• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Спорт 08 Тамыз, 2023

Тобыл өңіріндегі дәстүрлі спартакиада

189 рет
көрсетілді

Алтынсарин ауданында Тобыл өңірін жыл сайын бір дүрілдетіп өтетін облыстың дәстүрлі бұқаралық спорт мерекесі – «Тың» ойындары мәреге жетті. Осымен 36-рет ұйымдастырылып отырған спартакиада барысында облыстың барлық аудан-қаласынан келген 2 мыңға жуық адам спорттың 18 түрі бойынша бәсекеге түсті.

Осыдан екі жыл бұрын ғана толық­тай жөндеуден өткен аудан орталы­ғы Силантьев кентіндегі спорт кешені алыс-жақыннан жиналған жұртқа лық толды. Спорт мерекесі әсем ән-күймен, көпшілікті саламатты өмір салтына үндейтін театрландырылған қойылыммен ашылды. Одан кейін облыстың 20 өңірінен келген спортшылар сап құрып, спартакиада алауы жағылды. Салтанатқа арнайы келіп қатысқан аймақ басшысы спортшыларға сәттілік тілеп, жиналған жұртқа құттықтау сөзін арнады.

– Баршаңызды отыз алтыншы «Тың-Целина» спартакиадасының ашылуымен құттықтаймын. Бұл айтулы дода бұқаралық спортты одан әрі дамытуға, достықты нығайтуға және ортақ мақ­сат­тарға жетуге көмектеседі. Біздің мін­­дет – Қостанай облысын еліміздегі ең спортқа жақын өңірге айналдыру. Сондықтан спорт инфрақұрылымын жақсартуға күш саламыз. Алдағы уақытта барлық ауданның орталық стадиондарын күр­делі жөндеуден өткізіп, аудан орталықтарын­да сауықтыру кешенде­рін, оның жанынан жабық мұзайдында­­рын ­салуды жоспарлап қойдық. Бүгінде об­лыста 340 мыңға жуық адам немесе халық­тың 40 пайызы белсенді түрде спортпен шұғылданады. Оның ішінде 85 мың бала тұрақты түрде спорт сек­цияла­рына барып, белгілі бір спорт түрімен айналысып жүр. Бұл – бұқаралық спортты насихаттау бағытында атқарылып жат­қан жұмыстардың жемісі екені сөзсіз, деді Құмар Ақсақалов.

Облыс әкімі одан кейін өңір спор­тының дамуына еңбек сіңірген бірқа­тар спортшыға арнайы диплом мен ақша­лай сыйлық табыс етті.

Кешкілік спартакиаданың ашылу салтанатына арнайы шақыртылған Қайрат Нұртас, Әміре және Калифарния сынды эстрада жұлдыздарының концерті бас­талды. Көпшілік, әсіресе жастар арасын­да кең танымал болған өнерпаздарды ерекше ықыласпен қарсы алып, өнерлерін тік тұрып тамашалады. Концерт соңы би кешіне ұласып, халық шат-шадыман көңіл күймен тарқасты.

Келесі күні өз өңірлерінің намысын арқалай келген 20 команданың бәсекесі басталды. Спорт ойындары бір мезетте ауданның әр тұсында өтіп жатты. Бұл жерде әр ауданнан келген командалар құрамындағы спортшылар саны жағынан бірдей болмағанын айта кеткен жөн. Мәселен, жарысқа Рудный қаласының атынан 100-ден аса спортшы шықса, облыс орталығынан шалғай жатқан Жангелдин ауданының жалауын көтерген спортшылардың саны – елудің айналасында ғана.

– Доп ойындарын қоспағанда, біз командалық ойындардың біразына қаты­са алмаймыз. Өйткені Торғай өңірінде спартакиада бағдарламасындағы спорт түрлерінің біразы жоқ. Жекелеген спорт түрлерінен қатысушылар жеткілікті. Мысалы, өзім қазақ күресінен сынға тү­суге келдім. Жалпы, командалық ұпай жинауда ірі қалалармен бәсекелесу оңайға түспесі анық. Дей тұрғанмен, жерлестеріміз намысты қолдан бермей, жақсы нәтиже көрсетеді деген үміттемін, – деді Жангелдин ауданына қарасты Қалам-Қарасу ауылының әкімі Берік Мұхамбедин.

