• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Тамыз, 2023

Теңге бағамы жыл соңында әлсірейді

163 рет
көрсетілді

Халықтың нақты кірісінің құл­ды­рауы кезінде, биыл екінші тоқ­санда еліміздің экономикалық өсім қарқыны 5 пайыз деңгейінде сақталған. Halyk Finance сарапшы­ларының айтуынша, бұл – кейінгі 10 жыл­да тіркеліп отырған жоғары көр­сеткіш. Өсімнің маңызды драй­верлері – мұнай өндірісінің күше­юі, бюджет шығыстарының шама­дан тыс артуы, Ресейге реэкс­порт, тұ­тыну­шылық несиенің жоғары өсімі және өзге де факторлар.

«Тұрғын үй нарығын есепке алмағанда, экономиканың барлық секторы өсімнің жоғары қарқынын көрсетті. Бюджет шығындарының рекордтық қарқынмен ұлғаюының нәтижесінде негізгі капиталға салынатын инвестиция мен Қазақстанға импорт көлемі артты. Бұл ретте ағымдағы шот тапшылығы 2020 жылғы дағдарыс деңгейіне жетіп, қатарынан үш тоқсан бойы теріс болды», дейді Halyk Finance.

Бірінші жартыжылдықта өнеркәсіптік өндірістің өсім қарқыны 3,8 пайызға дейін (бірінші тоқсандағы 2,8 пайыздан кейін) жылдамдаған. Дегенмен мұның өзі – жоғары көрсеткіш емес.

«Салыстырар болсақ, өткен жылды есепке алмасақ, алдыңғы жылдары өнеркәсіп өнімдерінің шығару динамикасы экономиканың өсім қарқынына сәйкес келіп отырды – 4 пайыз және одан жоғары. Дегенмен ел экономикасының жандануы және шикізатқа деген сыртқы сұраныстың сақталуы жағдайында өнеркәсіптік өндіріс өсімі жеделдейді деуге негіз бар», дейді сарапшылар.

Әзірге сыртқы және ішкі факторлар салдарынан елдің мұнай-газ секторының динамикасы сәл-пәл тежеліп тұр.

«Биыл Теңіз кен орнының жұмысында іркіліс болды – электрмен жабдықтауда туындаған қиындық өндіріске залалын тигізді. ОПЕК+ келісімі аясындағы көмірсутек өндірісіне бағытталған шектеудің ұзаруы, сондай-ақ жылдың екінші тоқсанында мұнай бағасының барреліне 80 доллардан да төмендеп кетуі сыртқы фактор болып саналады. Шектеуге қарамастан биыл алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша мұнай өндірісі жылдық мәнде 5,7 пайызға ұлғайды. Тіпті өндіріс көлемі рекордтық межеге де жетті. Осылайша, Энергетика министрлігінің биыл 80-90 млн тонна көмірсутек өндіру туралы жоспары орындалып тұр деп айта аламыз. Әдепкіде министрлік 90,5 млн тонна сұйық көмірсутек өндіруді жоспарлаған», деген дерек келтіреді.

РФ-ға қатысты батыс санкцияларына байланысты (аталған елдерден экспорттың шектелуі) былтыр Қазақстаннан Ресейге экспортталатын тауар көлемі өскен. Әсіресе, машина, құрылғы, транспорт құралдары, прибор және аппарат экспортының көлемі 4,8 есе көбейген. Ал Беларуське жөнелтілетін көлем тіпті 8 есе артыпты. Биыл да РФ-ға экспорттық жеткізілімдер 50 пайызға өсім көрсеткен.

«Жалпы, Қазақстан РФ-ға жеткізу көлемін есепке алмағанда биыл экспорт көлемі бойынша 12 пайызға төмендеді. Осылайша, еліміз реэкспорттық операция­лардан тәп-тәуір пайда көріп отыр. Бұл түптің түбінде экономикалық өсімге әсер етеді. Алайда болып отырған ахуал санкция салушы елдердің де назарын аударары сөзсіз, бұл олардың тарапынан жауап шараларын қолдануға алып келуі де ықтимал. Қайталама санкциялардан сақтану үшін жергілікті билік санкциялық режімді ұстануы керек. Сәйкесінше, әжептәуір реэкспорттық операциялардың ұзақ мерзімді сипатқа ие бола қоюы екіталай», дейді сарапшылар.

