• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Тамыз, 2023

Су бетіндегі сұлулық

875 рет
көрсетілді

Атырау облысындағы Құрманғазы ауданы Ресейдің Астрахань өңірімен шектеседі. Екі өңірдің шекарасын Қиғаш өзені бөліп тұр.

 

Шекарадағы өзеннің сағасында лотос гүлдейтін 5 гектарға жуық алқап бар. Қызғылт түсті лотостың биіктігі 150 сантиметрге дейін жетеді. Су ортасында өсетін сирек гүл таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады. Лотос гүлдеген Қиғаш өзеніне Ақтөбе – Атырау – Ресей шекарасы бағытындағы жолмен жетуге болады. Атыраудан ара қашықтық – 300 шақырымға жуық.

Бұл гүлді вьетнамдықтар тазалық­тың символы ретінде бағалайды екен. Тіпті оның емдік қасиеті барына сенеді. Әсіресе тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқы­сыздықты емдеуге қолданылады.

Жақында осындай ерекшелігі бар лотос өсетін алқап суретшілердің туын­дысына арқау болды. Атырау облыс­тық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламановтың айтуынша, «Су бетіндегі сұлулық» планэрі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оған Алматы, Қызылорда, Ақтөбе және Атыраудан 10 суретші қатысты.

«Республикалық планэрді өткізу ке­зінде бірнеше мақсат көзделді. Бірін­шіден, Атырау облысының Ресеймен шекарасындағы Қиғаш өзенінде өсетін, «Қызыл кітапқа» енген лотос гүлін кенеп бетіне түсіру. Екіншіден, су бетіндегі сұлулықты бояулар үндестігімен бейнелеп, ішкі туризмді дамытуға үлес қосу. Үшіншіден, туған өлкеге сүйіспенші­лікті арттыру. Төрт өңірден қатысқан суретшілер бір-бірімен тәжірибе ал­масты», дейді Әбіл Жоламанов.

Суретшілер Қиғаш және Шарон өзе­нінің аңғарындағы табиғат көрінісін, су бетіндегі сұлулықты кенепке бейнелелеген композиция жасады. Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық және республикалық көрмелерге қатысқан алматылық қылқалам шебері Максим Ведерниковтің айтуынша, лотос алқабы – туристік брендке сұранып тұрған мекен.

«Қазақстанда туристерді қызық­тыратын табиғи орындар көп. Бірақ су үстінде өсіп тұрған лотос секілді ал­қапты алғаш рет көрдім. Шын мәнінде су бетіндегі сұлулықты көзбен көру керек», дейді Максим Ведерников.

Қызылордалық суретші Дулат Айт­баев Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейіне ерекше туындысын ұсынды. Ол лотос гүлін салуға күрішті пайдаланған. План­эр­ге қатысқан суретшілер лотос алқа­бын бейнелеген 21 туындысын музейдің қорына тапсырды. Ал суретшілерге 250 мың теңгенің стипендиясы берілді.