• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 14 Тамыз, 2023

Қиын түйіннің күрмеуі шешіледі

205 рет
көрсетілді

Өңірде үш ауысымды мектептің мәселесі туралы кейінгі жылдары жиі айтылатын. Оған білім ошағының тапшылығын қосыңыз. Жаңа оқу жылы қарсаңында осы бір түйінді мәселелер туралы тарқатып айтудың реті келіп тұр.

Білім ошақтарындағы оқушы орнының тапшылығы Астананың іргесіндегі елді мекендерде де бар. Бұл тұрғындар санының жыл сайын еселеп өсуіне байланысты. Бүгінгі таңда өңірде үш ауысымда білім беретін екі мектеп – Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылының мектебі мен Қосшы қаласындағы №2 білім ошағы. Күрмеуі қиын осы түйінді шешу үшін Жібек жолы ауылында 300 орындық, Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Білім ошақтары осы жылдың тамыз айында толық аяқталып, оқушыларды қабылдамақ.

Сондай-ақ апатты мектептердің де бар екендігін айта кетуге тиіспіз. Мұндай мектептің саны – екеу. Олардың біреуі Жарқайың ауданындағы Бірсуат ауылында болса, екіншісі Біржан сал ауданына қарасты Бұланды елді мекенінде. Бұланды ауылында 800 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа білім ошағы 2023 жылы пайдалануға беріледі деп межеленіп отыр. Ал Бірсуат ауылындағы мектеп ғи­маратына күрделі жөндеу жұмысын жүр­гізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жаңа жоба­ның құны – 434,9 млн теңге. Қазір сараптамадан өткізілу үстінде.

Осы жылы өңірде 4 052 орындық 10 білім ошағы салынып жатыр. Өңірдегі білім саласына тың серпін беретін қамқорлық десек те артық емес. Мәселен, Қосшы қаласында 1 200, Целиноград ауданына қарасты Шұбар ауылында 300, Өтеміс ауылында 1 120, Жаңажол ауылында 80, Аршалы ауданына қарасты Жалтыркөл ауылында 300, Көкшетау қаласында 300 және 1 200 орындық екі мектеп салынбақ. Сон­дай-ақ Степногор қаласының ірге­сін­дегі Бестөбе кентінде 300 орындық бі­лім ошағы бой көтермек. Жаңа оқу жылына дейін ұзын-ырғасы 2 092 орындық бес бір­дей білім ошағы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Осындай жағымды жа­ңалықтарға жеке инвестициялар есебінен Қосшы қаласында салынған 1 500 орындық мектепті қоссаңыз, биылғы жылы қыруар шаруа атқарылғандығына көз жеткізер едіңіз.

Білім саласындағы ілгерілеуге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы септігін тигізіп жатыр. Мектептердегі орын тапшылығын жою мақсатында өңірде 2025 жылға дейін 22,6 мың оқушыға арналған 18 мектеп салу көзделген. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, білім саласы соны серпінге ие болмақ.

 

Ақмола облысы