Олардың бағамдауынша, инфляция едәуір баяулағанымен проинфляциялық тәуе­келдер әлі де сақталып отыр. Комму­нал­дық қызметтер тарифінің және энергия тасымалдаушылар бағасының өсуі, мемлекет­тік шығындардың көбеюі және жоғары инфляциялық күтулер Ұлттық банкті әлі де болса, қатаң ақша-несие саяса­тын ұстануға мәжбүр етіп отыр деп санай­ды. Мамандар пікірінше, инфляция дең­гейінің төмендеуіне орай базалық ставка­ны да біртіндеп төмендету қажет. Ұлттық банк мұны тамыздан бастауы әбден мүмкін.

«Екінші тоқсанның соңында респуб­ликаның шоғырландырылған халықаралық резерві 94,2 млрд доллар болды және жыл басынан бері 3,8 пайызға ұлғайды. Алайда наурыз айында көбейтілген бюджет шығындары бекітілгеннен кейін екінші тоқсанда Ұлттық қордың валюталық активтерінің өсім қарқыны біршама құлдырады. Мұнай өндірісінің қарқын алуына және оның қолайлы котировкасына қарамастан Ұлттық қор активтерінің өсімі баяу жүріп жатыр. Бұған қордан бюджетке трансферттердің артуы себеп болып отыр», делінеді есепте.

Halyk Finance сарапшыларының бағ­дар­­лауынша, Мемлекет басшысының Ұлт­тық қордағы актив мөлшерін 2030 жылы 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырмасын орындау біраз қиынға соғатын түрі бар. Қазіргідей қордан бюджетке ауқым­ды трансферттер жасала беретін болса, атал­ған мақсатқа 7 жылдан кейін қол жет­кізу қиындық туғызады дейді сарапшылар.

Мұнайдың жоғары бағасына қарамас­тан Ұлттық қор активтері өсімінің баяу динамикасы осымен екінші жыл қатарынан байқалып отыр.

«Бюджет шығындарының өсімін қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаражатын пайдалану саясаты Ұлттық қордағы актив өсімі қарқынын шектеуде. Биыл бірінші тоқсанда қорға түскен түсім алынған ақшадан 600 млрд теңгеге артық болған, екінші тоқсанда бұл айырмашылық 200 млрд теңгеге дейін азайды. Жалпы, бірінші жартыжылдықта трансферттер түрінде 2,14 трлн теңге (4,7 млрд доллар) пайдаланылды (бір жылға 4 трлн теңге жоспарланған). Яғни екінші жартыжылдықта трансферт 1,86 трлн теңге (4 млрд доллар) болуға тиіс. Ұлттық экономика министрлігінің күтуінше, биыл Ұлттық қорға түсім 5,5 трлн теңгені құрайды», делінеді зерттеуде.

Жыл басынан бері ұлттық валюта курсы 4 пайызға, 448,8 теңгеге дейін нығайған. Мамандар пікірінше, Ұлттық қордан берілетін трансферт мөлшерінің артуымен (себебі биржада сатылатын валюта көлемі өскен – авторлар) теңге біршама нығайды және бағамы тұрақталды.

«Ұлттық банктің де валюта нары­ғындағы өз операцияларын жүргізудегі ашықтығын да атап өту керек. Бұл деваль­вациялық күтулерді төмендетті. Жыл соңына қарай жоғары инфляция, базалық мөлшерлеменің төмендеуі және экспортпен салыстырғанда импорттың жедел өсімі фонында ұлттық валютаның аздаған әлсіреуін шамалаймыз. Сауда арнасы арқылы импорттың айтарлықтай артуы сыртқы сауда профицитінің қысқаруына, бұл валюта бағамының әлсіреуіне әкеледі. Сонымен қатар жылдың екінші жартысынан бастап квазимемлекеттік компанияларға қойылатын міндетті валюта сатылымы талабы қысқарады және база­лық мөлшерлеме төмендейді деп күті­ліп отыр. Базалық мөлшерлеменің төмен­деуі бейрезиденттер үшін теңгедегі қаржы активтерінің тартымдылығын азайтады. Әрі инфляцияның жоғары деңгейі теңге­нің сатып алу қабілетін төмендетеді. Біздің­ше, осы факторлар қосыла келе жыл соңы­на қарай төл валюта 1 долларға 475 дең­геге дейін әлсіреуі мүмкін», дейді сарапшылар.

Halyk Finance сарапшылары биыл ішкі жалпы өнім өсімі болжамын 4,8 пайызға дейін жақсартып отыр (егер сыртқы және ішкі шоктар болмаса).