Мемлекеттік білім грантын иеленген мектеп түлектерінің қуанышында шек жоқ. Олармен бірге ата-анасы мен мектепте дәріс берген ұстаздарының абыройы бір биіктеп қалды.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің мәліметінше, биыл 211 мектептің 11-сыныбын 6 081 түлек бітірді. Оның ішінде 159 түлек «Алтын белгіге» ие болған еді.
Соңғы жылдары өңірде мамандандырылған білім ордалары көбейді. Соның қатарында 2021 жылы ашылған жаратылыстану бағытында жаңа форматта білім беретін «Зияткер» мектеп-лицей-интернаты да бар. Бес жүз орындық білім ордасына алғашқы жылы 150 оқушы қабылданды. Биыл оны алғашқы 32 түлек бітіріп шықты.
– Мектеп түлектерінің бәрі де жоғары оқу орнында мемлекеттік білім грантымен оқығысы келеді. Алайда грант тек мектепте алған сапалы білімінің нәтижесін көрсеткен зерделі түлектерге беріледі. Мәселен, Атырау қаласындағы «Зияткер» мектеп-лицей-интернатының 28 түлегі мемлекеттік білім грантын иеленіп, жоғары оқу орындарының студенті атанып отыр. Грант иеленгендер саны аталған мектеп түлектерінің 88 пайызын құрады. Бұл – «Зияткер» мектебі үшін үлкен абырой әрі сапалы білімнің нақты көрсеткіші, –дейді Жасұлан Бисембиев.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы атыраулық түлектердің жоғары білім алуы үшін арнайы грант бөлуді тапсырған. Соған сәйкес, биыл Атырау облысының мектептерін бітірген түлектерге 1 500 нысаналы грант бөлінген.
– Бұл – тек Атырау облысының түлектеріне бөлінген грант. Мәселен, педагогика саласына 283, жаратылыстану, математика және статистика бағытына – 49, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына – 561, инженерлік, өңдеу және құрылыс индустриясына 607 грант бөлінді. Нысаналы грант конкурсына қатысатын үміткерлер жалпы грант конкурсына да құжат тапсыра алады. Бірақ нысаналы грант арқылы талапкер төрт қаланы және сол қаладағы жоғары оқу орнының барлығын белгілеуге мүмкіндігі бар, – дейді Руслан Емелбаев.
Жыл сайын мектеп түлектеріне Атырау облысы әкімінің гранты беріліп келеді. Биыл әкім грантын 240 түлекке беру көзделіп отыр.
Атырау облысы