• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Тамыз, 2023

Байланыс сапасы жақсарады

178 рет
көрсетілді

4G байланыс буыны қазір ел азаматтарының 85 пайызы үшін қолжетімді болып тұр. Ол дәстүрлі байланыстан өзге цифрлық банкингтің лайықты деңгейде жұмыс істеуі үшін және мемлекеттік цифрлық қызметтерді пайдалану үшін қолжетімді. Ал байланыстың бесінші буыны – 5G желісін азаматтардың 15 пайызы тұтынып отыр.

 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Қазақтелеком» АҚ және ұялы байланыс опера­торларының өкілдері еліміз­де ұялы байланыстың қолже­тім­ділігі мен сапасына қатысты мә­селелерді талқылау барысын­да осындай деректерді келтірді. Қа­зіргі уақытта байланыс опера­тор­ларының жұмысы қосымша құрылғылар орнатуға және қа­зіргі жабдықтарды жаңғыртуға, сондай-ақ өңірлерде ұялы байланысты дамытуға бағытталған.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, Астанада қосымша құрылғылар орнатуды қажет ететін 600-ден аса орын бар. Оның 39-ы бойынша мәселе шешілді. Тиісті жұмыстар өңір­лер­де де жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, салалық ведомство әкімдіктермен, ұялы операторлармен бірлесіп жол картасына қол қояды. Алдағы бес жылда 5G желісі бойынша 3 мыңнан аса базалық станса құрылуға тиіс. Бұл – 5G бойынша өткізілген аук­циондардың нәтижесі.

– Биыл біз республиканың үш қаласында 5G желісін құрамыз. Қазіргі кезде 200-ден аса база­лық станса Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан және тағы басқа қалаларда құрылған, – деді «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асхат Өзбеков.

«Beeline Қазақстанның» бас атқарушы директоры Евгений Настрадин 250 және одан артық халқы бар елді мекендердің барлығында келесі жылдың соңына дейін үш ұялы байланыс операторы болатынын және клиенттер өз таңдауын жасайтынын жеткізді. «Біз 6 облыспен 250-ден аз адам тұратын елді мекендерге мобильді интернетті қалай тартуға болатыны туралы жол картасына қол қойдық. Бұл қиын, әрине. Дегенмен мемлекеттік бағдарламалар бізді жақсы ынталандырып отыр», деді ол.

Сонымен қатар ол былтыр ком­пания тұрғындардың келіс­пеу­­шілігіне байланысты үйлер мен ғимараттардың шатырлары­нан 300 базалық стансаны бөл­шектеуге мәжбүр болғанын да айтты.

«Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» компаниясы былтыр аукционда жеңіске жетіп, 5G технологиясын орнатуға мүм­кіндік алды. Бірінші кезекте бұл өсіп келе жатқан трафикті тиімді өңдеуге жол ашпақ. «Адамдарда трафиктің сапасына қатысты проблемалар болмас үшін жаңа технологияларды енгізу қажет. Бұл тұрғыда ең әлеуеттісі – 5G. Бүгінгі таңда 5G желілерін пайдалана алатын клиенттер саны  шамамен 15 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш ай сайын өседі», дейді «Мобайл Телеком-Сервис (Tele2/Altel)» бас директоры Сергей Коньков.

Өз кезегінде «Кселл» АҚ бас­қарма төрағасы Асхат Өзбеков мемлекет тарапынан рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету, ал қоғам тарапынан мобильді байланыс­ты бірінші қажеттілік құралы ретінде түсініп, қабылдау бойынша қолдаудың болғаны маңызды екенін атап өтті.

Телекоммуникация ин­дус­трия­сының өкілдері ғима­рат­­тарды жаңа инфрақұры­лым­мен жаб­дықтау қалалардың ин­фра­құрылым­дық кодына ай­на­луға тиіс деп санайды. «Қа­зақ­теле­ком» АҚ инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов компанияның бү­гінде 1 700 мың абонентке қыз­мет көрсететінін атап өтті. Оның ай­туынша, оптикалық желіде 1 абонент секундына шамамен­ 3,7 ТБ тұтынады. Яғни бір клиенттің трафигі айына 300 ГБ-тан асады. Еуропада бұл көр­сеткіш шамамен 270 ГБ-ты, АҚШ-та 580 ГБ-ты құрайды. Жал­пы, елімізде тұтыну нормалары өте жоғары. Ком­пания жаңа желілерді, атап айт­қанда, ұялы байланысты да­мыту үстінде. «Жиілік сызы­ғы­мен жоғары қозғалыс, яғни мил­лиметрлік диа­пазонға көшу ұялы байланыс операторларын үй-жайларға көшуге мәжбүр ете­тінін түсіну керек. Ал бұл ауқым­ды жұмыс», дейді ол.

Оның пікірінше, реттеушінің ғана емес, басқа да мемлекеттік органдардың күш-жігері қажет. «Олар да атсалысып, стандарттар мен нормаларды қайта қараса дұрыс болады. Тиісінше, барлық жаңа ғимарат, құрылыс жаңа инфрақұрылыммен жабдық­талуға тиіс. Бұл қалалардың ин­фра­құрылымдық кодына айналуы керек», деді Н.Мейірманов.

Вице-министр Асхат Оразбек­тің айтуынша, ведомство бизнес және әкімшілік ғимараттар ие­лерінің ұялы байланыс операторларына кіріп, жабдықтарды орнатуға, сондай-ақ осындай ғимараттардың ішінде сапалы байланысы бар сымсыз желілерді тартуға мүмкіндік беру міндетін заңнамалық тұрғыдан бекітуге бастамашылық жасайды.

– Мамыр айында «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгізілді. Оған сәйкес базалық стансаларды орнату үшін тұрғындардың 50 пайызы қолдауға тиіс. Бұған дейін тұрғындардың 70 пайызының келісімі қажет болатын. Сондай-ақ біз телекоммуникациялық жабдық орнату туралы шешім қабылдауды үйдің кеңесіне тап­сыру бойынша қосымша түзету­лер енгіздік. Бұлар Мәжілістің қарауында, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телеком­му­никация комитетінің төрағасы Ержан Мейрамов.

Министрлік 5G желісін сату аукционының нәтижесінде жаңа оператор пайда болуы мүм­кін екенін де мәлімдеді. Коми­тет төрағасының айтуынша, ведом­ствоның жалпы реттеуші ретін­дегі басты мақсаты – бәсе­ке­лес­тік орнату және оны одан әрі дамыту. «Осыған байланыс­ты екі мәселені айтып кеткен жөн. Біріншіден, Үкіметтің «Қа­зақтелекомның» ішінен екі мо­биль­ді оператордың біреуін шығару туралы нақты тапсырмасы бар. Қазіргі таңда инвес­торлармен жұмыстар жалғасып жатыр», деді Е.Мейрамов.

Сонымен қатар жыл соңына дейін осы 5G желісін сату мақ­сатында тағы да аукцион ұйым­дастыру жоспарланып отыр­ғанын, егер сол жақта басқа бір инвестор жеңіп алса, жаңа бір байланыс операторының пайда болуы әбден мүмкін екенін айтты.