• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 11 Тамыз, 2023

Мал шаруашылығын басқарудың оңтайлы жолы

256 рет
көрсетілді

Мал шаруашылығын цифрландырумен айналысатын «Cowmas Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі канадалық «HerdWhistle Technologies Inc.» мал басының нақты мониторингі компаниясымен стратегиялық серіктестігі туралы мәлім етті. Бұл ынтымақтастық ауыл шаруашылығының осы қосалқы секторының тиімділігі мен табыстылығын арттыру үшін еліміздегі мал шаруашылығын басқару тәжірибесін өзгертуге бағытталған.

Қазақстан фермерлері ендігі жерде HerdWhistle™ RFID негізіндегі жабдығын Cowmas™ мал шаруа­шы­лығын басқару платформасымен, жергілікті топ тәжірибесімен және қызметтерімен үйлестіре отырып, операциялық үдерістерді оңтай­лан­дырып, мал басын бақылаудың жақсаруына қол жеткізе алады. «Cowmas Qazaqstan» ЖШС ка­на­да­лық компанияның Қазақстан­дағы серіктесі және бас дистрибьюторы болады. Сонымен қатар HerdWhistle Technologies Inc. Cowmas™ мал шаруашылығын басқару платформасымен біріктірілген қазақстандық мал шаруашылығы фермерлері жан-жақты және локализацияланған тәжірибе ала алады.

HerdWhistle Technologies Inc. – Канада елінің Калгари қаласындағы киберфизикалық жүйелерді әзірлеуші «A4 Systems» компаниясының еншілес кәсіпорны, бордақылау алаңдары мен шағын мал фермалары үшін мал басын дәл бақылауда үлкен тәжірибесі бар ұжым. 2010 жылы негізі қаланған «A4 Systems» – сапалы деректерді пайдаланушы фермердің негізгі бәсе­ке­лестік артықшылығы бола алатын киберфизикалық өнімді әзірлеу тобы. Өзінің озық технологиясы және тә­жіриб­есі арқылы HerdWhistle Tech­nologies Inc. HerdWhistle™ жүйесі аталған өнімдерін Канада мен АҚШ-та қолданысқа сәтті енгізді.

Cowmas Qazaqstan ЖШС – 2020 жылы Алматыда негізі қаланған agritech стартап компаниясы, елдегі шағын және орта мал фермаларына нақты мал шаруашылығы қызметтерін көрсетуге маманданған. IoT (Internet of Things) технологияларын және өзінің Cowmas™ мал фермасын басқару платформасын қолдана отырып, жан-жақты аудит жүргізуді, көмек көрсетуді, ветеринарлық және зоотехникалық қолдауды ұсынады. Компания дамуының бастапқы ке­зеңін­де Нидерланды Корольдігі StartHub Wageningen инкубаторы мен StartLife агро-азық-түлік акселера­то­рынан, кейінірек Qazinnovations Қазақ ұлттық инновациялық даму агент­ті­гі­нен қолдау тапты.

Cowmas Qazaqstan ЖШС мен HerdWhistle Technologies Inc. ара­сын­дағы серіктестіктің еліміздегі мал өсірушілер үшін пайдасы зор бол­мақ. Ол мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің алдында тұрған түрлі мәселені шешуге, оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларын стрессіз автоматтандырылған бақылауды іске асыру, фермалардан деректерді жедел алу, жұмыс күші­нің тапшылығын азайту және фер­мерлердің ғылыми білім мен тәжіри­бе­ге қол жеткізуіне бағытталған.

Cowmas™ мен HerdWhistle™ біріктірілген шешімдері мен жаб­ды­ғын қолдана отырып, фермерлер белгіленген пункттерге малдың келуін қашықтан бақылауды жүргізу, табындағы малды іздестіру және сәйкестендіру үшін жұмыс күшінің тұрақты жетіспеушілігі мәселесін шешу, қора-шарбақтарда, не табиғи ортада – жайылымда мал басын автоматты түрде анықтап, қоршау, қамаусыз санау сияқты жұмыстарды, жалпы табындағы ірі қараның немесе қой малының әрбір жеке басының қимыл-қозғалысын адамның арала­суынсыз бақылауды жүргізе алады.

«Біз HerdWhistle Technologies Inc арқылы A4Systems-пен серіктес болғанымызға қуаныштымыз. Бұл – Канада мал шаруашылығында озық ауыл­шаруашылық технология­сы мен агроғылымды қолданатын пио­нер. HerdWhistle™ жабдығы бізге фер­малардағы мал басын есепке алу үшін маңызды деректерді жинауға, жануарларды жылдам, ық­шам сәй­кес­тендіруге және зоотех­ни­ка­лық іс-шараларды тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Бұл шаралар өз кезегінде шаруашылықтардың жануарларды қалыпты деңгейде бақылауы мен бизнес-үдерістерді жақсартуына жол ашады», деді «Cowmas Qazaq­stan» ЖШС бас директоры Асхат Жәнібек.

«Біз «Cowmas Qazaqstan» ЖШС-мен ынтымақтасуға және Қа­зақ­с­танның мал нарығының даму ке­ле­ше­гін зерттеуге ықыластымыз. Бі­рік­­тірілген тәжірибеміз бен күш-жі­геріміз арқылы мал басын анықтау, есепке алу және мониторингілеудің ағымдағы міндеттерін шешуге дайынбыз. Бұл фермерлерге тұрақты және тиімді мал шаруашылығы бизнесін дамытуға мүмкіндік береді», деді HerdWhistle Technologies Inc бас директоры Адам Моранд.

Қазақстанда сынақтан өткізу және шешімдерді сынау 2023 жылдың тамызына жоспарланған. 2023 жылдың күзінде қазақстандық ірі қара және қой өсірушілерінің қажеттіліктеріне бейімделген бірлескен өнімдер мен қызметтерді коммерциялық өндіру бас­талады деп күтіледі. Қазіргі уақытта алдын ала тапсырыстар қабылданып жатыр. Екі компания да қазақстандық фермерлердің сұрақтарына жауап беруге, мал шаруашылығы сала­сын­дағы жобаларын әзірлеуге көмек­тесуге дайын, мүдделі сала ойыншы­ларымен, соның ішінде шаруа қожа­лық­тарымен, кооперативтермен және фермерлер қауымдастығымен ынты­мақтастық қарым-қатынастарға ашық. Сонымен қатар қазақстандық нарық­ты инновациялық шешімдермен жан-жақты қамтуды қамтамасыз ететін аймақтық дистрибьюторлық бағдар­ла­малар жоспарланып отыр.