ҚР Төтенше жағдайлар министрі 2015 жылдың 7 шілдесінде суға батқан балаларды құтқарған Алматы облысының тұрғыны Бірқұрманов Рауанның отбасын марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.
2015 жылы 7 шілдеде Рауан Бірқұрманов отбасымен Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Исаево ауылының жанындағы тоғанға барған кезінде ата-аналарының қарауынсыз суға шомылған 10-12 жас мұғдарындағы балалардың кенеттен суға бата бастағанын байқап қалады. Рауан киімімен көмекке асығып, бір ұл бала мен қыз баланы судан шығарып алды. Әрі қарай ол тағы екі баланы құтқаруға тырысқан. Оларға қарай сүңгіп кетіп, қайтып оралмаған.
Осы жылдың 10 тамызында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Алматы қаласына барған жұмыс сапары кезінде Рауан Бірқұрмановтың отбасымен кездесіп, балалардың өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.