Силантьев, Обаған және Большой Чураков ауылдарына қоныстанған спортшылар спартакиада кестесіне сәйкес үш күн бойы сынға түсті. Жарыстың ал­ғашқы күні грек-рим күресінің үздік­тері анықталды. Командалық есепте Қостанай қаласы – бірінші, Қостанай ауданы – екінші, Әулиекөл ауданы үшін­ші орын иеленді. Кір көтеру бойын­ша Қостанай қаласының спортшыларына ешкім шақ келмеді. Арқалық қаласы­ның білектілері екінші орыннан көрінсе, Қостанай ауданының спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Жеңіл атлетикадан жітіқаралықтар мен Лисаков қаласының желаяқтары жеңіс тұғырынан көрінді.

Облыстың оңтүстік өңірлері қа­зақ кү­ресінен қай кезден-ақ үздік нә­ти­­же көрсетіп келеді. Осы жолғы спартакиада- да командалық есеп бойынша, Арқа­лық қаласының балуандары жеңісті жұ­лып әкетті. Айталық, 60 кило салмақта Әкімбек Қайрат, 90 килода Нұрсұлтан Сәлімжан, 100 килода Бекболат Жасұлан жеңімпаз атанып, команда жеңіс тұғы­рынан көрінді. 2-орынды Қостанай қа­ласы иеленсе, 3-орын Қостанай ауданына бұйырды. Дзюдо күресінен де Арқалықтың ерлер және қыздар командасына шақ келетін ешкім табылмады.

Көпшіліктің делебесін қоздыр­ған тартысты бәсекенің бірі – ат жарысы бол­ды. ­6 шақырымдық құнан бәйгеде Меңді­қара ауданынан келген Елнұр Өтеген­нің «Бесқара» атты жүйрігі көм­беге бірін­ші келді. 12 шақырымдық топ бәйге­де Әулиекөл ауданынан кел­ген «Ноғай Қара» топ ішінен қара үзді. Ал 20 шақырымдық аламан бәйгенің бас жүлдесі Атырау об­лы­сының «Тойторы» деп аталатын тұл­парына бұйырды.

– «Бесқара» өзім баптап жүргелі бері аз жүлде олжалаған жоқ. Үнемі үздік үштіктің қатарынан көрініп жүр. Осы жолы да бағы мен бабы қатар келі­сіп, құнан бәйгеде бірінші келді. Қуа­ныштымын. 300 мың теңге қанжығаға байланды. Бұйыртса, әлі талай бәйгелерде жұлдызы жанады деп сенемін, – дейді атбегі Елнұр Өтеген.

Сонымен жарыстың үшінші күнін доп ойындары түйіндеп, түс ауа облыс­тық спартакиаданың қорытындысын жариялауға арналған рәсім өтті. Жа­рыс­­тың бас төрешісі, облыстық Дене шы­нықтыру және спорт бөлімі басшы­сының орынбасары Елена Киреева ­жиыр­ма команданың үш күн бойы жи­ған ұпайларын жария етті. Аудандар арасында Қарасу – үшінші орын (234 ұпай), Бейімбет Майлин ауданы – екінші (236 ұпай), Қостанай ауданы бірінші орын (278 ұпай) иеленді. Ал жалпыкоманда­лық есепте спартакиаданың бас кубогі 317 ұпай жинаған Қостанай қаласы­ның спортшыларына бұйырды. Қостанай осы­мен оныншы рет чемпион атанып отыр. Руд­ныйлықтар 295 ұпаймен 2-орынды ен­шілесе, Қостанай ауданының спорт­шылары 3-орынды қанағат тұтты.

Спорт мерекесінің жабылу рәсімін­де дәстүрлі спартакиадасының бай­рағы Қарабалық ауданына табыс етілді.