Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәліні қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына министрліктің ақпарат, қоғамдық даму, дін және этносаралық қатынастар, азаматтық сектор, сондай-ақ жастар және отбасы саясатын жүзеге асыру бағытында атқарып жатқан жұмыстары жөнінде баяндалды.
Дархан Қыдырәлі министрлік өз жұмысында отандық телесериалдар өндірісі көлемін ұлғайтып, оларды шетелге таратуға, медиа сауаттылықты арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасты жандандыруға айрықша мән беріп отырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы министрлік азаматтық қоғам институттарымен барлық деңгейдегі байланысты күшейтіп, әр саладағы өзекті мәселелерді қоғаммен кең көлемде талқылауға ашық болуы қажет екенін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Дархан Қыдырәліге жастар саясатына қатысты бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруды, діни бірлестіктер мен этносаралық қарым-қатынас бағытын айрықша назарда ұстауды тапсырды.