандары кәсіпорындардың шығындарын өтеу тетіктерін түсіндіруге қатысты 200-ден аса консультация, сондай-ақ ашық есік күндері және кәсіпорын өкілдерімен кездесулер өткізген. Бұған қоса өңірлерде көшпелі семинарлар мен вебинарлар да ұйымдастырылып тұрады.
QazIndustry индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа жылжытуға жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге жәрдемдесіп келеді. Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпаратты орталықтың сайты арқылы «бизнесті ынталандыру» бөлімінен білуге болады. Сонымен бірге ашық есік күндері де ұдайы өткізілетінін айта кетейік.